Ауыл тұрғындары қорадағы малының қысқы азығын дайындау үшін белі бүгіліп, қаншама тер төгеді. Сондықтан қолдағы жем-азықтан айырылып қалмау үшін сақтық шараларын қатаң ескерген жөн.
Дайындалған шөп қоршалған болуы және электр қуаты желісінен – 15, жолдан – 20, шаруашылық құрылыстарынан, тұрғын үйлерден 50 метрдей қашықтықта болуы қажет. Әрқашан өртке қарсы қызметтің “101” және “102” телефон нөмірлерін естен шығармай, өрт болған жағдайда дереу хабар беру керек.
Агроқұрылымдар мен шаруа қожалықтарында төтенше жағдайға өрт сөндіру техникасы әрқашан дайын болуы маңызды. Ал егін мен мал азығын жинауға қатысатын техникалар өрт сөндіргіштермен қамтамасыз етілуі тиіс. Көп мөлшерде дайындалатын пішенді сақтау үшін үйілетін маялардың орнын алдын ала жинап, аумақты найзағайдан қорғану құралдарымен жабдықтаған жөн. Әр маяның аумағы – 150 шаршы метрден, ал олардың арақашықтығы 20 метрден аспауы керек. Әрбір маяның арасы ені 4 метр болатындай етіп жыртылуы және шөп үйілген жер тәулік бойы күзетілуі қажет.
Азат САМАТОВ,
№6 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау лейтенанты.