31 мамыр күні облыс орталығында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған қаралы жиынға бардым. Әдеттегідей, шоқ-шоқ гүлдерін ұстаған қауымның қарасы қалың болды. Талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген солақай саясаттың құрбаны болғандардың ұрпақтары аталарының рухына тағзым етуді дәстүрге айналдырған. Көптің ішінен әріректеу тұрған әкелі-балалыны көзім шалды. Жүздеріне тұнған мұңның табы менің жүрегімді қарып өткендей болды. Мән-жайды білейін деп жандарына жақындадым. Оразай ата әкесінің рухына тағзым етуге келгенін айтты. Жүрегі қан жылап тұрған азаматтың талай жыл өтсе де әкеге деген сағынышы басылмағанын жанарынан түсіндім. Жақында оның жүрек сырын тыңдап қайттым.
Оразай ШӘКІРОВ,
71 жаста.
“Өткен күн алыстағанымен тағдыр сыны ұмытылмайды, керісінше жүректегі мұңды тереңдете түседі екен. Ес білгелі “Егер әкем қасымызда болғанда, біздің өміріміз басқаша өрбір еді” деген ой құшағынан бір босатқан емес. Төрімде ілулі тұрған әкемнен қалған жалғыз сурет менің алданышым болды. Осы суреті арқылы танитын әкем – Қапар Шәкірұлы сұрқия заманның әумесер белсенділерінің құрбаны болды. Әлі күнге дейін әкемді ойласам, көзден ыстық жастың қалай ытқып шыққанын аңғармай қаламын.
Менің туған жерім – қазіргі Шал ақын ауданы Неждановка ауылы. Қазағы мен орысы аралас елді мекен еді, қазір тарап кетті. Туған-туыстың айтуынша, осы ауылда төрт сыныптық білімі бар жалғыз адам болса, сол менің әкем екен. Соғыс басталған жылы қатарластарымен бірге қан майданға аттанады. Алайда, бір ұрыста тұтқынға түседі. Әріп танитын адам ғой, тұтқында жүріп неміс тілін үйреніп алыпты. Соғыс аяқталғаннан кейін 1946 жылы елге оралып, бір жылдан кейін отбасын құрады. Алайда, неміс тілін білгені өзіне пәле болып жабысады. Арам пиғылды біреулер “Қапар Шәкіров неміс тілін біледі” деп көрсетіп жіберген. Осылайша, тұтқыннан азып-тозып елге жетіп, енді тіршіліктің дәмін сезіп жатқан әкемді 1949 жылы қамауға алады.
Кейде әкемді көрсеткендер не үшін бұлай істеді деп ойлаймын. Ол кезде Неждановка ауылы Быков ұжымшарының бөлімшесі болды. Онда қой өсіретін. Ауылда төрт сыныптық білім тек әкемде ғана болғанын жоғарыда айтып өттім. “Есеп-шот қаға алатын кісіні ферманың меңгерушісі етіп тағайындауы мүмкін” деген іштарлықтан жасалған дүние ғой, тегі. Әй, қу дүние-ай!
Әкемді айдап әкетіп, Ресейдің Свердловск облысы Серов ауданы Сосьва стансасындағы абақтыға қамаған. Алдымен соғыста, одан кейін тұтқында болған әкемнің денсаулығы сыр берді ме, әлде ату жазасына кесілді ме, ол жағы белгісіз, 1950 жылдардың басында абақтыда қайтыс болды. Қазақта “Адамның басы – Алланың добы” деген сөз бар. Ол – кейбір адамдардың тағдырдың бұралаң да шытырман жолдарында ғұмыр кешетінін ғана емес, о бастағы мақсатын өмірдің шырғалаңдары мүлде өзгертіп жіберетінін меңзейді. Шынында да, әкемді ұстап әкеткеннен кейін артында қалған зайыбы мен екі баласының тағдыры тәлкекке түсті. Әкемнің оралмайтынын сезген нағашы атам шешемді тұрмысқа береді. Жастан асқан мені әкемнің аға-жеңгесі Шұғай мен Ұмсын бауырына басты. Ал қарындасым шешемнің аға-жеңгесінде бала болмағандықтан, солардың қолында өсті. Осылайша, бір шаңырақ ортасына түсті. Екі баласымен бақытты ғұмыр кешіп жатқан ата-анадан көз жазып қалдық. Тірі жетім болып туыстың қолында тәрбиелендім. Бір-екі сөзбен мұның қасіретін түсіндіру мүмкін емес. Әкемді айдап әкеткенде жастан асқан бала болғандықтан, ол жайлы ештеңе білмеймін. Әкемді біледі-ау дегендерден сұрасам, қазағы да, орысы да жақсы адам еді дейді. Өз ортасында сыйлы кісі болыпты. Ешкімге қиянат жасамаған азамат көрінеді. Әкемді көзі көргендердің сөзі көңілге медеу.
Қазақта “Орнында бар оңалар” деген жақсы сөз бар. Әкемнің ағасы мен жеңгесі мені өз балаларынан кем көрген жоқ. Ана дегенде, көз алдыма Ұмсын жеңгемді елестетемін. Жарықтық, тамаша кісі еді. Маған бір адамның саусағын тигізбек түгілі, қабағын да түйдірмейтін. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Ұмсын анам әкеме “Балаңды 18 жасқа дейін бағып-қағамын да, сосын үкіметке беремін” деп уәде беріпті. “Үкіметке беремін” дегені әскерге жіберемін дегені ғой. Сол аманатын орындады. Ол кез аманатқа қиянат жасамайтын уақыт еді ғой. Әсіресе, қазақтың күнделікті тіршілігінде бұл ұғым адамшылық белгісі ретінде қолданылды. Аманатына адал болған Ұмсын жеңгеме алғысым шексіз. Мектепті тамамдағаннан кейін жоғары оқу орнына түсе алмаған соң, әскер қатарына алындым. Петропавловск-Камчаткада үш жыл флотта Отан алдындағы борышымды өтегеннен кейін елге оралып, қайта оқуға құжат тапсырып, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығына түстім. Ол кезде қолында дипломы бар адам далада қалмайтын еді. Мұғалім болдым, мектеп директоры қызметін атқардым. Осы уақыт аралығында шаңырақ көтеріп, әкемнің сөнген шырағын қайта маздаттым. Осы қуанышымның барлығын Ұмсын жеңгем көрді. Қуаныштан жанарына жас алып “Қапардың оты өшкен жоқ” деп отырушы еді, жарықтық.
Ал қарындасым Үмітжанды нағашы аға-жеңгем оқытып-тоқытып, құтты орнына қондырды. Қазір Айыртау ауданындағы Светлое ауылында тұрады. Көп жылдар мұғалім болып, зейнет демалысына шықты.
Шешем Зейнішке көзі тірі кезінде амандығын білу үшін ара-тұра барып тұратынмын. Қазір оның екінші некеден туған балаларымен араласамын. Тағдыр ғой, оған шара бар ма?!
Шешем көзі тірі кезінде “Әкеңді құртқан мыналар. Құдай жазаларын береді” деп қара күйе жаққандардың атын атап, түсін түстеп кетті. Қазір солардың өзі жоқ, ал үрім-бұтағы тоз-тоз болып бітті. Шынында да, адамның көз жасына қалғандарға Құдайдың жазасы дайын екен. Жала жабу, кісі ақысын жеу, адам өлтіру және басқа да қиянат түрлерін жасаушылар оның ащы дәмін сөзсіз татады. Қиянат ешқашан жазасыз қалмаған. Оны өмірде болған оқиғалардың мәніне терең үңіле қарап, түйсіну қиын емес. Басы бар тірліктің аяғы да болары сөзсіз. Ал жақсылық жасаған адам ғана Алланың сыйына лайық. Оған да өмірден көрген-түйгені мол біз секілді ардагерлердің әлдеқашан көзі жеткен. “Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді” деген тәмсіл осыған дәлел. Сондықтан өмір мектебінен жөндеп сабақ алғанға не жетсін?!
Жазықсыз жапа шегіп, жалған жаламен тағдырдың талай тезін көрген азаматтардың арманы мен үміті өздерімен кетсе де, “әлі әділдік орнайды” деген сенімдері артында қалады екен. 1971 жылы “Артылған кінәні дәлелдейтін айғақтардың болмауынан ақталды” деген қағаз келді. Ештен кеш жақсы. Кеш болса да, әке рухына жағылған қара күйе алынып, есімі қайта жаңғыртылды. Десем де, әкемнің нақақтан-нақақ қараланып, жалынды жастық шағы, қайраты тасқа шапқан қылыштай майырылғанына күйінемін.
Алдағы уақытта әкемнің басына барып, перзенттік борышымды өтегім келеді. Шұғай атам әкемнің басына барып келгеннен кейін “қабірдің бас жағына қағылған қазыққа нөмірі мен тегі ғана жазылған” деп айтып отырғаны есімде қалыпты. Атам барып келгеннен кейін ол жаққа ешкім ат ізін салған емес. Елдің бір уыс топырағын апарып, ұлыма атасының жатқан жерін көрсетсем, көңілім орнығар, бәлкім. Атасын таныса, шыққан тегін, тамырын біліп жүрсе, үзілген үміт жібі қайта жалғанғандай болар еді.
Дайындаған Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.