Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында үш мәселе қаралды.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Рамиль Камалов табиғат өрттерінің алдын алу туралы баяндады. Жыл басынан бері өңірде 20 өрт оқиғасы тіркеліп, 56,7 гектар орман отқа оранған. Жалпы 3 млн. теңгенің шығыны келтірілген өрттердің тең жартысы Айыртау ауданында орын алған. Ресей елінде 5,5 млн. гектар орман өрттеніп жатқаны белгілі. Тамыз айының басында Челябі облысынан жеткен сол өрт Қостанай облысының 250 гектар орман орманын жалмады. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағытта көп жұмыс атқару қажет.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин өз кезегінде солтүстікқазақстандық спортшылардың жетістіктері мен сала жаңалықтарына тоқталып өтті. Бүгінгі таңда 413 солтүстікқазақстандық спортшы еліміздің ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетуде. Өткен жылы Мағжан Жұмабаев және Уәлиханов аудандарының орталықтарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Петропавл қаласында заманауи әмбебап теннис орталығы бой көтерді. Алдағы уақытта Олимпиадалық резервтегі облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжі ашылады деп күтіліп отыр. Осы орайда, басқарма басшысы облыс орталығында дене шынықтыру және сауықтыру диспансерін ашу кажеттігін атап айтты. Бүгіндері мұндай мекеме еліміздің 7 өңірінде бар.
Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Арман Оразғұлов өңірде индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы есеп берді. Оның айтуынша, екінші бесжылдық аясында 36,9 млрд. теңгенің 41 жобасын жүзеге асыру жоспарланған болатын. Бүгіндері бұл жоспар тек 75,6 пайызға орындалды. Яғни, 27,9 млрд. теңгенің 33 жобасы қолға алынды.
Бұл туралы толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.