Облыста “Жолда қабылдау” акциясы бастау алды. Шараның алғашқы күні облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев пен өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин азаматтарды қабылдап, мәселелеріне құлақ түруде. Бұл күні Петропавл қаласындағы 49 аулада қабылдау шаралары ұйымдастырылды.
Акцияның бірінші күні полицейлердің көмегіне 183 азамат жүгінді. Солардың бірі – Юлия Ацина көші-қон қызметіне қатысты сауалын жолдады. Тоқсаныншы жылдардың соңында оның ерлі-зайыпты туыстары Ресей Федерациясына қоныс аударыпты. Зейнет демалысына шығарда оларға балаларының Петропавл қаласындағы мектептердің бірінде білім алғанын растайтын құжаттар қажет болған. Бір кездері олар оқыған мектеп жабылып қалғандықтан, анықтама алу қиындық тудырыпты. Көші-қон қызметі басқармасы оның мәселесін шешіп беруге уәде етті.
– Мұндай шаралар аудандарда да қолға алынды. Тұрғындар тарапынан түскен сұрақтардың басым бөлігі жол қозғалысы қауіпсіздігіне, мемлекеттік қызмет көрсетуге, көші-қон мәселесіне, айыппұлдарды төлеуге және қаруды тіркеуге қатысты, – деді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Думан Таев.
Осы жолғы акция барысында тәртіп сақшылары ауылдарды да бақылауға алды. Ведомство жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында “Facebook” және “Instagram” әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшалар мен аккаунттарда “тікелей эфирлер” өткізілмек. Сондай-ақ, азаматтар полиция құзыреттілігіндегі сұрақтары бойынша “CALL-орталық”-қа және “WhatsApp” қосымшасына жүгіне алады.