Алғашында “Кедей сөзі”, кейін “Бостандық туы” деген атауларды иеленген “Soltústik Qazaqstan” газеті 1928 жылдың 14 қарашасынан “Кеңес ауылы” деген атпен шыға бастады. Басылымның атауы неліктен өзгергендігі жөніндегі мақалада мұның себебін айтып өтеді: “Бүгін округтен шығатын газетіміздің атын өзгерттік. Неге өзгертеміз, “Бостандық туы” жақсы ат емес пе еді, дейтіндер болар. Оның мәнін айтайын. “Бостандық туы” 1921 жылдан шыға бастады. “Бостандық туын” алғашқы кезде шығара бастаған ұлтшыл – байшылдар болатын. Мағжан және Мақан сияқтылар болатын. Ол кезде газетке партия басшылығы болмайтын. Мағжандардың не оймен “Бостандық туы” деп атағаны бізге қараңғы.
“Бостандық туы” деген атты екі түрлі түсінуге болады деп жазылған мақалада, бірінші, байлардың бостандығының туы, екінші, еңбекшілердің бостандығының туы. Алғашқы уақыттан газетті басқарған Мағжандар болғандықтан қай “Бостандық туы” деп атағандығын біз білмейміз. Бұдан “Бостандық туы” газеті байлардың бостандығын көкседі, солардың құралы болды деген сөз шықпайды. Тек атының қолайлы еместігін айтқымыз келеді. Сөз жоқ, “Бостандық туы” кейінгі жылдары көп жұмыс бітірді. Партияның үлкен бір құралы болды. Тұрмыстың айнасы болды. Еңбекші жұрттың көз-құлағы болды. Өткен жылы ірі-ірі науқанды жұмыстар атқаруға көмегін көрсетті.
Осы күні партия, әсіресе, ауыл мәселесінде жаңа жол, жаңа мақсаттар қойып отыр. Ауылды кеңестендіру, кедей-батырақтарды ұйымдастыру, байларға қысым көрсету, тағы-тағы басқалар… Қысқасын айтқанда, қазіргі мақсат – ауылды кеңестендіріп, социализм жолына түсіру. Міне, осы мақсаттарды орындау көзімен қарағанда да газетіміздің “Бостандық туы” деген аты қолайсыз. Екінші жағынан – ескірген ат. Сондықтан газетіміздің атын өзгертіп отырмыз. “Кеңес ауылы” деген ат қойып отырмыз. Газеттің атын өзгерту жұрттың қалауына салынып еді. Жұрт мақұл көрді. “Кеңес ауылы” атансын деді. Оны округтің партия комитеті де дұрыстап отыр. Сондықтан газетіміз “Кеңес ауылы” болып аталып отыр. Ендігі тілек – “Кеңес ауылы” жұрт арасына кең таралсын, көркейсін, ауылды кеңестендіріп, социализм жолына салынсын. Ендігі тілек осы болуы керек. Жұрт көмек берсе, партия басшылық қылса, “Кеңес ауылы” бұл тілекті орындайды”.
Бұл кезде елде тап күресі шиеленісті. Капиталистер Кеңес мемлекетінің 1928 жылғы астық жөніндегі қиыншылықтарын пайдалануға тырысты. Ауыл шаруашылығының жалпы артта қалғандығына Украинаның оңтүстігі мен Солтүстік Кавказда астықтың өспей қалуы қосылды. Кулактар мен байлар Кеңес өкіметінің белгілеген бағасымен мемлекетке астық сатудан бас тартты. Олар астығының артығын дайындау мекемелеріне сатқан орта шаруаларға күн көрсетпеді. Партия мен Кеңес өкіметі байлар мен кулактардың қарсылығын басып тастады. Олардың артық астықтарын тәркілеу, сотқа тарту, салық салу арқылы алды. Міне, осы астық дайындау науқанының барысын, оның нәтижесін округтік “Кеңес ауылы” газеті үзбей жазып отырды.
Газеттің 16 ақпандағы (№12) санында “6 күнде дайындалған астық” деген мақала жарияланады: “Январьдың 25-нен 31-не дейін барлық дайындалған астық – 5701 тонна болған. Мұның ішінен 392 тоннасын астық дайындау союзы даярлаған, 2193 тоннасын кооператив союзы даярлаған, 3116 тоннасын кооператив ұйымы дегендер даярлапты”. Қызыләскер ауданында 90 мың пұт астық дайындамақшы екендігі, Көкшетау ауданында астық дайындаудың 86 пайызының орындалғаны жөніндегі де мәліметтер берілген. Ал газеттің №18 (682) санында “Соңғы бес күнде бәсеңсіп кетті” деген тақырыпта хабар берілген. Онда “Қызылжар округінде 10 февральдан 15-не дейін 305 мың 854 пұт астық дайындалды. 15 февральдан 20 февральға дейін барлық дайындалғаны 199 мың пұт. Былай айтқанда, алдыңғы бес күндегі дайындалған астықтан соңғы бес күнде 34 процент кем дайындалып отыр…”, делінген. Сөйтіп, газет астық дайындау науқанына көп көмегін тигізіп отырған. Осы жылдары егіс науқанына әзірлік, оны ұйымшылдықпен өткізу жұмыстары да “Кеңес ауылы” газетінің беттерінде үзбей берілді.
1929 жылдың сәуірінде өткен одақтық XVI партия конференциясында халық шаруашылығын өркендетудің бесжылдық жоспары (1928/29-1932/33 жылдар), ауыл шаруашылығын көтеру жолдары, бюрократизммен күресудің қорытындысы мен таяудағы міндеттері, партия мүшелері мен кандидаттарының қатарын тексеріп, талдау мәселелері қаралған. Міне, осыған байланысты “Кеңес ауылы” газетінің маусым айындағы №42 (706) санында “Одақтық 16 партия конференциясы не айтты?” деген тақырыпта мақала жарияланды. Онда: “Жуырда одақтық 16 партия конференциясы болып өтті. Конференция социалдық құрылысты ілгері бастырып, халық шаруашылығын қайта құру турасындағы 15 партия съезінің алған жолымен істеліп келген жұмысын көзге көрсетіп, бұдан да тереңдетіп жүргізуге нұсқау берді. 16 конференцияда қаралған ең маңызды мәселе халық шаруашылығының 5 жылдық жоспары туралы. Шынында да, Кеңес Одағында социалдық құрылысты өркендетіп, социалдық шаруаны құрудың жолы еді бұл…” делінген. Газет бұдан былайғы материалдарында бесжылдық жоспардың орындалу барысын кеңінен көрсетіп отырған. Бірінші бесжылдық жоспар мерзімінен бұрын, төрт жыл үш айда орындалған, осының бәрін “Кеңес ауылы” газеті жазып отырған.
XVI партия конференциясы партия ішінде жаппай тазалау жүргізу, партия мүшелері мен кандидаттарын тексеру туралы қаулы қабылдады. Ондағы негізгі мақсат – партияны жат және азғынданған адамдардан арылту деп атап көрсетілген. Осыған байланысты “Кеңес ауылы” газеті “Партия тіршілігі” деген бөлім беріп тұрды. Бұл бөлімде жақсы партия ұяларының, жеке партия мүшелерінің жұмыстарын үлгі етіп жазса, кемшіліктерді, жеке коммунистердің қоғамға жат қылықтарын әшкерелеп отырды. 1929 жылғы газеттің 21 санында осы бөлімде берілген “Беталыстары жақсы” деген материалда былай делінген: “Октябрь ауданында 2 нөмірлі ауылда 1926 жылы ашылған 2 санды партия ұясы бар. Бұл ұяның 1928 жылы 19 мүшесі, 5 кандидаты болды. Барлығы 24. Мұнда әйелі 3. Жылдың аяқ кезінде кандидатқа алынғаны 3. Әзірге беталыстары жақсы. Алдағы жұмыстарына жоспар жасап отырады. Айында екі рет жыйлыс болып, мүшелер арасында баяндама тыңдасып тұрады…”
Осы сандағы “Діншіл коммунист” деген мақалада Еңбекшілер ауданының мұғалімі Қопабай Жұмабайұлының Қызылжарға келіп ораза айтына енгені, үй аралап аят оқығаны сыналған. “Мұндай адам балаларға қандай тәрбие бере алады?” дей келіп газет, коммунист деген атты былғап жүрген адамды партия ұясы тексеру керек, – деген. Газет бетінде “Партия қатарын тазалау туралы” (№22), “Партия қатарын тексеріп, тазалау тәртібі” (№43), “Коммунистеріміз саяси білімдерін молайтсын” (№80) және тағы басқа тақырыптарға партия тұрмысынан материалдар жиі беріліп тұрған.
Сол сияқты комсомол тұрмысы да газет назарынан тыс қалмаған.
Кеңес өкіметінің “Билік – кеңестерге, жер – шаруаларға!” деген ұранын басшылыққа алған шаруалар, ең алдымен жерді бөліске салды. Сөйтіп, қазақтың әлді шаруаларының жерлеріне енді кедейлер мен батрактар ие болды. Содан кейін олар бірігіп, ауыл шаруашылығы артельдерін құра бастады. “Кеңес ауылы” газеті артельге ұйымдасудың барысын, алғашқы табыстар мен кемшіліктерді жазып отырды. “Артель жұмысы өркендетілсін!” деген айдар үнемі жарық көріп тұрды. 1929 жылғы 2 наурыздағы газет санында (№17) “Басшылық көрсеткен жөн” деген тақырыпта мақала жарияланды. “Қызылту” ауданында: “бірінші ауылдағы Айтбай шаруашылық ауылынан ашылған “Өрнек” атты шаруашылық артель бар. Мұның барлық мүшелері 20, басқарма мүшелері 5 адамнан құралған. Алдағы шаруасын өркендету үшін артель мүшелерінің жыйлысын жасап округтік жер бөлімінен трактор сұраған еді. Бірақ қаулының кемшілік жері болғандықтан, қаулымызды бекітпеген. Бұл туралы артель мүшелерінің арасындағы кейбіреулерінің көңілі қалып, 8 адам артель мүшелігінен шығып отыр. Бұл артельден шығып отырғандар, әрине, түсінбегендіктен шығып отыр. Сондықтан бұл артельдің жұмысына басшылық жасап аяққа бастырып жіберген жөн. Әйтіке ұлы И.”, – деп жазады автор.
Петропавл округіндегі 1929 жылғы тағы бір саяси науқан – жергілікті өкімет сайлауы болды. Бұл туралы газеттің әрбір санында “Кеңес сайлауы” деген айдармен материалдар беріліп отырылды. 1929 жылғы газеттің оныншы санында “Ауылдық кеңес ағасы жалшыдан болды” деген хабар жарияланған. “Төңкеріс ауданында: 7 нөмірде ауылдық кеңес сайлауы болып, кеңес ағасына жалшы Нұрахмет жолдас сайланды. Мұнда 43 мүше, (20 қосшы, 10 комсомол, қалғандары әйел) қатынасты. Сөйтіп сайлау өте көңілді өтті. Сәду”, – делінген мақалада. “Сайлау аса көңілді өтті”, “Жалшы кеңес ағасы болды” (№10), “Кеңес сайлауының барысы” (№12) деген материалдарда сайлаудың барысы айтылған. Ал ел ішінде сайлауға кедергі жасап, не оған өздері сайланбақшы болған адамдарды газет сынға алып отырған.
Газетте Кеңес өкіметіне нұқсан келтіріп, оның беделін түсіру, халық наразылығын тудырып, болашаққа сенімін кетіру мақсатымен байлар мен “мырзалар” топ-тап жігіт ұстап, қаруланған бандылар ұйымдастырды, ұрлық-барымта сияқты қылмыстар жасап, қолдан келген зиянкестіктерін істеген деп те жазылған.
Газет әйел теңдігі мен қалыңмал мәселесін көп көтерген. “Еңбекшілер ауданында 1 ауылдағы Баймырзаұлы Смағұлқызы Бәтесті 27 жылғы 3 нөмірдегі “Шағырай” ауылындағы бір адамға берген болатын. Смағұлдың қоңыр қасқа бұзаулы сиыр, 5 жасар торы айғырды қалың малға алғандығы анық айқындалып, ауылдық кеңес ағасы Мұсабайұлының қолына беріліп еді. Сол жылы Ескен Айтмұқанбетұлы деген милиция және келіп айқындаған болатын. Тергеуде айқындалған қылмысты істен күні бүгінге дейін дерек жоқ. Сірә, Ескен милиция “суық қол” жүргізбесе жарар еді?.. деп жазып “Қарындас” деп қол қойыпты автор газеттің 10 (1929 ж.) санында жарияланған “Қалың мал алғандығы анықталса да істен әлі дерек жоқ” деген мақалада.
“Еңбекші шаруа әйелдер! Егістік өнімін арттыруға, поселкені социалдық жолға салуға белсенділік көрсет! Кооператив ұйымдарына, шаруашылық артельге қатынасып ұйымдас! Құрысын қалың мал! Көп қатын алу, бай, молдалардың шырмауынан шығуға Күн шығыс әйелдері қарсы аттан! Білімге ұмтыл! Теңдігіңді ал! – деп жазған газет.
Маскүнемдікке қарсы күрес – “Кеңес ауылы” газетінің көтерген мәселелерінің бірі. Газеттің 1929 жылғы 6 наурыздағы санында (№18) “Маскүнемдікті жоюға бүкіл еңбекшілер ат салыссын” деген материал басылған. “Орталық партия комитетінің үгіт бөлімі маскүнемдікпен күресетін қоғамдарға әдейі хат жазып, олардың алдағы міндеттерін көрсетті. Үгіт бөлімінің хатына қарағанда жергілікті кеңестер басқаратын кәсіпшілік ұйымдары маскүнемдікпен күресу жұмысына әлі баса қатынаспаған. “Жұмысшылар, әсіресе, әйелдер арасында арақ істеу, арақ сату тоқталса маскүнемдік өзінен-өзі жойылады деген қате пікір бар. Маскүнемдік тек әкімшілік жолымен тыйылмайды. Қалада жасырын арақ сату, ауылда самогон қайнату күшейді. Мұны байлар, спекулянттар пайдаланып партияның, үкіметтің саясатына қарсы үгіт жүргізеді. Олардың мұндай дұшпандығын ескермей, партияның, үкіметтің маскүнемдікті жою ретіндегі саясатын толық түсіндіру керек. Маскүнемдікті жою үшін қызыл шайханалар, түрліше сауық ұйымдары, радио, денешынықтыру үйірмелерін ашу керек. Бұл жұмысқа бүкіл еңбекшілер жұртшылығы атсалысуға тиіс”, – деп жазады газет.
Газет еңбекшілердің сауатын ашуға белсене көмектескен. Өзі сауаты шамалы адамдарға арап әрпінен латын әрпіне көшу оңайға түскен жоқты. Сондықтан “Кеңес ауылы” газетті “Жаңа әліппе” деген айдармен сабақ ұйымдастырған. 1929 жылғы 26 қаңтардағы (№6) санында “Жаңалық” деген хабар басылған. Онда Қызылордада осы атпен жаңа әріптермен кітап басылып шыққандығы хабарланған. Бұл кітапты мектеп оқушыларымен бірге жаңа әріп үйренушілер де оқуға болады, делінген.
“Қызылжар қаласында. Округтің жаңа әліппе комитетінің нұсқауы бойынша қалалық қазақ кітап үйінің жанынан 80 сағаттық жаңа әліппе курсы ашылды. Мұнда оқушылардың жалпы саны 40, әйелі 9. Бәрі де жұмыскер, сабақ жұмысына 4 күн оқылып, кешкі сағат 6-дан басталып 9-да тарайды. Мұнда оқушылар латынша жақсы хат танып, аз-аздап жаза біле бастады”, – делінген “Хат танып қалды” деген мақалада.
Газет одақтағы және шетелдердегі оқиғаларды да кеңінен жазып тұрған. 1929 жылғы 9 ақпандағы газеттің бірінші бетінің үштен екі бөлігін “Ауған елінің оқиғасы” деген материал алып жатыр. Осы жолғы газеттің 15 санында “Кеңес одағымен таныс” деген материалда КСРО-ның (Кеңес Социалистік Республикалар Одағының) қазба байлықтары туралы мағлұмат берілген.
Газеттің 1929 жылғы 27 наурыздағы (№23) санында “Кеңес ауылы” тоғыз жаста тоғыз мыңға толсын! деген айдар берілген. Бұл кезде газеттің тиражы 4500 еді. Осы жылғы 9 мамыр күні (№35) шыққан газеттің алтыншы бетіне жарияланған хабарға қарағанда сол кезде Қызылордада – “Еңбекші қазақ”, “Лениншіл жас”, “Жұмысшы” газеттері, “Әйел теңдігі”, “Қызыл Қазақстан”, “Жаңа әдебиет”, “Жаңа мектеп” журналдары; Ақтөбеде – “Кедей”, Астраханьда – “Кедей тілі”, Алматыда – “Тілші” , Қостанайда – “Ауыл”, Павлодарда – “Кеңес туы”, Ақмолада – “Жаңа арқа”, Оралда – “Қызыл ту”, Семейде – “Жаңа ауыл”, Гурьевте (Атырауда) – “Жұмыскер тілі” газеттері шығып тұрған.
“Кеңес ауылы” газетіне С.Баймаханов, Ж.Баймағанбетов, С.Мұқанов, А.Тоқмағанбетов редакторлық еткен. Сол тұста Жақан Сыздықов пен Асқар Тоқмағанбетовтың өлеңдері газет бетінде жиі жарияланғанын сарғайған беттерден көреміз.
Амандық ЖАНТЕМІРОВ, ардагер-журналист.