Мемлекет басшысының салықтық рақымшылық туралы Жарлығына сәйкес, ел тұрғындарының 2019 жылдың 1 қаңтарына дейінгі салықтары бойынша өсімақылары есептен шығарылады.
13 тамыздан бастап өсімақы сомасын есептен шығару ережелері қолданысқа енгізілді. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, акция жыл соңына дейін жүзеге асады. Салық бойынша қарызы бар кез-келген қазақстандықтың өсімпұлы есептен шығарылады. Қазіргі уақытта 21 мыңнан астам солтүстікқазақстандықтың 2019 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезең үшін салық бойынша берешегі бар. Жалпы берешек – 449,2 млн теңге. Оның 340,9 млн теңгесі негізгі қарыз болса, өсім – 108,3 млн теңгені құрайды. Бюджетке берешек жеке тұлғалардың басым бөлігі, яғни 92,8 пайызы көлік салығын уақтылы төлемеген автокөлік иелері. Олардың жалпы қарызы – 416,8 млн теңге. Алайда акцияға қатысып, өсімпұлды есептен шығару үшін алдымен негізгі борышты өтеу қажет. Негізгі және жалғыз талап – осы. Қазіргі уақытта мемлекеттік кірістер органдары күн сайын жеке тұлғалардың жеке шоттарына мониторинг жүргізуде. Олар негізгі қарызды төлеген жағдайда 3 жұмыс күні ішінде өсімпұлды есептен шығару туралы тиісті шешім шығарылады.
Сурет https://www.zakon.kz сайтынан алынды.