«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“SALT-DÁSTÚR” БИЫЛ ДА ӨТЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы Конституция күніне орай өңірлік “Salt-dástúr” этномәдени фестивалін өткізуді жоспарлауда. Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында фестивальге дайындық барысы жайлы айтылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы келесі жылы ширек ғасырлық мерейтойын атап өтеді. Осы уақыт аралығында бірегей қоғамдық-саяси институт бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан этностар арасындағы бірлікті нығайтып, еліміздегі конфессияаралық келісімді қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Бүгінде оның жанынан құрылған депутаттық топ, қоғамдық келісім, аналар, ардагерлер кеңестері, қайырымдылық клубтары, медиация кабинеті табысты жұмыс істеуде.
Еліміздегі бірлік пен келісімді нығайтуға мүдделі облыстық ассамблеяда қазіргі таңда – 26, аудандарда 181 этномәдени бірлестік бар. Өңірімізде олардың әрқайсысының өз мәдениетін, салт-дәстүрін дамытып, ана тілін меңгеруіне жағдай жасалған.
– “Salt-dástúr” этномәдени фестивалі – жергілікті этномәдени бірлестіктердің басын қосатын дәстүрлі шара. Ол 10 жылдан бері өткізіліп келеді. Шараны өткізу форматы жыл сайын өзгергенімен, мақсаты бір, яғни өңірімізде тұрып жатқан этностардың әдет-ғұрыптарын насихаттау, өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу болып қала бермек, – деді Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Мұратбек Зейнуллин.
Фестиваль 30 тамыз күні Достық үйінің алдындағы алаңда өтеді. Оған қазақ, орыс, неміс, татар, поляк, түрік, тағы басқа этнос өкілдері қатысады. Бұл күні алаңда киіз үйлер тігіліп, этномәдени орталықтардың шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді.
Фестиваль барысында қонақтардың қатысуымен ұлттық ойындар, сайыстар және спорттық жарыстар ойнату жоспарланған. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp