«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚУАРЫП ҚУ АҒАШТАЙ ӘЛІ ТАЙҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Түн етегі түріліп, таң бозарып атып келе жатқан уақыт еді. Сақыш әжей төсегінен жайлап тұрып, терезенің алдына келді. Жұқа пердені ысырып, тағы бір таңды атырғанына шүкір етті. Желмен әрлі-берлі теңселген ағаштардан көзін алар емес. Діріл қаққан жапырақтарға қарап азап пен мұңға толы өткен өмірі есіне түсті. Қос жанарына үйірілген мөлдір тамшының терезе жақтауына қалай тамып түскенін де байқамай қалды.

Анау тұрған ағаштар келесі көк­темде қайта бүр жарып, жайқалып өсіп, айналасына сая болса, адамның жастық шағы оралмай­тыны өкінішті. Сақыш Жапарованы (аты-жөні өзгертілді) да қинайтыны осы. Адамға бір-ақ рет берілетін жауқазындай жастық дәуренін есіне алса, жаны жабырқайды. Ол тым болмағанда бақтың ішіндегі мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жая алмағанына өкінеді.
Сақыш Жапарова – Есіл ауданының тумасы. Соңғы он жылдан бері Тайынша ауданындағы “Надежда” әлеуметтік қызмет көрсету орта­лығында тұрып жатыр. “Ауылға барғым келмейді, онда ешқандай жанашырым жоқ”, – деген оның бір ауыз сөзінен-ақ көп жайды аңғарғандай болдық. Туған жер әрбір адамның алтын бесігі, киелі бақ мекені емес пе? Ауылға кімнің барғысы келмейді дейсіз. Әрине, Сақыш апаның да ауылды сағына­тыны, көзкөргендермен әңгіме-дүкен құрғысы келетіні анық.
Оның балалық шағы ауыр күндермен тұспа-тұс келді. Соғыстан кейінгі қиын кезеңде ұжымшарда жұрт қатарлы білек сыбана жұмыс істеген. Өгіз жегіп, астық тасыған. Тағдырдың жазғаны сол, тұрмыс құрғанымен, перзент сүю бақыты бұйырмапты. Қария қар­тайған шағында қарттар үйінен пана іздеген. Мұнда Сақыш Жапарова сияқты тағдыры ұқсас, мұңы ортақ аға буын өкілдері аз емес.
Бұл әлеуметтік орталықтың жұмыс істеп келе жатқанына он жылдан астам уақыт өтті. Қамқор­лықсыз қалған қарттар мен қам-көңіл жандарға әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық көмек көрсетіледі. Жалпы, мұнда бүгінгі таңда 110 адам тұрып жатыр. Со­ның 19-ы – тыл еңбеккері. Мекеме директоры Маргарита Потапованың айтуынша, бос орындар санаулы. Талай адамға үміт сәулесін сыйлаған әлеуметтік орталықта жұмыс істейтіндерге қатаң талап қойылған.
Невропатолог, терапевт, психиатр, хирург дәрігерлер мен көз, тіс мамандарын айтпағанда, әлеуметтік қызметкерлер қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жіті назарда ұстайды. Сараптамалық зертхана, тәулік бойы кезекшілік атқаратын екі медициналық бекет, шаш­тараз, тігін цехы, монша, кір жуу бөлмесі, асхана, кітапхана, музыкалық кабинет пен жаттығу за­лы бар.
– Үкімет тарапынан қарттарға қолдау көрсетіліп келеді. Бұл жер­де оларға барлық жағдай жасалған. “Адам қартайғанда бір бала” демекші, әр зейнеткерге барынша көмек қолын созуға тырысамыз. Олардың әрқайсысымен қалай сөй­лесуді, кімнің мінезі қандай екенін жақсы білеміз. Бір айта кетерлігі, біз алақанымызға салып, бағып-қақсақ та, олар туған пер­зенттерінің қамқорлығына зәру. Кейбір қарттар балаларын күн ұзаққа күтумен күн кешуде. Бауыр еті балаларына өкпелі ата-аналар да бар. Олардың жандары жара­лы. Әке-шешелерінің зейнетақысын алып кету үшін ғана бас сұғатын қатыгез жандарды көргенде жүрегің сыздап қоя береді. Ал кейбір тасбауыр балалар ата-аналарының жағдайын білмек түгіл соңғы сапарға шығарып салуға да келмейді, – дей келе Маргарита Ильинична қарттар үйінде он бір этнос өкілі тұрып жатқанын айтты. Соның ішінде қазақ, орыс, украин, белорус бар. Әлеуметтік қызмет алушылардың орташа жасы 74-те болса, зейнеткерлердің ең үлкені 94-те.
Қарттар үйінің әлеуметтік қызметкері Людмила Зайченко алдыңғы толқынды үйдегідей жайлы тұрмыспен қамтамасыз ету басты міндет екенін жеткізді. Өйткені, олар өздерін еркін сезініп, еш нәрседен тарықпауы тиіс. Тоқыма то­қып, көркемөнер, қолөнермен, тігіншілікпен айналысатын шеберлер де мұнда аз емес. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі Владимир Калинин аяқкиім тігеді. Жұмысына тиянақты шебердің еңбегі құрметке әбден лайық.
Қамкөңіл жандар үшін мұнда түрлі мәдени кештер ұйымдастырылады. Тіпті, вокал тобы құрылған. Олар қарттар үйіндегі шараларға ғана емес, аудан көлемінде ұйымдасты­­рылатын кештерде де жиі өнер көрсетеді. Спортпен шұғылдануға да мүмкіндік бар. Жаз маусы­мында қарттар өзге өңірлерге саяхаттап, үш ай демалысқа шыға алады. Демалыс кезеңінде олар туған-туыстарына, достарына қонаққа барып, шипажайларда ем алады.
– Орталыққа келмес бұрын қарттар медициналық тексерістен өтуі шарт. Содан кейін есепке қоя­мыз. Зейнеткерлердің дені қант диабеті, бронх демікпесі, гипертониямен ауырса, қатерлі ісікке шалдыққан науқастар да бар. Үкімет тарапынан олар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Науқастарды диагностикалық тек­серістен өткізіп, қажетті мамандардың кеңесін алу үшін облыс орталығына жиі барамыз, – деді орталықтың аға медбикесі Екате­рина Ферко.
Біз әлеуметтік орталықты, қа­риялардың ас ішетін, жатын бөлмелерін, серуендейтін орындарын аралап көріп, оларға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отырғанын аңғардық. Бастысы, олардың тамағы тоқ, көйлегі көк. Бөлмелері жинақы, үсті-басы мұн­таздай таза қарттардың тұрмыс­тық жағдайы көңіл көншітеді. Өмірдің қиын сәтінде пана болған әлеуметтік орталық қаншама адам­ға қамқор болып, жылу сый­лады. Алайда, жанары жәутеңдеген қарттарды бұл жұбата ала ма? Ата-анасынан безінген ұрпақтан не үміт, не қайыр? Тар құрсағын кеңейтіп, түн ұйқысын төрт бөліп асыраған анасы мен қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыт­тырмай ержеткізген әкесін қарттар үйіне әкеліп тапсыруларына не себеп болғандығын кім білсін? Оның себебін орталықтағы мамандар түрліше түсіндіреді. Дегенмен, жыл сайын мұндағы қазақтың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналарының саны азайып келе жатқаны да көңілге жұбаныш.
Сонау келмеске кеткен кеңес заманының өзінде қарттар үйіне бірен-саран қазақтар түсе қалса, “төбемізден жай түскендей” болушы еді. Өкпені қысқан өт­пелі кезеңнің қиындықтары тұмшалаған тоқсаныншы жылдардың өзін­де қарттар үйіндегі қазақтардың саны саусақпен санарлықтай болатын. Бұл жерден істеген ісіне өкініп, әке-шешесін үйіне алып кететіндер де жоқ емес екен. Өкінішке қарай, ондайлар өте аз.
Қартайған шақта перзенттері бар жауапкершіліктен жалтарып, қарттар үйіне өз қолдарымен апарып тапсырғандар өз бала­ларының мұндай қылықтарын көп жағдайда тіс жарып айтқысы кел­мейді. Майлықожа жырау айтқан­дай, “мұздайда бесік таянған, жыласа шошып оянған” мейірімді ана жүрегі, әке пейілі балаларын жамандыққа қимайды. Сондықтан да мұнда терезеге телміріп, ертеңгі күннен жақсылық іздейтін аға буын көп.
Қарттар үйіндегі жандардың бәрін бірдей балалары тастап кеткен жоқ. Туған-туыстары өмірден озып, жалғыздықтан жапа шеккен зейнеткерлер де аз емес. Соның бірі – Александра Чиж.
– Мен бұрын Тайынша ауданына қарасты Заречный ауылында тұрдым. Әлеуметтік орталыққа келгеніме тоғыз жыл болды. Денсаулығым сыр беріп, жүріп-тұра алмайтын едім. Бірақ әлеуметтік қызметкерлер мен дәрігерлердің тынымсыз еңбегінің арқасында қазір денсаулығым жақсы. Бұл жерде бізге барлық көмек көрсетіледі. Ешкім ренжітпейді. Зейнетақымызды ай сайын уақытында алып тұрамыз. Одан артық не керек, – дейді ол.
Ал жетпіс жастағы Берікжан Жақиянов осы жерде үш жылдан бері тұрады. Тағдырдың жазуымен жалғыз қалған соң қарттар үйіне келуді жөн көрген. Барлық саналы ғұмыры еңбекпен өрілген ақсақал Петропавл қаласының тумасы. Зайыбы ерте дүние са­лып, кіндіктен бала тарамаған. Осыдан бірнеше жыл бұрын үйін өрт шалып, баспанасыз қалған екен.
Мұнда қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Сан қиындықты басынан өткізген қарттардың әжім торлаған жүздерінен сарғайған сағыныштың табы байқалады. Олардың жүректері:
“Өмір-ай, қалтылдаған қайығы бар,
Қарт­тардың тек қартайған айыбы бар.
Бақтырған мұңлықтарды
Үкіметке,
Көбінің үйде бала, зайыбы бар.

Дүние-ай, қиын екен қартайғасын,
Қуаныш, қызықтарың ортайғасын.
Бауыр ет балаң дағы безіп кетер,
Қуарып қу ағаштай әл тайғасын”, – деген өлең жолдарында айтылған өкпе мен ренішке толы.

 

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp