«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМҒА БЕЙІМДЕЛСЕ, СЕНІМ АРТАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бостандығынан айырмайтын жазаға кесілген немесе мерзімінен бұрын шартты жазаға босаған сотталушыны бақылап және тексеріп қана қоймай, оған еркін өмірге бейімделуге көмектесу – пробация қызметкерлерінің міндеті. Осылайша, жаза басқандарды түзеу мекемесіне отырғызбай, қайта тәрбиеленуіне мүмкіндік беріп, әлеуметтік мәселелері болса шешуге ықпал жасаймыз. Өңірімізде осы бағытта 17 пробация қызметі жұмыс істейді.

Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметі заңмен немесе сотпен белгіленген міндеттердің орындалуын бақылау арқылы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталғандарды түзу жолға түсіру, қайта қылмыс жасаудың алдын алу, кінәлі тұлғалардың жалпыға ортақ әлеуметтік, моральдік және құқықтық нормаларын сақтау бойынша бірқатар жұмыстар атқарды.
Жыл басынан бері облыстың пробация қызметінің есебінде 1926 сотталған тіркеуде болды. Пробациялық бақылауда болған тұлғаларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бойынша 2904 жеке бағдарлама жасалып, тиісті органдар мен ұйымдарға жіберілді. Осыған орай 1845 адамға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілді. Бұл санаттағы азаматтарға тұрақты негізде медициналық, заңгерлік және психологиялық кеңес беріліп, жұмысқа орналасуға, оқуға, кәсіпті меңгеруге, біржолғы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді алуға, уақытша тұрғын үй беруге және тағы да басқа көмек көрсетіледі. 220 адамға өмірлік қиын жағдайда қалған тұлға ретінде біржолғы жәрдемақы берілді.
Жүргізіліп жатқан алдын алу, тәрбие жұмысына, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге қарамастан, белгіленген тәртіпті бұзатындар да бар. Бұл жағдайда есепке алған пробация қызметі жазаны бас бостандығынан айырумен ауыстыруға материалдар жібереді. Үстіміздегі жылдың басынан бері қылмыстық-атқару заңнамасының талаптарын қасақана бұзған сотталғандарға қатысты 200-ден астам материал жолданды, оның ішінде 91 сотталған бас бостандығынан айыру орындарына жіберілді.
Берілген мүмкіндікті дұрыс түсініп, жұмыс орны мен тұрғылықты жері бойынша оң сипатталатын адамдарға қатысты облыс соттарына жазаны одан әрі өтеуді мерзімінен бұрын тоқтату туралы материалдар жіберіледі. Осылайша, 120 сотталушы жазасын өтеуден босатылды, оның он алтысынан соттылық алынып тасталды.
Түзеу мекемелерінен босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Облыстың аумақтық пробация қызметі есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалту үдерісіне еріктілерді тарту жөніндегі бағдарламаны бекітті. Қолға алынған жұмыстың нәтижесінде 60 ерікті жұмысқа тартылды. Олардың қатарында шартты түрде жазасын өтеп жатқан адамдар да бар.
Сотталғандарды қайта бейімдеуде қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, корпоративтік қорлардың өкілдерін, жеке бизнес субъектілерін тарту маңызды. Осы бағытта 50-ден астам өзара ынтымақтастық меморандумы жасалды. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Жамбыл ауданындағы пробация қызметінің мамандары “Курлянчикова Ю.А.” жеке кәсіпкерлігімен іскерлік байланыс орнатты. Соның аясында мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған екі адам жиһаз жинаушы ретінде тұрақты жұмысқа орналасты.
Пробация қызметі мамандарының “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жұмысының нәтижесінде 20 жазасын өтеуші “Бизнес Бастау” бағдарламасы бойынша оқуға жіберілді. Бүгінгі таңда олардың төртеуі өз бизнесін дамыту үшін 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант алды.

 

Рустан АХМЕТЖАНОВ,
облыстық қылмыстық-атқару жүйесі  департаменті бастығының орынбасары, әділет полковнигі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp