Соңғы жылдары еліміздің спорт саласы жақсы дамуда. Жан-жақты қолдаудың арқасында спорт саңлақтары бәсі биік дүбірлі додаларда жеңіс тұғырынан көрініп, ел абыройын асқақтатуда. Әсіресе, Олимпиада шыңын бағындыруға талпынған қыз-жігіттердің ерік-жігері сүйсінтеді. Бүгінгі күні өскелең ұрпақ өкілдері Данияр Елеусінов, Дмитрий Баландин және Ольга Рыпакова сияқты толағайларға қарап бой түзейді.
Бүгіндері 175 мыңнан астам солтүстікқазақстандық бұқаралық спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл – өңір тұрғындарының үштен бір бөлігі. Өңір аумағында спорт инфрақұрылымдарының қолжетімділігін арттыру мақсатында ауқымды жұмыс атқарылуда. Егер өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында облысымызда бар болғаны 10 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істесе, қазір олардың саны 27-ге жетті. Ал спорттық нысандардың саны екі есе артты.
Өткен жылы Мағжан Жұмабаев және Уәлиханов аудандарының орталықтарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Петропавл қаласында заманауи әмбебап теннис орталығы бой көтерді. Олимпиадалық резервтегі облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледждің ашылатын күні де алыс емес. Небір чемпиондардың ауылдан шығып жатқаны белгілі. Демек, ауыл ұландарына жағдай жасау маңызды. Облыстағы спорттық нысандардың басым бөлігі елді мекендерде орналасқан. Жыл басынан бері олардың саны 30-дан астам жаңа нысанмен толықты. Қазіргі уақытта “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында Айыртау ауданындағы Саумалкөл және Ақжар ауданының Талшық ауылдарында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде.
Қызылжар өңірі өзінің бай спорт тарихымен және игі дәстүрлерімен мақтана алады. Облыста елеулі жетістіктерге жеткен белгілі чемпиондар мен рекордшылар аз емес. Бүгінгі таңда оларға қарап бой түзеген 413 солтүстікқазақстандық спортшы еліміздің ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетуде.
Биыл өңір спортшылары халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, үздік нәтижелер көрсетті. Атап айтқанда, Нұрқожа Қайпанов Қытайдың Сиянь қаласында еркін күрестен өткен Азия біріншілігінде жеңіске жетті. Осылайша, 20 жастағы спортшы Қазақстан күресі тарихында ең жас Азия чемпионы атанды. Ал петропавлдық жеңіл-атлетшілер – Михаил Литвин мен Маргарита Мұқашева Катар астанасы – Доха қаласында жеңіл атлетикадан өткен XXIII Азия біріншілігінде қола жүлдені иеленді. Бұдан бөлек, Михаил Италияның Неаполь қаласында өткен жазғы дүниежүзілік универсиадада ел қоржынына күміс медаль салды. Ол 400 метрді 45,77 секундта бағындырды. Әйелдер күресінен Моңғолияның Ұлан-Батор қаласында өткен Азия біріншілігінде Екатерина Фирстова қола жүлдені еншіледі.
Өңір спортшыларының жүлде қоржынын велоспортшылар да толықтыруда. Мәселен, есімі әлемге танылған жерлес велошабандоз, “Astana” кәсіпқой велокомандасының мүшесі Алексей Луценко “Оман туры” көпкүндігінде екінші жыл қатарынан жеңімпаз атанды. Велоспортшыларымыз, әсіресе, командалық жарыста мықтылықтарын дәлелдеді. Жандос Бижігітов пен Артем Захаров Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен халықаралық бәсекеде алтыннан алқа тағынды. Наталья Сайфутдинова мен Махаббат Үмітжанова күміс, ал Алина Саркулова қола жүлдегер атанды. Сонымен қатар велоспорттан өңір құрамасы еліміздің жазғы спартакиадасында жалпыкомандалық есепте бесінші орынға тұрақтады.
Өңір каратэшілері де жетістіктен құр алақан емес. Болгарияның Дьер қаласында кекушинкай каратэден өткен Еуропа біріншілігінде Сергей Кучерявый чемпион атанды. Сондай-ақ, бұл дүбірлі додада Анфиса Дорогаева екінші болса, Аяжан Өтеғұлова мен Богдан Митрофанов үздік үштікті түйіндеді. Германияның Штутгарт қаласында гір спортынан өткен Еуропа біріншілігінде Артем Головин жастар арасында алтын, ерлер сынында қола медальді жеңіп алды. Ал Эльмира Кунахунова Тайландта тай боксынан жалауы желбіреген әлем чемпионатында, Назгүл Маратова дзюдодан Ақтау қаласында өткен Азия кубогында қола медаль иегерлері атанды. Бұрымды қыздардың бұл жетістіктеріне қалайша сүйсінбейсің?!
Облыста ұлттық спорт түрлері де қарқынды дамуда. Екі жыл бұрын облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен “Қызылжар Арландары” кәсіби спорт клубы құрылды. Балуандарымыз аз уақыттың ішінде қазақ күресінен өткен ел кубогының екі мәрте қола жүлдегері атанды. “Есіл” және “Барыс” клубтарының волейболшылары мен баскетболшылары да жанкүйерлерін жақсы нәтижелерімен қуантуда. Ал “Құлагер” хоккей клубы 2018-2019 жылдар аралығындағы маусымда ел біріншілігінің қола жүлдегері атанған болатын. Бұған дейін біздің хоккейшілеріміз екі рет ел кубогын иеленді.
Спортшыларымыздың абыройының асқақтауына жаттықтырушылардың қосқан еңбегі орасан. Тәжірибелі бапкерлер 4 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 38 спорт шеберін, 157 спорт шеберіне үміткерді және 174 санатты спортшыны дайындады. Отандық спорттың дамуы үшін аянбай тер төгіп жүрген бапкерлеріміз әлі талай чемпиондарды тәрбиелері анық.
Біздің алдымызда зор міндеттер тұр. Спорт шеберлеріміз әлем біріншіліктерінде сәтті өнер көрсетіп, 2020 жылы алауы жағылатын Токио Олимпиадасына жолдамалар ұтып алулары керек. Спорт инфрақұрылымын дамытуды жалғастыру да күн тәртібінен түспейтін мәселе. Алдағы уақытта облыс орталығы мен аудандарда жаңа стадиондар, сауықтыру және жаттығу кешендері бой көтереді. Басты мақсат – халықаралық сайыстарда ел даңқын аспандататын жастарды тәрбиелеу.
Руслан ЕСЕНАЛИН,
облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.