«Алып – анадан туады» деген мақал бар халық арасында. Өз заманында халықтың анасы атанған абзал жан – Домалақ ана кесенесі «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасына енген қасиетті мекен.
Оның адамгершілігі, әдептілігі, парасаттылығы мен шыншылдығы және аналық қасиетінің арқасында «Домалақ ана» аталуы жайлы көптеген аңыздар бар. Домалақ ана қайтыс болғаннан кейін басына төрт қанатты күмбез орнатылыпты. 1906-1908 жылдары Ресейден қоныс аударып келген орыстардың тобыры күмбез-ескерткіштерді талқандап тастаған. 1908 жылдың жазында ақын Орынбай Тайманов (1867-1949) жаңа ескерткіш күмбез салдырады. 1942-1943 жылдары Шошқабұлақтың басқа этнос тұрғындары оны тағы да бұзып тастайды. 1957 жылы қайтадан жаңа күмбез салынады. 1998 жылы Домалақ ана кесенесі жаңартылып, ХХІ ғасырдың басында айналасын көркейту-көгалдандыру жұмыстары аяқталған. Домалақ ана ай келбетті ақылгөйлігі мен күн дидарлы мейірбандығы және кіндігінен өрбіген ұрпағының кең етек жаюына орай Жетісу, Әулиеата, Шымкент, Ташкент өңірлерін мекен еткен барлық халықтың анасы саналады.
Домалақ ана – ең алдымен, Алланың нұры төгіліп, ұрпағы бірнеше тайпаға айналған елдің анасы. Ол кезінде батыр әрі би болған тарихи тұлға Бәйдібектің үш әйелінің бірі болған. Бүгінгі Албан, Суан, Дулат тайпалары Домалақ анадан туған Жарықшақтың кіндігінен тараған.
Ел аузындағы әңгімелер мен зерттеу еңбектерде Домалақ ананың өмірі мен өмір сүрген кезеңі жайлы күні бүгінге дейін жүйеге түскен пікір, тоқтам жоқ. «Түркістандағы Яссы қыстағында дүниеге келген» деген тұжырымның өзі әлі де дәлелдеуді қажет етеді. Ананың азан шақырып қойған аты туралы да түрлі пікірлер бар. Мәселен, Кенен Әзірбаев Домалақ ананың шын атын Нұрила (біз мақаламызда осы есімді алдық – З.Қ.) деп атаса, шежіреші И.Үсіпұлының нұсқасында ол Бибімәриям деп айтылған. Жүсіпбекқожа Шайқысламның шежіресінде тума аты Нұрбүбі деп көрсетіледі. Шежіреші Көпжасар Мәденұлы баян еткен аңыз-әпсанадан Домалақ ананың аты – Мейір бегім болғанын аңғарамыз. Бәйдібекпен некесі қиылғаннан кейін ол Мейір бибі атанады. Домалақ ана басына орнатылған кесене Бәйдібек ауданындағы Ақбастау ауылынан үш шақырым оңтүстік-шығыстағы Бала Бөген өзенінің бойында орналасқан. Аумағы төрт гектарлық қорымның айналасы қоршалып, кіреберіс қақпасы алдына түрлі ағаш пен гүлдер отырғызылған. Үлкен қақпадан кірген соң, сол қапталдағы тоғайлы алқапқа 2000 жылғы 28 сәуірде «Бөбек» қорының президенті Сара Назарбаева ағаш отырғызып, кейін ол «Аналар аллеясы» деп аталды.
Ал «Бабалар сөзі» 100 томдығынан Домалақ ана туралы бірнеше мақала оқыдық. Сол аңыздардың бірінде Нұрила анамыздың атасы Мақтым Ағзамның түс көргендігі айтылады. Түсінде Қожа Ахмет Яссауи баба аян беріп: «Жалғыз немере қызыңа әулиелік дарып, бақ қонады. Оның білегінен кім ұстаса, сол адамға қос! Үбірлі, шүбірлі бақытты болады», – депті. Ояна кетсе, түсі екен. «Иә, Құдай, осы түсімді Пайғамбардың өзі жорып, қызымды бақытты қыла гөр, аумин!» – деп бата қылыпты. Ол уақытта Нұрила сегіз жаста болса керек, мешітте дәріс алып жүрген кезі екен.
Жылдар жылжиды. Нұриланың жасы он төртке толады. Бір күні Нұрила құдыққа суға барады. Ол уақытта суды түйе мойнақ қауғамен тартатын. Нұрила қауғаны құдыққа түсіріп, су тола түйе мойнақты кері тарта бергенде, шығыр ағытылып кетіп, қауға-мауғасымен қыз терең құдықтың түбіне күмп ете түседі. Бұл жайтты ойнап жүрген балалар көріп, ауылға хабар береді. Құдық басына елден бұрын жеткен Бәйдібек құдыққа еңейіп қараса, қыз қауғадан ұстаған күйі су бетінде қалқып тұр екен. Нұриланы құдықтан тартқан Бәйдібек қыз құдық аузына жеткенде білегінен ұстап шығарады. Мұздай суға тоңып қалған Нұриланы Бәйдібек шапанына орап, атасының үйіне апарады. Келесі күні Түркістаннан Нұриланың Мақтым атасы келеді. Мәселенің мән-жайына қаныққан ақсақал бірде көрген түсін есіне алып, Қожа Ахмет бабасының аяны бойынша немересінің білегінен кім ұстаса, сол адамға ұзатуы тиіс екенін айтады. Келесі жылы Нұриланы Бәйдібек биге ұзатып, бірнеше күнге ұласқан той болады.
Домалақ ананың даналығы, парасаттылығы туралы тағы бір аңызды «Бабалар сөзі» жинағында кездестірдік. Онда: «Ертеде Сыр бойында Бәйдібек деген бай өмір сүріпті. Екі әйелі болыпты. Тоқалы аласа бойлы, толықша әйел болғандықтан жұрт оны «Домалақ» деп атап кеткен, шын есімі Бүбіжар екен. Бүбіжарды бертін келе ақыл-парасатына қарай ел құрметтеп «Домалақ ене» деп атаған.
Бәйбіше тұрғанда тоқалға күн бар ма? Үлкен әйел күндестігін жасайды. Бірде бәйбіше түнде Домалақ ананың үйіне түйе болып келіп сүйкенеді. Сонда бәйбіше екенін біліп жатқан, Домалақ ене төсегінен тұрмай:
– Атшу-атшу, жануар, түйемісің, мыңға жеткін, қастық еткен адам болсаң, жаман ниетің өзіңді атсын! – деген екен.
Күндердің бір күнінде ауыл көшеді. Бәйдібек бай балаларын ертіп, ертерек қоныс таңдауға кетеді. Бәйбіше Домалақ енені жұртқа тастап кетеді. Біраз уақыттан кейін ауылды шабуға келе жатқан жаудың қарасы көрінеді. Жұртта жалғыз қалған Домалақтан жөн сұрайды. Оларға басқа жол көрсетсе де, жау көштің ізіне түсіп, ауылды шауып, барлық жылқыларын айдап әкетеді.
Кері келе жатып, ескі жұртта қалған Домалақ ананы көріп, жау басшысы аяушылықпен:
– Мына олжадан қалағаныңызды алыңыз,- деп ұсыныс жасайды.
Сонда Домалақ ене:
– Онда ана жал-құйрығы ұйысқан кәрі арық, сары биені қалдырып кетіңдер, – дейді.
Шапқыншылар биені қалдырып кетеді. Сол күні түс ауа Бәйдібек ұлдарымен жаудың артынан қуып келеді.
Жолай жөн сұрағанда Домалақ ене:
– Сендер жауды қумаңдар, олар көп, босқа мерт боласыңдар! Мына сары бие тұрғанда жылқы ешқайда кетпейді. Кешке өз аяқтарымен қайтып келеді, – дейді.
Олар Домалақ ананың айтқанына құлақ аспай жаудың ізіне түсіп, артынан қуып барып, ұрыста бірқатары қаза табады. Ал жылқылар жаудың айдауына көнбей, жан-жаққа бытырап, сол күні кеш қарая сары биеге келіп шұрқырай жиналады.
Міне, осындай көптеген тапқыр да ақылды істері арқасында Домалақ ана халық арасында аңызға айналып, үлкен беделге, сый-құрметке ие болған деседі.
Домалақ ана бұлағы кесенеден 700 метр оңтүстікте орналасқан. Бала Бөген өзені бойында аумағы – 3,5 х 2,0 метр, биіктігі 1,0 метр бұлақ көзі көк гранит таспен қоршалған. Өзен жағасындағы алқап темірмен қоршалып, айналасына гүлдер мен ағаштар отырғызылған. Бұлақ пен өзен суының ортасындағы 6 метрлік алаңға зиярат етушілер үшін арнайы орын жасалған.
Біз шырақшы Бөгенбай Сұлтанбеков деген азаматпен таныстық. Ол бұлақ басын күтіп-баптайды екен. Шырақшының аңыз-әңгімесіне қарағанда, Домалақ ана толғатып, қатты күйзелген кезде өкшесін жерге шірене тірейді. Сол кезде дүниеге перзент келіп, ананың өкшесі тиген жерден су шығады. Жарықшақ баба солай туған екен. Өкшесі тиген жерден шыққан суға баласын жуындырып, ананың өзі де осы сумен тазаланады. Міне, содан бері бұлақ көзі тартылмай, келіп-кетушілердің зиярат орнына айналыпты. Талай адамдар бұлақ суынан шипа тауып, арнайы алыстан ат терлетіп келіп жатады. Ел аузына аңыз болып тараған бұлақ суының шипасы мол, ел қасиетін жоғары бағалайды. Бұлақ суының қасиеті – көз, ішкі ағза ауруларына, қол мен денеге шыққан аллергия, қышыма, ұшынған сияқты тағы басқа түрлі жараларға шипа. Шаршаған жанды сергітіп, денені қыздырады. Судың басты қасиеті – адам бойын тазартады. Домалақ ана кесенесіне арнайы келгендіктен, екі шелек мұздай суды арнайы орынға барып үстімізге құйып жібергенде біз де осындай сезімге бөлендік.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.