Төл тарихымыздың кешегі Кеңес өкіметі орнаған жылдардан бастап қана қағаз бетіне түсіріліп, бұған дейін жер бетінде қазақ деген ұлт болмағандай әсерде жазылып келгені жасырын емес. Арқадан Атырауға дейін созылып жатқан шұрайлы, түгін тартса майы шығатын ұлан-байтақ жері бар қазақтың тарихында небір қол бастаған батырлар, сөз бастаған шешендер, көсем, көріпкел әулиелер болғаны рас. Қызылжар топырағынан да өткен ғасырларда елдің мұңын мұңдап, ұлт болашағы үшін қам жеген азаматтар аз шыққан жоқ. Қасық қаны қалғанша туған халқына қалтқысыз қызмет еткен Қожаберген жырау мен Әндіқожа батырдың есімдері қазақ жерімен қатар түркі тілдес елдерге дейін мәлім болды.
Тоқсан, Құрамыс бастаған шешендер салған жол да қазақтың руханиятын бір белеске көтерді. Бүгін мақаламыздың арқауы етіп отырған Аққайың ауданынан шыққан Зікірия Мүкеев те ұлтжанды ата-бабаларымыз сияқты ел игілігі үшін еңбек етті.
Ол 1892 жылы Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында кедей отбасында дүниеге келген. Сәби күнінен жоқшылықтың зардабын көрген бала Зікірия революция алдында, яғни 1910 жылы ата-анасына көмектесу ниетімен Қызылжар қаласына кәсіп іздеп келеді. Бұл патшалық билікке қарсы топтардың бірігіп, үлкен күшке айналған бірінші Орыс революциясынан кейінгі кезең болатын. Ресейде халықты қолдаушы демократтар, әлеуметтік теңдікті алға тартқан социалистер, басқару жүйесін өзгертуге ұмтылған төңкерісшілдердің пікірлерін жақтаушы мен қарсылас топтар тартысынан жергілікті тұрғындардың саяси белсенділігі артқан шақтын. Ауылдан келген білімге құштар Зікірия сынды жастар сан идеялар тоғысқан иірімнің ортасына түскендіктен, саяси істерге, елдің жағдайына араласады. Жерлесіміз қарапайым жұмыста жүрсе де, білімге деген ұмтылысының арқасында қазақ интеллигенттерімен танысып, зиялы қауым ортасында танымал бола бастайды. Өзге ұлт өкілдері арасынан да көзі ашық, көкірегі ояу достар тауып, олардың саясат, қоғам және зиялы қауым өкілдері жайында айтқан әңгімелерін ұйып тыңдап, бос уақытын кітапханада өткізумен күн кешеді.
Зікірия бұл тұста 20-дан асқан жігіт еді. Ол сол жылдары Қызылжарда құрылған “Казбек-Гора” атты алғашқы революциялық ұйымның белсенді мүшесіне айналып, тәжірибе жинақтай бастайды. Осы тұста большевиктер бұқара халық арасында өз саясаттарын белсенді жүргізіп, жергілікті билікті құлату үшін күш құрап жатты емес пе? Зікірия шамамен 1915 жылдары Омбы қаласында қызмет атқара жүріп, осы большевиктердің жасырын ұйымына қатысты. Ал 1917 жылы депутаттар кеңесін құрушылардың белсендісі ретінде танылды.
Ауыл ақсақалдарының айтуынша, жерлесіміз осы кезеңде үлкен беделге ие болған. Кейбір деректерде оның Сәкен Сейфуллинмен бірге түрмеде отырғаны да келтірілген. Бұл туралы Алаш ардақтыларының бірі ақын өзінің “Тар жол тайғақ кешу” атты романында келістіре жазған. 1919 жылдың көктемінде түрмеден қашып шыққан Зікірия Мүкеев бір топ революционер жолдастары Угар Жәнібеков, Мұхаметқали Тәтімов, Жұмабай Төлембаевпен және тағы басқаларымен большевиктік күресін жалғастырып, Омбының Кулумза, Марьяковка, Табричь аудандарын азат еткен. Сонымен қатар Ресейдің Бийск қаласында жасырын ұйым құрып, 1920 жылы осы жерде большевиктер партиясының мүшелігіне өтеді. Ал келесі жылы Қызылжар қалалық милиция бөлімінің бастығы болып тағайындалады.
Жаңа қызметке тағайындалған күннен бастап Зікірия Мүкеев әділетсіздікпен күресуге күш жұмсайды. Батылдық, шешім қабылдағыштық, тапқырлық, жедел жағдайды шебер бағалаушылық, қылмыскердің психологиясын байқағыштық қасиеттері талай ауыр, күмәнді қылмыстарды ашуға ықпал етті. Сол тұста өмір сүрген ауыл азаматтары оның зор беделге ие болғанын жиі айтып жүріпті. Бала күнімде ауыл ақсақалдарының мына айтқан сөздері еміс-еміс есімде қалыпты: “Жаңа жерге ту тігу оңай шаруа емес. Ішкі істер органын алғыр мамандармен қамтамасыз ету, жеке құрамның біліктілігін көтеру, қызметкерлерге алаңсыз жұмыс істеу үшін оңтайлы жағдай туғызу міндеті тұрды алда. Осынау жауапты жұмыста ол өзін батыл шешім қабылдайтын жігерлі басшы ретінде көрсете білді. Ол облыста қалыптасқан жағдайға үнемі талдау жасап отыратын. Қылмыстың алдын алуға баса назар аударатын. Өзіне бағынысты мекемелер мен бөлімдерде болып, жедел-қызметтік шараларға тікелей қатысып, басшылық жасайтын кезі аз болған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, тыным таппайтын еді. Адамдармен қарым-қатынас тәсілі де ерекше болатын”.
Зікірия Мүкейұлы көзі тірісінде қазақтың біртуар ұлдары Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов сынды көптеген атақты Алаш арыстарымен жақын араласып, саяси білімін тереңдете түседі. Бұған дәлел, жерлес жазушы Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебі” атты өмірбаяндық романында Зікірия Мүкейұлы туралы біраз құнды деректер келтірілген. Туындыда 1919 жылы Қызылжарда алғаш рет атты әскери полк құрылғаны, оған Зікіриямен қатар Угар Жәнібеков пен Мұхаметқали Тәттімбиев басшылық еткені жазылған. Ал жазушы, балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі Сапарғали Бегалин “Замана белестері” атты екі томдық романында 1922 жылдың 19-27 ақпанында Орынбор қаласында өткен партияның екінші конференциясына Қызылжар өлкесінен Сәбит Мұқанов пен Зікірия Мүкеев делегат болып қатысқанын жазған. Бұл алқалы жиында жаңадан құрылған қазақ автономиялық республикасының әр саласы бойынша халық комиссарларын тағайындау мәселесі көтерілді. Жерлестеріміз елімізге танымал қоғам қайраткерлерімен бірге елдегі жағдайға орай өз ойларын ортаға салып, комиссия шешімі бойынша Зікірия Қызылжар қаласының алғашқы ішкі істер комиссары болып сайланады. 1925 жылы отау құрып, отбасымен Орынборға көшеді. Көп кешікпей Қызылорда қаласына қоныс аударып, қызметін осы шаһарда жалғастырады.
Комиссар ағамыз жайында жерлесіміз, ауыл шежірелерін жинаушы Молдахмет Сұрағанұлы да өз еңбектерінде жазды. Ол Зікірия Мүкеевтің ұлы Мәрленмен кездесіп, көп мәліметтерді жинаған. Оның айтуынша, 1937 жылдың зобалаңы әкесінің де өмірін жалмады. Ол 1938 жылы тұтқындалып, РСФСР ҚК-нің 58 бабының 7,8,9,10,11 тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 4 қазан күні Алматыдағы НКВД жертөлесінде атылған. Зікірия істі болғанға дейін Қостанай қаласындағы жылқы зауытының директоры болған. Мәрленнің анасы 1965 жылы жұбайы ақталған соң ғана сандықтың түбіне тығып сақтап жүрген суреттері мен бір-екі құжатты баласына берген екен. Өкініштісі, Зікірия Мүкеев абақтыға қамалғанда, оның құжаттары мен фотосуреттері, жеке заттары түгелдей тәркіленген.
“Ол нағыз елін сүйген азамат еді”, – дейді білетіндер. Еліне еңбегі сіңген милиционердің өмірі мен еңбегіне қатысты мұрағат материалдарын, аңыз-әңгімелерді жинауды бір сәтке де тоқтатқан емеспін. Бұл мақала арқылы соның бірсыпырасын жазып отырмын. Қазақтың бақытты болашағы үшін бастарын бәйгеге тіге жүріп қызмет еткен тұлғаларды жас ұрпақ білуі тиіс.
Сансызбай ЖҰМАБЕК, өлкетанушы.