Облыс орталығында мемлекеттік қызмет түрлерін көрсету жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті. Оның барысында жергілікті атқарушы билік органдарында көрсетілетін қызмет түрлерінің сапасына ішкі бақылауды жүргізу мәселелері талқыланды.
“Қазпошта” акционерлік қоғамының өңіріміздегі филиал директорының орынбасары Жанна Омарованың айтуынша, бүгінгі таңда солтүстікқазақстандықтар бұл мекеменің қызмет түрлерін электронды түрде пайдалана алады. Мысалы, Post.kz сайтында тіркеліп, қызмет берушімен шарт жасау арқылы хаттарды онлайн түрде жіберуге болады. Бұл өз кезегінде ұзын-сонар кезектің алдын алуға және хаттардың қажетті мекенжайға жедел жеткізілуіне зор септігін тигізеді.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет түрлерін электронды, онлайн түрде пайдаланатын өңір тұрғындарының қатары қалың.
– Үстіміздегі жылы электронды түрде көрсетілген қызмет түрлері былтырға қарағанда 1,5 есеге көп. Мысалы, 2018 жылы 604 мың болса, биыл ол шамамен 957 мыңды құрады. Ал 2016 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2 есеге көбейді. Қазіргі күні облыс бойынша жаңа электронды қызмет түрлері енгізілуде. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары үшін барлық ауылдық округтерде «Connection Рoint» бұрышы орнатылған. Мұның арқасында әр адам өз елді мекенінен шықпай-ақ мемлекеттік қызметке қол жеткізе алады, – дейді облыс әкімі аппаратындағы ақпараттық технологиялар және мемлекеттік қызмет бөлімінің меңгерушісі Азамат Байтеміров.
Жалпы айтқанда, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы жағынан солтүстік өңір басқа облыстарға қарағанда 3 жыл қатарынан көш бастап келеді.
Сурет https://www.zakon.kz сайтынан алынды.