Кәсіпкерлік – жастар үшін тәуекелі көп сала. Дегенмен, оларға дұрыс бағыт-бағдар берілсе, бастаған ісі өрге басары анық. Жақында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың мәжіліс залында жастар форумы өтті. Облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған шараға өңірдің белгілі кәсіпкерлері мен 200-ге жуық кейінгі буын өкілі қатысты.
Форум екі диалог алаңында өтті. Бірінші алаңда “Өзінше” білім беру үйінің жетекшісі Әсел Есжанова, “Легенда” агенттігінің директоры Закиржан Мамлютов және “Бастау” жобасының былтырғы түлектері Динара Өмірзақова мен Сәуле Жантілесова жиналғандарға өздерінің іскерлік мансабы жайлы айтып, жастарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Шарада сөз сөйлеген спикерлердің бірі Әсел Есжанова студенттік кезден еңбекке араласып, кәсіпкерліктің қыр-сырын терең зерттеген екен. 2010 жылы Петропавл қаласында ағылшын тілі курсын ашуға бекінген ол қалтасындағы 80 мың теңге қаражатымен бизнесін бастаған. Бұрымды кәсіпкер “Light way” тіл үйрету орталығын ашу үшін қаладағы бір ғимараттың төрт кабинетін жалдап, төрт ұстаз және бір әкімшіні жұмысқа алады.
– Орталық ашылғаннан бері шет тілін меңгеріп, өзге елдің мәдениетімен танысуға құштар жастардың қарасы көбеюде. 2012 жылы “Медеу” сауда үйін, келесі жылы “Норд Азия”, одан кейін “ЦУМ” сауда үйлерін жалға алып, курс ұйымдастырдым. Ал 2017 жылы “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры облыстық филиалы мамандарының көмегімен Қызылжардан “Өзінше” білім беру үйін аштым. Мамандар бизнес-жоспар құруға көмектесіп, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының аясында “Jýsаn банкі” акционерлік қоғамының облыстық филиалынан 5 миллион теңге несие ресімдегенше жанымда жүрді. Бұл қаражатқа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жиһаз, компьютер, конструктор сатып алдым, – деді Әсел Тілеубайқызы.
Бүгінде қосымша білім беру мекемесі қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйрету, робот құрастыру, бейнелеу мен шешендік өнерге баулу бағыттары бойынша қызмет көрсететін орталықта 20-дан астам адам жұмыс істейді. Сөз соңында Әсел Есжанова жастарға кәсіпкерлікпен ынта қойып айналысу керектігін, тек сонда ғана қиындықтарды еңсеруге болатынын айтты.
Форумның екінші кезеңіңде жаттықтырушылар Елена Коняхина, Арсен Оразалинов пен Әсел Есжанова “Маркетинг”, “Қаржылық сауаттылық” және “Саналылық” тақырыптарында шеберлік сыныптарын өткізді. Олар жастарға ақшаны тиімді жұмсау жолдарын және жарнаманың артықшылықтарын түсіндірді.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы Рақымбек Зейнуллиннің айтуынша, “Жас кәсіпкер” жобасы аясында ұйымдастырылған шара алдағы уақытта да жалғасын табады.
– Келесі кездесу қыркүйек айына жоспарланған. Тәжірибелі кәсіпкерлердің жастарға жол көрсетуі өңірімізде іскер азаматтар қатарының көбеюіне ықпал ететініне сенімдімін. Өйткені, облысымызда бизнестің бос салалары жетерлік, – деді Рақымбек Зейнуллин.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.