Петропавл қаласындағы Спорт сарайында жергілікті “Құлагер” хоккей клубының әкімшілігі жанкүйерлерге команданың жаңарған құрамын таныстырды.
Хоккей клубының баспасөз хатшысы Артем Киселевтің айтуынша, ойыншылардың жетеуі басқа командалардан ауысып келіпті. 2016-2017 жылдары екі рет ел кубогына ие болған клубтың жаңа құрамы тамыздың 1-інен жолдастық кездесулер өткізген. Алдағы маусымға петропавлдық команданың капитаны ретінде Ильгиз Нуриев таңдалса, оған Максим Первухин мен Денис Стасюк көмекші болады.
Хоккейден ел кубогы 18 тамыз күні Алматыдағы “Halyk Arena” спорт кешенінде басталады. Бас жүлде үшін он команда тартысқа түседі. Бұл күні жерлес хоккейшілер “Ақтөбе” командасымен кездеседі.
Үшінші орын үшін кездесу мен ақтық сын 24 тамызға жоспарланған. Алғашқы матч сағат 13-те, шешуші ойын кешкі 19-да басталады. Бұл кездесулерді “QAZSPORT” телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.