«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗІКІРИЯ МҮКЕЕВ КІМ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Төл тарихымыздың кешегі Кеңес өкіметі орнаған жылдардан бастап қана қағаз бетіне түсіріліп, бұған дейін жер бетінде қазақ деген ұлт болмағандай әсерде жазылып келгені жасырын емес. Арқадан Атырауға дейін созылып жатқан шұрайлы, түгін тартса майы шығатын ұлан-байтақ жері бар қазақтың тарихында небір қол бастаған батырлар, сөз бастаған шешендер, көсем, көріпкел әулиелер болғаны рас. Қызылжар топырағынан да өткен ғасырларда елдің мұңын мұңдап, ұлт болашағы үшін қам жеген азаматтар аз шыққан жоқ. Қасық қаны қалғанша туған халқына қалтқысыз қызмет еткен Қожаберген жырау мен Әндіқожа батырдың есімдері қазақ жерімен қатар түркі тілдес елдерге дейін мәлім болды.

Тоқсан, Құрамыс бастаған шешендер салған жол да қазақтың руханиятын бір белеске көтерді. Бүгін мақаламыздың арқауы етіп отырған Аққайың ауданынан шыққан Зікірия Мүкеев те ұлтжанды ата-бабаларымыз сияқты ел игілігі үшін еңбек етті.
Ол 1892 жылы Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында ке­дей отбасында дүниеге келген. Сәби күнінен жоқшылықтың зардабын көрген бала Зікі­рия революция алдында, яғни 1910 жылы ата-анасына көмектесу ниетімен Қызылжар қаласына кәсіп іздеп келеді. Бұл патшалық билікке қарсы топтардың бірігіп, үлкен күшке айналған бірінші Орыс революциясынан кейінгі кезең болатын. Ресейде халықты қол­даушы демократтар, әлеуметтік теңдікті алға тартқан социалистер, басқару жүйесін өзгертуге ұмтылған төңкерісшілдердің пікір­ле­рін жақтаушы мен қарсылас топтар тар­ты­сынан жергілікті тұрғындардың саяси бел­сенділігі артқан шақтын. Ауылдан келген білімге құштар Зікірия сынды жастар сан идеялар тоғысқан иірімнің ортасына түс­кендіктен, саяси істерге, елдің жағдайына ара­ласады. Жерлесіміз қарапайым жұмыс­та жүрсе де, білімге деген ұмтылысының ар­қасында қазақ интеллигенттерімен таны­сып, зиялы қауым ортасында танымал бола бастайды. Өзге ұлт өкілдері арасынан да көзі ашық, көкірегі ояу достар тауып, олар­дың саясат, қоғам және зиялы қауым өкіл­дері жайында айтқан әңгімелерін ұйып тың­дап, бос уақытын кітапханада өткізумен күн кешеді.
Зікірия бұл тұста 20-дан асқан жігіт еді. Ол сол жылдары Қызылжарда құрылған “Каз­бек-Гора” атты алғашқы революциялық ұйымның белсенді мүшесіне айналып, тәжі­рибе жинақтай бастайды. Осы тұста боль­ше­виктер бұқара халық арасында өз сая­саттарын белсенді жүргізіп, жергілікті билікті құлату үшін күш құрап жатты емес пе? Зікі­рия шамамен 1915 жылдары Омбы қала­сында қызмет атқара жүріп, осы больше­виктердің жасырын ұйымына қатысты. Ал 1917 жылы депутаттар кеңесін құрушылардың белсендісі ретінде танылды.
Ауыл ақсақалдарының айтуынша, жер­ле­сі­міз осы кезеңде үлкен беделге ие бол­ған. Кейбір деректерде оның Сәкен Сейфул­линмен бірге түрмеде отырғаны да келтіріл­ген. Бұл туралы Алаш ардақтыларының бірі ақын өзінің “Тар жол тайғақ кешу” атты романында келістіре жазған. 1919 жылдың көктемінде түрмеден қашып шыққан Зікірия Мүкеев бір топ революционер жолдастары Угар Жәнібеков, Мұхаметқали Тәтімов, Жұ­мабай Төлембаевпен және тағы басқалары­мен большевиктік күресін жалғастырып, Ом­бының Кулумза, Марьяковка, Табричь ау­дан­дарын азат еткен. Сонымен қатар Ресей­дің Бийск қаласында жасырын ұйым құрып, 1920 жылы осы жерде большевиктер пар­тия­сының мүшелігіне өтеді. Ал келесі жылы Қызылжар қалалық милиция бөлімінің бас­тығы болып тағайындалады.
Жаңа қызметке тағайындалған күннен бас­тап Зікірия Мүкеев әділетсіздікпен күре­суге күш жұмсайды. Батылдық, шешім қа­был­дағыштық, тапқырлық, жедел жағдайды шебер бағалаушылық, қылмыскердің пси­хо­логиясын байқағыштық қасиеттері талай ауыр, күмәнді қылмыстарды ашуға ықпал етті. Сол тұста өмір сүрген ауыл азаматтары оның зор беделге ие болғанын жиі айтып жүріпті. Бала күнімде ауыл ақсақалдары­ның мына айтқан сөздері еміс-еміс есімде қалыпты: “Жаңа жерге ту тігу оңай шаруа емес. Ішкі істер органын алғыр мамандар­мен қамтамасыз ету, жеке құрамның білікті­лігін көтеру, қызметкерлерге алаңсыз жұ­мыс істеу үшін оңтайлы жағдай туғызу мін­деті тұрды алда. Осынау жауапты жұмыста ол өзін батыл шешім қабылдайтын жігерлі басшы ретінде көрсете білді. Ол облыста қа­лыптасқан жағдайға үнемі талдау жасап отыратын. Қылмыстың алдын алуға баса на­зар аударатын. Өзіне бағынысты мекемелер мен бөлімдерде болып, жедел-қызметтік ша­раларға тікелей қатысып, басшылық жасай­тын кезі аз болған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, тыным таппайтын еді. Адамдармен қарым-қатынас тәсілі де ерекше болатын”.
Зікірия Мүкейұлы көзі тірісінде қазақтың бір­туар ұлдары Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұ­қанов сынды көптеген атақты Алаш арыс­тарымен жақын араласып, саяси білімін тереңдете түседі. Бұған дәлел, жерлес жазу­шы Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебі” атты өмірбаяндық романында Зікірия Мү­кей­ұлы туралы біраз құнды деректер келті­рілген. Туындыда 1919 жылы Қызылжарда алғаш рет атты әскери полк құрылғаны, оған Зікіриямен қатар Угар Жәнібеков пен Мұха­метқали Тәттімбиев басшылық еткені жа­зыл­ған. Ал жазушы, балалар әдебиетінің не­гі­зін салушылардың бірі Сапарғали Бегалин “Замана белестері” атты екі томдық рома­нында 1922 жылдың 19-27 ақпанында Орын­бор қаласында өткен партияның екінші конференциясына Қызылжар өлкесінен Сәбит Мұқанов пен Зікірия Мүкеев делегат болып қатысқанын жазған. Бұл алқалы жиында жаңадан құрылған қазақ автоно­миялық республикасының әр саласы бо­йын­ша халық комиссарларын тағайындау мәселесі көтерілді. Жерлестеріміз елімізге танымал қоғам қайраткерлерімен бірге елдегі жағдайға орай өз ойларын ортаға салып, ко­миссия шешімі бойынша Зікірия Қызылжар қаласының алғашқы ішкі істер комиссары болып сайланады. 1925 жылы отау құрып, отбасымен Орын­борға көшеді. Көп кешікпей Қызыл­орда қаласына қоныс аударып, қызметін осы шаһарда жалғастырады.
Комиссар аға­мыз жайында жерлесіміз, ауыл шежірелерін жинаушы Молдахмет Сұрағанұлы да өз еңбектерінде жазды. Ол Зікірия Мүкеевтің ұлы Мәрленмен кездесіп, көп мәліметтерді жинаған. Оның айтуынша, 1937 жылдың зобалаңы әкесінің де өмірін жалмады. Ол 1938 жылы тұтқында­лып, РСФСР ҚК-нің 58 бабының 7,8,9,10,11 тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 4 қазан күні Алматыдағы НКВД жертөлесінде атылған. Зікірия істі болғанға дейін Қоста­най қаласындағы жылқы зауытының директоры болған. Мәр­леннің анасы 1965 жылы жұбайы ақталған соң ғана сандықтың түбіне тығып сақтап жүр­ген суреттері мен бір-екі құжатты баласына берген екен. Өкініштісі, Зікірия Мүкеев абақ­тыға қамалғанда, оның құжаттары мен фо­то­суреттері, жеке заттары түгелдей тәркі­ленген.
“Ол нағыз елін сүйген азамат еді”, – дей­ді білетіндер. Еліне еңбегі сіңген мили­ционердің өмірі мен еңбегіне қатысты мұра­ғат материалдарын, аңыз-әңгімелерді жи­нау­ды бір сәтке де тоқтатқан емеспін. Бұл ма­қала арқылы соның бірсыпырасын жазып отырмын. Қазақтың бақытты болашағы үшін бастарын бәйгеге тіге жүріп қызмет еткен тұлғаларды жас ұрпақ білуі тиіс.

 

Сансызбай ЖҰМАБЕК, өлкетанушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp