«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕР — БАҒАЛАЙ БІЛГЕНГЕ ҚҰТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жер – еліміздің басты байлығы. Бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұрпағына аманат еткен ұлан-ғайыр жерімізді бүгінгі таңда тиімді пайдалана алып отырмыз ба?

Бүгінгі ұрпақ үшін оның әр сүйемін кү­тіп-баптап, ұтымды пайдалану арқылы ел кәдесіне жарату – қасиетті парыз. Келер ұрпаққа оны қандай күйде жеткіземіз, мені осы жағдай алаңдатады. Менің мамандығым агроном. Қырық жылдан артық уақыт бойы ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқардым. Қызмет жолым бөлімше агрономынан басталып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бірінші орынбасары лауазымымен тамам­далды. Сондықтан жер мәселесі мені қатты толғандырып, тереңнен ойландырады.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қолға алынған жекешелендіру тұсында мем­лекет мал мен дүние-мүлікті еңбек ұжымының иелеріне берді. Осы тұста халық оны игілікке жаратудың жолын түсінбей абдырап қалды. Ауыл жұртының дені жер үлестерін қожалықтарға сеніп тапсырды. Басшылыққа арнайы білімі, басқару қабілеті жоқ адамдардың келгені де жағдайды біршама қиындата түсті. Қажетті техникалар да болмады. Сол кезде елімізге келген шетелдік ірі компаниялар халықтың жерлерін жалға ала бастады. Біраз жылдан соң сол алпауыт компаниялар құнарлы жерді пайдаланып, кейін іздерін суытқанын жақсы білеміз. Осылайша шаруашылық байлығы талан-таражға түсіп, пысықайлардың меншігінде кетті. Шашау шығармай, жер үлестеріне ие бол­ғандар да бар. Мен 12 жыл басқарған Қызылжар ауданындағы “Озерный” кеңшары 3500 гектар жерден мыңдаған тонна дәнді дақылдарды айтпағанның өзінде, 330 гектар танаптан – 3500 тонна картоп, 160 гектардан тонналап қырыққабат, сәбіз, қызанақ, тағы басқа өнім алушы еді. Сонымен қатар кеңшарда 600-800 бас ірі қара, 90 бас асылтұқымды жыл­қы болды. 1500 гектар егістіктен жыл сайын 20 центнерден өнім жиналатын. Бұдан бөлек, шаруашылық ауылдағы әлеуметтік нысандарды күтіп, ұстауға қолдау көрсетіп тұрды. Бүгіндері кеңшардың орнында үш шаруашылық жұмысын жүргізуде. Өкінішке қарай, жерді тиімсіз пайдаланған бұл агро­құ­рылымдар тек егін егіп, аздап картоп отырғызумен шектеледі. Қара мал ұстап, ел тұрғындарын жыл он екі ай жұмыспен қам­туға ниет танытпауда. Азды-көпті жерден алған өнімдерінің игілігін оның қожалары көреді. Жалпы ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажына олар бас ауыртып жатқан жоқ.
Азық-түліктің, әсіресе, ет пен сүттің 70-80 пайызын ауылдағы жеке шаруалар өндіреді. Бүгіндері тұрғындары қалаға үдере көшіп, құруға шақ қалған ауылдардың саны жыл санап артуда. Ауыл жастары жұмыс іздеп, лек-легімен сыртқа кетіп жатыр. Елді мекенде қарттар ғана қалуда. Балалар саны күрт азаюда. Көп жерлерде мектептер жа­былып қалды. Мұндай жағдайлар адам­ның еңсесін езіп, көңілін жабырқатады. Өшкені қайта жанып, істері алға баса бастаған бір-екі ауыл бар. Іскер азаматтар басқарған кейбір шаруашылықтардың арқасында елді мекендердің екінші тынысы ашылды. Мысалы, Аққайың ауданындағы Дайындық, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Ноғайбай ауылдарының бағы жанып, алдыңғы қатарлы елді мекендерге айналды. Осы азаматтардан үлгі алушылар көп болса, қандай ғанибет!
Жуырда облысымыздағы жеті шаруа­шылықтың бірнеше талап бойынша үз­діктердің қатарына кіргені туралы жаңалықты оқып, ойға қалдым. “Өзім білмеймін, білгеннің тілін алмаймын” деген қожалықтардың басшылары ауылды қамқорлыққа алу былай тұрсын, жергілікті тұрғындарға қолдау көрсетпей отырғаны жанға батады. Жаңа технологияның не екенін түсінбейтін, ескі техникамен жерді де, елді де тоздырып отырғандар әлі де аз емес.
Жалға берілген 49 жылдың жартысынан астам уақыты өтті. Алайда, егіншілік мәдениетін арттыру, ауыспалы егіс жүйесін игеру, сорт жаңарту, ауыстыру, тыңайтқыштарды тиімді пайдалану, ғылыми жаңалықтарды қолдану, бақылау, тексеру, сараптау жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп жатқан жоқ. Елімізде көптеген алқаптардың дұрыс пайдаланылмағандықтан арамшөп қаптап, азып-тозып жатқаны анық. Жерді мақсатсыз пайдаланып жүрген диқандар мемлекет қолдауы мен озық технологиялар, ғылымның жетістіктері арқылы ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің өнімін көбейтуге, агротехникасын жаңартуға мүмкіндік алар еді.
Шаруа қожалықтарынан мемлекет жалға берген жерлердің пайдаланылуы туралы сұрайтын уақыт жетті. Жекеменшіктегі мал шаруашылығын дамытуға арнаулы құрылым қажет. Яғни, жемшөп, сабан, жем дайындайтын, ұрғашы малды ұрықтандыратын, мал өнімдерін сатып алатын, ветеринарлық көмек көрсететін кооперативтер құрылса, құба-құп болмақ. Ондай жерлерді қайтарып алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бірақ бұл іс кең көлемде, батыл да тез жүргізілсе дұрыс болар еді.

 

Болат САҒЫНДЫҚОВ,  еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp