«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРДАҒЫ ЫСТЫҚ ҚАУЫШУЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыздың ғасырлар қойна­уы­нан желі тартқан тарихының төрт құбыласын түгелдесеңіз, қазақтың бір-бірімен бауырластығының, ын­тымағының беріктігіне көзіңіз әб­ден жетеді. Қазақстан Республи­касының Тұңғыш Президенті-Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы­тау төрінде берген сұхбатын­да: “…Мыңдаған, миллиондаған мал жатса да көрінбейтін шүйгін дала болған. Бар қазақ жан-жақтан келген соң киіз үй тігеді, ат шап­тырып, той жасайды. Осы жерде қыз ұзатады, баласын үйлендіреді. Бір-бірімен құда болып тарасады. Мына елдің қызы былай кетеді, ана елдің жігіті мына жақтан қыз алады. Еліміз осылай араласады. Қазақтың кең даласында диалект сөздің жоқтығы содан деп ойлай­мын”, – деген болатын.

Түркістан облысының әкімі Өмір­зақ Шөкеевтің бастамасымен Солтүстік өңірлерге қоныстанған жерлестеріміздің тұрмыс-тірші­лігімен танысып қайту мақсатында қасиетті Қыжылжар өлкесіне табан тірегенімізде біздің есімізге осы сөздер түсіп еді. Расында, Қызылжар өңі­рінің азаматтары бізді құшақ жая қарсы алды. Мұнда бізді Түркістан облыстық мәслихатының депута­ты, жерлестерімізді Солтүстік об­лыстарға көшіру ісіне ұйытқы бо­лып жүрген азамат Жаңабай Аға­беков, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­мет­тік бастамалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашев күтіп отыр екен. Баспасөз туры журналистерін бастап келген Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орын­ба­сары Дамир Жүнісов сапар мақсатымен таныстырды.
Оның мәлімдеуінше, Қызылжарға қоныс аударған 683 адамның 287-сі еңбекке қабілетті, солардың 204-і бүгінде тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл ретте 75 келіншек­тің бала күтімімен демалыста еке­нін, біразының үй шаруашылы­ғы­мен айналысатынын ескерген жөн. Қоныс аударғандардың басым көп­шілігі тұрғын үймен, тұрақты жұ­мыспен қамтылған. Кәсіп ашамын деушілерге жер учаскелері, бос тұрған ғимараттар беріліпті. Мем­лекет тарапынан материалдық кө­мектер көрсетілген. Олар “Өңір­ара­лық бос жұмыс орындары” жәрмеңкесінің тиімділігін көріп ке­леді.
“Мың рет естігеннен, бір рет көр­ген артық”. Баспасөз мәслихаты­нан соң іркілмей Мағжан Жұма­баев ауданына тартып кеттік. Ақ­қайың ауылдық округінің әкімі Нұрболат Ешентаевтың айтуын­ша, мұнда 10 отбасы көшіп келген. Солардың бірі – Мақсат Есжанов. Ол – Түркістан облысындағы Қа­зы­ғұрт ауданының тумасы. Осында былтыр ғана қоныс аударған. Бү­гінде қорасындағы елуден астам ірі қара малының өнімін ұқсатып отыр. Әр сиыр тәулігіне 30 литрден сүт береді екен. Ал бұл сүтті май зауытына литрін 80 теңгеден өткізеді.
Біз Мақсаттың 50 ірі қараға ар­нап салған қорасымен, жылыжа­йы­мен таныстық. Бұрын әскери қыз­метте болған ол бүгінде шаруашы­лыққа әбден төселіп алған. Мақсаттың келіншегі мектепте бастауыш сынып оқушыларына сабақ береді. Бір қуаныштысы Ақтолқын біз кел­генде төртінші перзентін босану үшін перзентханаға кетіпті.
Шерхан Нұрсейітов Ордабасы ауданы Төрткүл ауылынан көшіп келіпті. 350 мың теңгеге ақ кірпіш­пен өрілген бес бөлмелі үй сатып алған. Қазір ол Аққайың ауылдық округінде мал дәрігері болып жұ­мыс істейді. Ауылдық округтің құ­рамында 6 елді мекен бар. Шерхан осында Сарыағаш ауданынан кел­ген Гүлнұр есімді аруды кездес­тіріпті. Бүгінде әп-әдемі отау бо­лып отыр. Гүлнұр ауыл әкімдігіне қызметке орналасыпты.
Ал Сұлушоқ ауылының азама­ты Қайрат Жәнібеков ауылымен аттас жауапкершілігі шектеулі се­ріктестігіне жетекшілік етеді. Ол өз қаржысына бес үй салып жатыр. Әр үйдің құны шамамен 6,5-7 мил­лион тұрады. Оңтүстіктен көшіп келген отбасы осы үйлердің біріне қоныстана алады. Бұл үшін олар “Сұлушоқ” ЖШС-інде бес жыл жұ­мыс істеуі тиіс. Осы бес жылын өте­ген соң олар үйді өз меншікте­ріне өткізе алады.
– Ауыл мектебінде 28 оқушы бар еді. Мектебіміз жабылып қа­лар ма еді, егер сіздердің облыс­тарыңыздан отбасылар көшіп кел­мегенде? Соңғы екі жылда біздің ауыл­ға 8 отбасы қоныс аударды. Олар­дың 16 баласы мектепке барды. Осының нәтижесінде мектебіміз толыққанды жұмыс істеп тұр. Бізде мамандар тапшы. Салынып жат­қан бес үй де бос тұрмайды деп се­не­міз, – дейді “Сұлушоқ” ЖШС-нің бас­шысы Қайрат Сапарғалиұлы.
Ордабасы ауданы Бөржар ауы­лы­ның тумасы Нұрдәулет Исабе­ковтің Мағжан Жұмабаев ауданына көшіп келгеніне 4 айдың жүзі ғана болыпты. Қазір оның жеке үйі бар. 5 миллион теңге қайтарымсыз не­сие алған. Отбасының әрбір мүше­сі үшін 88600 теңге қосымша қар­жы төленіпті. Ол қазір орман ша­руашылығында автокөлік жүргізу­шісі болып жұмыс істеп жүр. Айлық еңбекақысы 120 мың теңге. Келін­шегі – есепші. 2 ұл, 1 қызы бар от­басы шаруашылығын дөңгелетіп отыр. “Мұндағылар адам жатыр­қа­майды. Қонақжай. Тез сіңісіп кет­тік”, – дейді Нұрдәулет.
Сарыағаш ауданынан көшіп кел­ген Нұрсейіт Өміров келіншегі Мех­рибан Шералиевамен бірге жылы­жай салып алған. Сонымен бірге олардың жол бойында асханасы бар. Омбы қаласынан Қазақстанға өтетін қонақтар оның асханасына ат басын бұрмай өтпейді. Қазір Өмі­ровтер отбасы 8 адамды жұ­мыспен қамтып отыр. Олардың ен­дігі ойы жекеменшік емхана салу.
Түркістан облысы Ордабасы ау­даны Шұбарсу ауылының тұрғыны Гүлчехра Сырманова Солтүстік Қа­зақстан облысының Мамлют ауда­нына қарасты Покровка ауылына 2016 жылы отбасымен бірге қоныс аударған. Олардың 6 баласы бар. Гүлчехра алдынан аудан әкімінің өзі шыққанын мақтанышпен айта­ды: “Үйімізге күнде келіп тұрды. Еге­тін картопқа дейін берді. Қыста отыннан тарыққан жоқпыз. Бізбен бірге көшіп келгендердің барлығы тұрмыстарын түзеп алды. Бәрінің қорасы малға толды. Ауа райы қатал деп естуші едік. Бекер екен. Үйренісіп кеттік. Қазір сүт қабыл­дау пунктінде зертханашы болып жұмыс істеп жүрмін. Шұбардан 10 отбасы келгенбіз. Бүгінде бір үйдің мүшелеріндей араласамыз. Көшіп келемін деушілерге мұнда барлық жағдай жасалған”, – дейді Гүлчехра.
Мамлют ауданы әкімінің орын­ба­сары Алмагүл Рамазанованың айтуынша, оңтүстіктен көшіп кел­гендердің арқасында Ленин, Бос­тандық секілді ауылдардың мек­тептері сақталып қалған.
Түркістандық делегацияны Сол­түстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев қабылдады. Оның айтуынша, көшіп келгендерге мал, құс сатып алу үшін 200 айлық есептік көр­сеткіш көлеміне дейін субсидиялар қарастырылған. Сонымен бірге мемлекеттік бағдарламалар аясын­да несиелер беріледі. Асқар Жоламанұлы көшіп келемін деушілерге өңірде 428 тұрғын үй салынатынын айтты. Осында қо­ныс аударғандар пәтер жалдап тұр­са, оның төлемақысы мемлекет есебінен төленеді. Үй салып аламын деушілерге жеңілдетілген несие беріледі. Қазір облыста болашағы жоқ деп танылған ауылдардың та­мырына қан жүгіре бастаған. Қазақ мектептері көптеп ашылып жатыр. “Серпін” бағдарламасы бойынша облыстағы жоғары оқу орнында 1 мыңнан астам студент білім алуда. “Олардың басым көпшілігінің осында қалғанын қалаймыз”, – дей­ді Асқар Жоламанұлы. Бүгінде об­лыс бойынша мал дәрігері, агроном, механизатор, диқан, мұғалім жетіспейді. Сондықтан оң­түстіктіктер іркілмей Қызылжарға асықса құба-құп.
Осы сапарда біз Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы жерлестеріміздің тұрмыс-тіршіліктерімен де таныстық. Сер­геевка қаласында қоныс аудару­шыларға арналып 17 тұрғын үй салынып жатыр екен. Шұбарсу ауы­лынан келген Мөлдір Ізтілеуова, Шымкент қаласынан келген Тә­ңірберген Тойбаев пен Серік То­қымбаев, Түлкібас ауданынан кел­ген Нұрлыбек Қисықов бүгінде көш­терін түзеп алыпты. Бірінің үйінде сүндет той, екіншісінде тұсаукесер болып жатыр. Қазақы ауыл. Қаза­қы тұрмыс. Қуандық. Қызықтық.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Шымкент қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp