Өңірімізде қызылша ауруының алдын алу мақсатында қыркүйек айында тұрғындарды қосымша иммундау басталады.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары 20-29 жастағы тұрғындарға екпе егу көзделіп отырғанын айтты. Бүгінде елімізде қызылша ауруын жұқтырған сырқаттар аз емес. Сондықтан дәрігерлер қосымша иммундау шараларын қолға алып отыр.
Өңірімізде жыл басынан бері 279 тұрғын қызылша жұқтырған. Олардың дені бір жасқа толмаған балалар мен жастар. Дәрігерлер қызылша мен қызамық сияқты жіті инфекциялық аурулар ауа тамшылары арқылы адамдарға таралатынын айтты. Ауру асқынса, науқас түрлі қауіпті дертке душар болуы мүмкін. Әсіресе, туабітті қызылша инфекциясынан қауіп зор. Жүктілік кезінде вирустық инфекцияға шалдығуы түсік тастау мен баланың сал болып тууына әкелуі ықтимал. Мамандар қызылшаның емі болмағанымен, екпе алып, сақтық шараларын қолданудың маңыздылығын есте ұстауға кеңес береді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.