Алдағы сенбі, яғни тамыздың 17-сі күні шаһарда «QymyzFest» фестивалі өтеді. Шараға 2 мың литр қымыз жеткізу жоспарланып отыр. Онымен қоса, 15 мейрамхананың аспаздары бесбармақ әзірлеуден өзара сайысқа түспек. Түрлі ұтыс ойындары да бар.
«QymyzFest» фестивалі шаһарда осымен 3-ші рет ұйымдастырылмақ. Оған еліміздің өзге де өңірлері мен көрші Ресейден қонақтар шақыртылған.
«Жылқы малы солтүстік өңірде қолға үйретілгенін келер ұрпақ ұмытпаса екен дейміз. Сондай-ақ, дәл осы шара арқылы ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, жаңғыртуға ықпал етпекпіз», – деді облыстық рестораторлар мен отельерлер қауымдастығының төрағасы Сайран Хамзин.
Байқау 3 бағыт бойынша өтпек. Алғашқысы – мейрамханалар арасындағы сайыс. Бүгінде оған қатысуға 15 мекеме өтініш білдіріпті. Арасында ауданнан келген аспаздар да бар. Қолынан бал тамған жандар бесбармақ әзірлеуден сынға түседі.
Ал “Халықтық жәрмеңке” деп аталатын екінші бағытына қала мен аудандардан келетін 16 қолөнер шебері өздерінің ағаштан, тастан және былғарыдан жасаған бұйымдарын ұсынады. Үшінші бағыты – “Карнавал шеруі”.
Кейін тұрғындар ұтыс ойындарына қатыса алады. Бас жүлде ретінде 1 жылқы берілмек. Ойынға қатысудың шарттары қарапайым, тек билет сатып алсаңыз болғаны. Билеттер Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының алдында сағат таңғы 10 жарымнан сатыла бастайды. Бір билеттің құны – мың теңге. Билеттер саны шектеулі.
«QymyzFest» фестивалі концертпен аяқталмақ.