Биыл мемлекеттік кірістер органдарының құрылғанына бес жол толды. 2014 жылы салық, кедендік бақылау, мемлекеттік кірістер комитетінің бірігуі нәтижесінде қайта құрылған бұл органның атқаратын қызметі орасан зор. Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін ұшан-теңіз еңбек сіңіріп келе жатқан мемлекеттік кірістер органы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов құттықтады.
– Бүгінде мемлекеттік кірістер органдары кеден ісі саласындағы реттеушілік, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асырады. Сондай-ақ, салықтарды, кедендік және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер мен аударымдардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етеді. Сіздер Мемлекет басшысы қойған міндетті орындап, ел дамуына сүбелі үлес қосып отырсыздар. Өңіріміз бойынша 2014-2018 жылдар аралығында мемлекеттік бюджетке түсім 59 млрд. теңгеден 79 млрд. теңгеге дейін өсті. Үстіміздегі жылы мемлекеттік бюджетке түсуі тиіс кіріс жоспары артығымен орындалып, 4 млрд. теңгені құрады. Алдағы уақытта да тұрғындарға лайықты қызмет ететіндеріңізге сенімім зор, – деген Марат Тасмағанбетов көп жыл бойы адал еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқаны үшін бірқатар азаматтарды облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады.