Жануарлар әлемі – табиғатымыздың басты байлықтарының бірі. Ал қырда жортқан түз тағысын сақтау үшін заңсыз аңшылықтың алдын алу қажет. Әйтсе де, елімізде браконьерлік тыйылар емес. Ал мұның салдарынан аңдардың кей түрлерінің жойылып кету қаупі туып отыр.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 және 2019 жылдардағы, сондай-ақ, облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының үстіміздегі жылғы 12 тамыздағы бұйрықтарына сәйкес алдағы аң аулау маусымының мерзімі бекітілді. Атап айтқанда, аңшылар 20 тамыздан 30 қарашаға дейінгі уақытта бөдене мен кептерді аулай алады. Ал үйрек (“Қызыл кітапқа” енгізілген түрлерінен басқа) пен қасқалдақты аулауға 7 қыркүйектен 30 қарашаға дейін рұқсат етілген. Шіл 7 қыркүйектен 15 қарашаға дейін аңшы тұқымды иттермен және 15 шілдеден бастап аулаушы құстармен ауланады. Құрды 7 қыркүйектен 30 қарашаға дейін, борсық, бұлан, қабан, маралды 31 желтоқсанға дейін аулауға болады. Ал сібір елігі 20 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін (1 тамыздан бастап еркектеріне), түлкі, қарсақ, қоян, жанат тәрізді ит 1 қарашадан 2020 жылдың 15 ақпанына дейін (15 қазаннан бастап аңшы тұқымды иттермен және қарсаққа, түлкі мен қоян аулаушы құстармен) ауланады. Ондатрды аулау 1 қазаннан 2020 жылдың 15 ақпанына дейін жүргізіледі. Аңдардың басқа түрлерін аңшылық ережесінде көрсетілген мерзімде белгіленген аумақтарда аулауға болады.
Бүгінгі таңда өңірімізде аң аулауға рұқсат етілген 33 аңшылық шаруашылығы мен 21 аң аулауды пайдаланушылар бекітілген. Аң аулау үшін аңшының қолында куәлігі, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы, жануарлар дүниесін пайдалануға және қару мен оның оқтарын сақтауға әрі қолдануға рұқсат беру қағаздары, сондай-ақ, аулаушы құстың құжаты болуы керек.
Күзде әуесқой аңшылар көбіне қаздар мен үйректерді аулайды. Аңшылар жолдаманы сатып алу үшін аңшылық шаруашылық субъектілеріне барулары қажет. Әуесқой аң аулаушыларға ережелерді қатаң сақтау және табиғатты қорғау заңнамасын бұзбау қажеттігін ескертеміз.
Аңшылар осы кезде қоршаған ортаға залал келтірмеуді де ойлағандары жөн. Мәселен, күз жақындаған сайын жасыл желектер қурап, кебе бастайды. Темекінің тұқылын немесе далада жаққан отты сөндірмеудің арты үлкен өкінішке соқтыруы мүмкін. Орман өрттері кезінде өсімдіктерге ғана емес, жануарларға үлкен қауіп төнеді. Осы жайтты аңшылар естен шығармай, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтаулары қажет.
Н.ҚАПАРОВ,
облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы.