Ресейдің Пермь қаласынан шыққан саяхатшы, жиһанкез Андрей Тюлькин Петропавл қаласына келді. Тамыздың 2-сі күні саяхатын туған шаһарынан бастаған ол осыған дейін велосипедпен Ресей Федерациясының бірнеше қаласын аралап, 1000-нан астам шақырым жол жүріп өтті.
Жиһанкез 13 жасынан бері «шайтан арбамен» әлемге саяхат жасауды армандаған екен. Андрей Тюлькин велосипедпен сағатына тоғыз шақырым жолды бағындырады. Саяхатшының көлігі навигациялық жүйе, күн сәулелерінен қуат алатын батарея және шағын бейнекамерамен жабдықталған. Ресейлік мейман Пермь қаласында өнеркәсіп жабдықтарын жасаумен айналысатын компанияда еңбек етеді. Жиһанкезге қажетті жабдықтарды сатып алуға осы компания қаржылай көмек көрсетіпті.
– Алғашқы сапарым болғандықтан, бастапқыда туған-туыстарым мен достарым менің бұл бастамама қарсы болды. Әйткенмен, кейін олар түсіністік танытып, қолдау білдірді. Қазіргі уақытта ғаламторда менің бейнеблогым бар. Мұнда менің саяхат барысында алған әсерлерімді және қызықты жағдайларды көруге болады, – дейді Андрей Тюлькин.
Облыс орталығына бір күнге ат басын бұрған қонақ өзінің саяхаты кезінде Қырғызстан, Лаос, Вьетнам, Қытай және Таиланд елдеріне баруды жоспарлап отыр. Екі жылға созылатын сапар барысында арманы асқақ жиһанкез велосипедпен 25 мың шақырым жолды жүріп өтпек.