Өскелең ұрпаққа өрт қауіпсіздігі ережелерін және су қоймалары мен ормандарда өздерін қалай ұстау керектігін үйрету мақсатында Есіл аудандық төтенше жағдай жөніндегі бөлім қызметкерлері балаларға арналған “Родник” лагерінде демалушы өрендермен кездесті.
Шара барысында бөлімнің бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Санат Мұқашев балаларға өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелері, сіріңке және оттықпен ойнауға, құрғақ шөпке от қоюға болмайтынын айтты. Сонымен қатар бөлім қызметкерлері оларға судағы оқыс оқиғалардың куәгерлері болса, қалай жедел әрекет ету қажеттігін және алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйретті.
Өрендер құтқарушылардың жауынгерлік киімін киіп көріп, өрт сөндіруге арналған көліктің құрылғысымен және қолданыстағы жабдықтарымен танысты, сондай-ақ апаттық-құтқару жұмыстарының түрлері мен әдіс-тәсілдеріне қанықты.