«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1992 жылдың 18 тамызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Ре­с­пуб­ли­ка­сы­ның Шекара әс­­кері құ­­рылды. Содан бері қазақ­стан­­дық ше­кара­шы­лар еліміз­дің тыныш­тығы мен қауіп­сіздігін ­ қырағылықпен кү­зетуде.

Шекара қызметінің құры­луы тә­у­елсіздіктің басқа да атрибутта­рын қалыптас­тыру сияқты күр­де­лі кезеңдерден өтті. 1995 жылы Ше­ка­раны күзету жөніндегі мемле­кеттік комитет құрылып, ал кейін Қазақстан Қарулы Күштерінің қата­рындағы Мемлекеттік шекара күзетінің күштері болып өзгертілді. Содан бері әскери мамандар шекараны күзету, есірткі айналымына, заңсыз көші-қонға, контрабандалық жүкті өткізуге тосқауыл қойып, тәуелсіз елдің ты­ныштығы мен қауіпсіздігін қорғап келеді.
Қазақстан мен Ресейдің өзара мемлекеттік шекарасының ұзындығы 7591 шақырымды құрайды. Бұл – әлемдегі екі ел арасындағы ең ұзын шекара. Со­ның 1203 шақырымы біздің өңір арқылы өтеді. Облысымыз Ресейдің әлеуеті зор Түмен, Омбы және Қорған сияқты өңірлерімен шектесіп жатыр. Қазіргі уақытта бұл аумақты күзету міндетін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің №2032 әскери бөлімі атқарады. Шекара бойындағы жиырмаға жуық бөлімше белгіленген аумақтың тыныштығын күзетуде.
Заман ағымына сай шекара­шылар есірткі трафигіне, экстре­мизм мен терроризмге, экономикалық мүддемізге зиян келтіретін өзге де заң бұзушылықтарға жол бермеу істері бойынша күш жұмылдырып келеді. Шекара қызметінің материалдық базасы жыл санап нығайтылғанымен, жұмысымыз жеңілдеп жатқан жоқ. Қайта бізге қойылатын талаптар мен міндеттер жылдан-жылға күшеюде. Бірақ “Тәртіпке бағынған құл болмайды” дегендей, мұндағы әрбір қызметші өзіне бекітілген істі бұлжытпай орындауда. Өйткені, шекарадан төнетін қауіп көп. Мұндағы қиындықтарды көпшілік біле бермейді. Біздің қызмет жауапкершілік пен жылдамдықты талап етеді.
№2032 әскери бөліміне қарасты “Қарақоға” автомобильдік шекара бақылау бөлімшесі арқылы түрлі контрабанда өткізуге немесе шекараны жасырын түрде кесіп өтуге талпыныс жасайтындар аз емес. Мәселен, 2016 жылы шекара арқылы 5 тонна акцизсіз темекіні елімізге заңсыз түрде алып өтпекші болған азаматтар құрықталды. Жалпы, бұл бөлімшенің қабылдау-өткізу бекетінен тәулігіне 2,5 мыңдай адам өтеді. Ал бекет шекарашылары айына 50 мыңға жуық азамат пен 15-20 мыңдай автокөлік құралын тексереді. Бүгінге дейін шекарадағы бекеттер арқылы 2029528 адам мен 561622 көлік құралы өткізілді. Бұл кезеңде 1758 заң бұзушылық тіркеліп, құқық бұзған 2042 адам ұсталды. Ал өткен жылы тыныштық күзетіндегілер шекара арқылы алып өтпек болған 1,2 килограмға жуық есірткіні, 353 оқ-дәріні және 16 қаруды тәркіледі.
Қырағылық танытып жүрген шекарашылар бұдан басқа да заңсыз әрекеттердің жолын кесуде. Мәселен, ұрланған автокөлікпен ұсталып немесе шекарадан рұқсатсыз өтпекші болғандар да бар. Атап айтқанда, “КамАЗ” автокөлігіне тиелген жүктердің арасына жасырынған Моң­ғолия елінің азаматтары ұсталды. Екі азамат Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекарасын қасақана бұзу, ал өзгелері заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактілері бойынша жауапқа тартылды.
Шекараның материалдық-техникалық базасын жаңартуға да мемлекет тарапынан зор мән берілуде. Нәтижесінде бөлімдеріміз қажетті құрал-жабдықтармен қамтылып, шекара бекеттері мен жасақтарының, сондай-ақ, ғимараттардың инфра­құрылымы дамытылуда. Осындай қолдаудың арқасында өткен жылы бірнеше “КамАЗ” бен 13 “УАЗ” көлігі №2032 әскери бөлімінің балансына бе­рілді. Сондай-ақ, құжаттарды тексеруге арналған “Бүркіт” компьютерлік техникалары және бейне-бақылау камералары орнатылды. Сонымен қатар казармалар мен күзет орындарын күрделі жөн­­деуден өткізу және оларды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы жылдары уақытпен санаспай тыныштық күзетінде жүрген шекарашыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесінің де шешімін тапқаны құптарлық. Мемлекет қамқорлығын сезінген әр маманның өз ісіне деген жауапкершілігінің арта түсері сөзсіз.
Мемлекет мүддесіне қарсы жасалған қылмыстың жолын кесу – біздің кәсіби парызымыз. Сол себепті шынығып, шымыр болуға ерекше көңіл бөлінеді. Шекарашылар әр кез өткізіліп тұратын байқаулар мен оқу-жаттығуларға қатысып, өз білімдері мен тәжіри­белерін шыңдауда. Осындай сайыстардың бірінде “Үздік әскери бөлімше” атағын жеңіп алғанымызды айта кеткен жөн.
Ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның тұяғы талатын ұлан-ғайыр даламыздың тыныштығын қорғап, шекарадан қаскөйлерді өткізбей қырағылық таныту – біздің асыл міндетіміз.

Жұмахан ӘБІЛБЕКОВ,
Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің  №2032 әскери бөлімі басшысының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp