Облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішевтің қатысуымен міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша өңіраралық штаб отырысы өтті.
Өңірімізге жұмыс сапарымен келген әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Нұрлан Қасымовтың айтуынша, облыстағы медициналық ұйымдардың құралдармен жабдықталуы 84 пайызды құраса, республикалық көрсеткіш 96 пайызға тең. Өңірдегі емдеу мекемелерінің тек 39 пайызы ғана ғаламтор желісіне қосылған. Ал еліміз бойынша бұл көрсеткіш 69,7 пайызды құрайды. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қызмет түрлерін ұсынатын жекеменшік емдеу мекемелерінің үлесі аз.
Бүгінгі таңда өңірде 60 ұйым медициналық қызмет көрсетумен айналысса, соның 29-ы жекеменшік. Сондай-ақ, Нұрлан Қасымов міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің нәтижесінде медициналық қызметкерлердің еңбекақысы мен медициналық қызмет түрлерінің тарифі өсуі мүмкін екенін, бұл орайда мемлекет тарапынан науқастарға бөлінетін қаржыландырудың көлемі артатынын жеткізді. Егер қазір тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында бір науқас үшін жылына 52 мың теңге бөлінсе, медициналық сақтандыру жүйесін енгізу нәтижесінде бұл қаржы 92 мың теңгені құрайтын болады. Отырыста медициналық қызмет көлемі мен сапасына мониторинг жүргізудің тиімділігін арттыру үшін үшдеңгейлі жүйені жүзеге асыру туралы айтылды. Мәселен, емханаларға тұрғындарды жалған тіркеу немесе дәйексіз медициналық қызмет көрсетулер бойынша заңбұзушылықтар орын алған жағдайда қор тарапынан қатаң шаралар қолданылады.
Үстіміздегі жылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалы 32,6 миллиард теңгенің медициналық қызметтерді сатып алу рәсімдерін жасады. Келесі жылы қолданысқа енгізілетін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі бойынша медициналық қызметтерді сатып алуға 41,1 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Біздің өңірде денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі 1,3 есе өседі.
– Облыста санитарлық көліктердің 65 пайызы ескірсе, медициналық құралдармен жабдықталу 80 пайызды құрайды. «Жедел жәрдемнің» орташа келу уақыты – 14 минут, ал республика бойынша – 12 минут. Ал санитарлық көліктер мен медициналық құралдардың жетіспеуі жұмысқа кедергі келтіреді, – деді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Лариса Гордеева.
Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев те өңірдегі емдеу мекемелерінде материалдық-техникалық құралдардың ескіруі 72,3 пайызды құрайтынын жеткізді. Басқарма басшысы облыста кадр тапшылығы күрмеуі қиын мәселе екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда 271 дәрігер қажет. Алайда, биыл облысқа 170 дәрігердің келетіні жоспарлануда. Өңірде аталмыш салаға мамандарды тарту үшін барлық шаралар қолға алынуда. Өткен жылдан бастап ауылда жұмыс істеуге құлшыныс білдірген дәрігерлерге 1,5 миллион теңге көтермеақы тағайындалды. Үстіміздегі жылы ауылда жұмыс істейтін 58 дәрігер осы мөлшердегі көтермеақыға қол жеткізеді. Сондай-ақ, жас мамандар тұрғын үймен қамтамасыз етілуде. Биыл Петропавл қаласында “7-20-25″ бағдарламасы бойынша 23 дәрігер пәтерге қол жеткізді. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 100 жас маман бір миллион теңгенің тұрғын үй сертификатына ие болады.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ринат Елжасов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кедергісіз қатысу үшін өңір тұрғындарының мәртебесін анықтауда екі жыл бойы үлкен жұмыс атқарылғанын айтты. Егер екі жыл бұрын облыста 216 мың адамның мәртебесі анықталмаса, 2019 жылдың 1 тамызында бұл көрсеткіш 54 мың адамды құрады. Соның ішінде жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – бірыңғай жиынтық төлемнің әлеуетті төлеушілері болып табылады.