Түс кезінде “Көкшетау-Омбы” тас жолындағы өз учаскелерінде Чкалово мен Ильичевка ауылдарының арасында кезекшілікте жүрген облыстық полиция депратаментінің патрульдік полиция батальонының полицейлері полиция кіші лейтенанты Асхат Камалиев пен полиция аға сержанты Станислав Сакс жол шетінде тоқтап тұрған «Volkswagen Golf» автокөлігін байқайды. Белгілі болғандай, жүргізуші Көкшетау қаласына жүкті әйелді ультрадыбыстық зерттеуден өткізуге апара жатқанда көліктің дөңгелегі жарылыпты.
Тәртіп сақшылары жүргізушіні Чкалово ауылындағы шина жинақтау пунктіне жеткізіп, жарылған дөңгелекті жаматады. Одан кейін автокөлікті жөндеуге көмектесіп, көрші облыстың шекарасына дейін жеткізіп салды.
Облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары полиция капитаны Рүстем Есбердиновтің айтуынша, жыл басынан облыс жолдарында тәртіп сақшылары көптеген азаматтарға көмтескен. Өткен мамыр айында Тайынша ауданында мектеп оқушылары мінген автобус өртке оранып, абырой болғанда, батальон қызметкерлері барлығын аман алып қалды. Шілде айында Петропавл қаласы маңында саңырауқұлақ теріп жүріп өзін нашар сезінген 45 жастағы ер адамды екі патрульдік инспектор ауруханаға жеткізді.