Халқымыздың ғасырлар қойнауынан желі тартқан тарихының төрт құбыласын түгелдесеңіз, қазақтың бір-бірімен бауырластығының, ынтымағының беріктігіне көзіңіз әбден жетеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау төрінде берген сұхбатында: “…Мыңдаған, миллиондаған мал жатса да көрінбейтін шүйгін дала болған. Бар қазақ жан-жақтан келген соң киіз үй тігеді, ат шаптырып, той жасайды. Осы жерде қыз ұзатады, баласын үйлендіреді. Бір-бірімен құда болып тарасады. Мына елдің қызы былай кетеді, ана елдің жігіті мына жақтан қыз алады. Еліміз осылай араласады. Қазақтың кең даласында диалект сөздің жоқтығы содан деп ойлаймын”, – деген болатын.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен Солтүстік өңірлерге қоныстанған жерлестеріміздің тұрмыс-тіршілігімен танысып қайту мақсатында қасиетті Қыжылжар өлкесіне табан тірегенімізде біздің есімізге осы сөздер түсіп еді. Расында, Қызылжар өңірінің азаматтары бізді құшақ жая қарсы алды. Мұнда бізді Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, жерлестерімізді Солтүстік облыстарға көшіру ісіне ұйытқы болып жүрген азамат Жаңабай Ағабеков, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бастамалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашев күтіп отыр екен. Баспасөз туры журналистерін бастап келген Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дамир Жүнісов сапар мақсатымен таныстырды.
Оның мәлімдеуінше, Қызылжарға қоныс аударған 683 адамның 287-сі еңбекке қабілетті, солардың 204-і бүгінде тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл ретте 75 келіншектің бала күтімімен демалыста екенін, біразының үй шаруашылығымен айналысатынын ескерген жөн. Қоныс аударғандардың басым көпшілігі тұрғын үймен, тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіп ашамын деушілерге жер учаскелері, бос тұрған ғимараттар беріліпті. Мемлекет тарапынан материалдық көмектер көрсетілген. Олар “Өңіраралық бос жұмыс орындары” жәрмеңкесінің тиімділігін көріп келеді.
“Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық”. Баспасөз мәслихатынан соң іркілмей Мағжан Жұмабаев ауданына тартып кеттік. Аққайың ауылдық округінің әкімі Нұрболат Ешентаевтың айтуынша, мұнда 10 отбасы көшіп келген. Солардың бірі – Мақсат Есжанов. Ол – Түркістан облысындағы Қазығұрт ауданының тумасы. Осында былтыр ғана қоныс аударған. Бүгінде қорасындағы елуден астам ірі қара малының өнімін ұқсатып отыр. Әр сиыр тәулігіне 30 литрден сүт береді екен. Ал бұл сүтті май зауытына литрін 80 теңгеден өткізеді.
Біз Мақсаттың 50 ірі қараға арнап салған қорасымен, жылыжайымен таныстық. Бұрын әскери қызметте болған ол бүгінде шаруашылыққа әбден төселіп алған. Мақсаттың келіншегі мектепте бастауыш сынып оқушыларына сабақ береді. Бір қуаныштысы Ақтолқын біз келгенде төртінші перзентін босану үшін перзентханаға кетіпті.
Шерхан Нұрсейітов Ордабасы ауданы Төрткүл ауылынан көшіп келіпті. 350 мың теңгеге ақ кірпішпен өрілген бес бөлмелі үй сатып алған. Қазір ол Аққайың ауылдық округінде мал дәрігері болып жұмыс істейді. Ауылдық округтің құрамында 6 елді мекен бар. Шерхан осында Сарыағаш ауданынан келген Гүлнұр есімді аруды кездестіріпті. Бүгінде әп-әдемі отау болып отыр. Гүлнұр ауыл әкімдігіне қызметке орналасыпты.
Ал Сұлушоқ ауылының азаматы Қайрат Жәнібеков ауылымен аттас жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жетекшілік етеді. Ол өз қаржысына бес үй салып жатыр. Әр үйдің құны шамамен 6,5-7 миллион тұрады. Оңтүстіктен көшіп келген отбасы осы үйлердің біріне қоныстана алады. Бұл үшін олар “Сұлушоқ” ЖШС-інде бес жыл жұмыс істеуі тиіс. Осы бес жылын өтеген соң олар үйді өз меншіктеріне өткізе алады.
– Ауыл мектебінде 28 оқушы бар еді. Мектебіміз жабылып қалар ма еді, егер сіздердің облыстарыңыздан отбасылар көшіп келмегенде? Соңғы екі жылда біздің ауылға 8 отбасы қоныс аударды. Олардың 16 баласы мектепке барды. Осының нәтижесінде мектебіміз толыққанды жұмыс істеп тұр. Бізде мамандар тапшы. Салынып жатқан бес үй де бос тұрмайды деп сенеміз, – дейді “Сұлушоқ” ЖШС-нің басшысы Қайрат Сапарғалиұлы.
Ордабасы ауданы Бөржар ауылының тумасы Нұрдәулет Исабековтің Мағжан Жұмабаев ауданына көшіп келгеніне 4 айдың жүзі ғана болыпты. Қазір оның жеке үйі бар. 5 миллион теңге қайтарымсыз несие алған. Отбасының әрбір мүшесі үшін 88600 теңге қосымша қаржы төленіпті. Ол қазір орман шаруашылығында автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істеп жүр. Айлық еңбекақысы 120 мың теңге. Келіншегі – есепші. 2 ұл, 1 қызы бар отбасы шаруашылығын дөңгелетіп отыр. “Мұндағылар адам жатырқамайды. Қонақжай. Тез сіңісіп кеттік”, – дейді Нұрдәулет.
Сарыағаш ауданынан көшіп келген Нұрсейіт Өміров келіншегі Мехрибан Шералиевамен бірге жылыжай салып алған. Сонымен бірге олардың жол бойында асханасы бар. Омбы қаласынан Қазақстанға өтетін қонақтар оның асханасына ат басын бұрмай өтпейді. Қазір Өміровтер отбасы 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың ендігі ойы жекеменшік емхана салу.
Түркістан облысы Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылының тұрғыны Гүлчехра Сырманова Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданына қарасты Покровка ауылына 2016 жылы отбасымен бірге қоныс аударған. Олардың 6 баласы бар. Гүлчехра алдынан аудан әкімінің өзі шыққанын мақтанышпен айтады: “Үйімізге күнде келіп тұрды. Егетін картопқа дейін берді. Қыста отыннан тарыққан жоқпыз. Бізбен бірге көшіп келгендердің барлығы тұрмыстарын түзеп алды. Бәрінің қорасы малға толды. Ауа райы қатал деп естуші едік. Бекер екен. Үйренісіп кеттік. Қазір сүт қабылдау пунктінде зертханашы болып жұмыс істеп жүрмін. Шұбардан 10 отбасы келгенбіз. Бүгінде бір үйдің мүшелеріндей араласамыз. Көшіп келемін деушілерге мұнда барлық жағдай жасалған”, – дейді Гүлчехра.
Мамлют ауданы әкімінің орынбасары Алмагүл Рамазанованың айтуынша, оңтүстіктен көшіп келгендердің арқасында Ленин, Бостандық секілді ауылдардың мектептері сақталып қалған.
Түркістандық делегацияны Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев қабылдады. Оның айтуынша, көшіп келгендерге мал, құс сатып алу үшін 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін субсидиялар қарастырылған. Сонымен бірге мемлекеттік бағдарламалар аясында несиелер беріледі. Асқар Жоламанұлы көшіп келемін деушілерге өңірде 428 тұрғын үй салынатынын айтты. Осында қоныс аударғандар пәтер жалдап тұрса, оның төлемақысы мемлекет есебінен төленеді. Үй салып аламын деушілерге жеңілдетілген несие беріледі. Қазір облыста болашағы жоқ деп танылған ауылдардың тамырына қан жүгіре бастаған. Қазақ мектептері көптеп ашылып жатыр. “Серпін” бағдарламасы бойынша облыстағы жоғары оқу орнында 1 мыңнан астам студент білім алуда. “Олардың басым көпшілігінің осында қалғанын қалаймыз”, – дейді Асқар Жоламанұлы. Бүгінде облыс бойынша мал дәрігері, агроном, механизатор, диқан, мұғалім жетіспейді. Сондықтан оңтүстіктіктер іркілмей Қызылжарға асықса құба-құп.
Осы сапарда біз Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы жерлестеріміздің тұрмыс-тіршіліктерімен де таныстық. Сергеевка қаласында қоныс аударушыларға арналып 17 тұрғын үй салынып жатыр екен. Шұбарсу ауылынан келген Мөлдір Ізтілеуова, Шымкент қаласынан келген Тәңірберген Тойбаев пен Серік Тоқымбаев, Түлкібас ауданынан келген Нұрлыбек Қисықов бүгінде көштерін түзеп алыпты. Бірінің үйінде сүндет той, екіншісінде тұсаукесер болып жатыр. Қазақы ауыл. Қазақы тұрмыс. Қуандық. Қызықтық.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Шымкент қаласы.