Өңір шаруалары ірі қараны асылдандырып, өнімділікті арттыру мақсатында алыс-жақын шет елдерден малдың жаңа тұқымдарын әкелуде. Сондай агроқұрылымдардың бірі – Айыртау ауданындағы «Бабық–Бұрлық» ЖШС-і.
Сонау 2000 жылы 250 сиыр сатып алып, кәсібін бастаған серіктестік директоры Сейілбек Махметов бүгінгі таңда ірі қара санын 1500-ге жеткізген. Сиырлардың басым бөлігін ол жергілікті шаруашылықтардан сатып алыпты. Серіктестікте малды күтіп ұстау үшін барлық жағдай жасалған. Кең жайлау мен жайлы мал қоралары бар, жемазық та жеткілікті.
– Қорадағы төлдің 80-85 пайызы – ұрғашы бұзаулар. Қазір қыстан қысылмай шығу үшін жемазықты молынан әзірлеп жатырмыз. Сондай-ақ, қар түскенше мал қораларын жөндеуді жоспарлап отырмыз, – дейді Сейілбек Ғазезұлы.
Бүгінгі таңда серіктестікте 125 адам еңбек етуде. Олардың дені – ауыл тұрғындары. Ал күзгі орақ және көктемгі егіс науқаны кезінде қосымша тағы 30 жұмысшы жалданады.
Серіктестік егіншілікті де жолға қойған. Мәселен, өткен жылы шаруашылық “АӨК өнімі өндірісінің рекордшысы” аталымында жеңіске жетті. Былтыр серіктестіктің дәнді дақылдар себілген алқабы гектарынан 62,5 центнер өнім беріп, өңір рекорды жаңартылды. Ал күзгі жиын-терімнің қорытындысы бойынша шаруашылықтағы орташа өнімділік 40 центнерді құрады.