Спорт күніне орай Петропавлдағы Спорт сарайында салтанатты жиын өтті. Оған өңіріміздің белгілі спортшылары, жаттықтырушылары мен осы саланың ардагерлері жиналды.
Салтанатты шара барысында спорт саңлақтарының жетістіктері туралы сыр шертетін бейнефильм көрсетілді.
Өңір спортшыларына облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың құттықтауын жеткізген орынбасары Асқар Сақыпкереев дене шынықтыру мен спортты дамытудың маңызы зор екенін атап өтті.
– Соңғы жылдары елімізде спорт саласын жан-жақты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғындарды бұқаралық спортпен белсенді айналысуға шақырып, үйірмелердің қолжетімді болуы керек екенін атап айтқан болатын. Бүгіндері бұқаралық спортпен шұғылданатын солтүстікқазақстандықтардың қатары 175 мыңға жетті. Үстіміздегі жылдың басынан бері 600-ден астам спорттық шара өткізіліп, оған 160 мың адам қатысқан. Бүгіндері толағай табыстарға қол жеткізіп, әлемнің әр түкпірінде қазақ елінің атын да, абыройын да асқақтатып жүрген спортшыларымызды мақтан тұтамыз. Жеңісті сәт – бапкерлер мен спортшылардың аянбай төккен еңбегінің жемісі. Бұл қазақстандық спорттың жоғары дегейін, әлемдік аренада өзіндік орны бар екен көрсетеді, – деген әкімнің орынбасары өңір спортының ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерін тілге тиек етті.
Бұдан кейін дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан елеулі үлесі, ұзақ жылғы адал еңбегі үшін бір топ азаматқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.