Халқымыздың өзіне ғана тән ұлттық спорт түрлері бар. Олардың бірқатары жылқымен тікелей байланысты. Аударыспақ, көкпар, теңге iлу, құс салу, қыз қуу, бәйге, жамбы ату, сойылдасу – мұның барлығы ат үстiнде өтетiн сайыстар. Тәуелсіздік алғанға дейін кейбiреулерiнің ұмытылып қалғаны рас. Осыдан екі жыл бұрын ашылған ат спорты клубының директоры Руслан Пішембаев атап өткендей, соңғы уақытта ата дәстүрді дамытып, қайта жаңғыртуға ерекше мән берілуде.
– Дала қазақтарының ғұрпынан қай заманда да жоғалмаған ұлттық ат спорты түрлері бүгінде өңір тұрғындарының сүйіп тамашалайтын төл ойындарына айналды. Әсіресе, соңғы жылдары көшпенділер ойындарын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет қолдауының арқасында аламан бәйге, көкпар, жорға жарыс біздің елімізде ғана емес, шетелде де танымалдыққа ие болуда. Жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасап, жеңіске деген ерік-жігерін баулып, тарих пен салт-дәстүрді құрметтеуге үйрететін төл өнерге Қызылжар өңірінде де ерекше назар аударылып келеді. 2008 жылы Бескөл ауылында ат спорты түрлерінен балалар мен жасөспірімдер мектебі, ал 2017 жылы “Тұлпар” ат спорты клубы ашылды. Осылайша, облысымызда ұлттық спорт түрлерін дамытуға серпін берілуде, – дейді Руслан Болатұлы.
Қызылжар ауданының орталығындағы “Құлагер” ипподромында орналасқан оқу-жаттығу базасында қазіргі таңда 35 солтүстікқазақстандық жаттығуда. Төл өнерді таңдаған бұл спортшылар 7 тәжірибелі бапкердің қарамағында көкпар, аударыспақ, теңге алу және жамбы атудың қыр-сырын меңгеруде. Есенгелді Құсбеков клуб тәрбиеленушілеріне көкпар мен жамбы атудан тәлім берсе, Санат Есмағұлов теңге алуға баулиды. Мақсат Азбаевтың есімі де жұртшылыққа жақсы таныс. Ол – биыл өткен барлық ел біріншіліктерінде теңге алу сайысында бас төреші болу құқығына ие болған тәжірибелі маман. Жамбы атудан облыстың үш дүркін жеңімпазы ел біріншіліктерінде әділ төрелік еткені үшін 2014 жылы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының “Алтын тұғыр” сыйлығын иеленді. Ал оның әріптесі Еркебұлан Дүйсеков көкпаршылар арасындағы “Ең үздік қорғаушы” аталымында жеңімпаз атанды.
– Бәйге, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу секілді халыққа бұрыннан таныс ат ойыны түрлерімен бірге, асау үйрету де қолға алынып жатыр. Әрине, мұның барлығы ұлтымызға етене жақын байырғы дәстүріміз. Дүбірлі додаларда ешкімнен кем түспеу үшін барымызды салып, жаттығамыз, – дейді Мақсат Қажғалыұлы.
Солтүстікқазақстандық спортшылар “ЭКСПО – 2017″ халықаралық көрмесі аясында өткен жарыстарда және “Ақбидай” республикалық ойындарында өңiр намысын абыроймен қорғады. Клуб мүшелерінің арасында спорттық сайыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүргендер аз емес. Атап айтқанда, Қызылорда облысында өткен жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде жерлестеріміз сәтті өнер көрсеткен болатын. Аударыспақта сынға түскен Жасылан Мағжанов, Мейірбек Бимағамбетов пен Нарбота Босов 50, 70 және 80 килограмм салмақ дәрежесінде қола медальға ие болды. Бұл сында тағы бір жерлесіміз Виктор Тимофеев төртінші орынға табан тіреді. Сол жолы үш жерлесіміз спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындады.
Қазіргі уақытта клуб қарамағында он шабандоз бар. Шетінен “сен тұр, мен атайын” деген құрыш білекті көкпаршылар. Соңғы жылдары көкпар ойынына енгізілген ережелерге сәйкес қазандықтардың орнына шеңбер қолданылуда. Сол себепті клуб басшылығы жарысқа шыдамды әрі жүйрік тұлпарларды қосады.
Қызылжарлық көкпаршылар ел біріншіліктерінде сәтті өнер көрсетіп жүргенін де айтып өткен жөн. Жамбыл облысының Тараз қаласында ұлттық ат спорты түрлерінен өткен Қазақстан чемпионатында өңір намысын қорғаған петропавлдық ұжым 15 команданың ішінде бесінші орынға ие болды. Сайыс барысында ат құлағында ойнаған шабандоздарымыз Қостанай, Алматы, Павлодар және біріншіліктің басты фавориті – Қызылорда қаласының өкілдерінен басым түсті. Көкпар ойындары кенже дамыған өңірдің мұндай жетістігі еселі еңбекпен келген зор қуаныш.
– Бүгінде әр өңірдің өз клубы бар, біреуін де осал дей алмаймыз. Барлығы да мықты бәсекелестер. Ел біріншілігі секілді тартыстарда облыстық көкпар құрама командасы үздіктердің қатарынан көріну үшін аянып қалмауда. Аударыспақ пен аламан бәйгеде де жұлдызды сәттеріміз аз емес. Ұлттық төл өнер арқылы рухы биік азаматтар қатарын көбейтуді көздейміз, – деп ағынан жарылды Руслан Болатұлы.
Қазіргі уақытта өңірімізде ат спорты түрлерін аудандарда да дамыту көзделуде. Қызылжар, Аққайың, Тайынша, Ақжар, Уәлиханов және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда клубтың филиалдары бар. Онда 60-қа жуық балғын ат спорты түрлерінің қыр-сырын меңгеруде. Алдағы жылы Шал ақын мен Жамбыл аудандарында да осындай бөлім ашу жоспарлануда.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.