Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” атты жобаны жүзеге асыруға өңірімізде ерекше көңіл бөлінуде. Бұл орайда, көне тарихтың құпиясын қойнауына бүккен Айыртау ауданындағы “Ботай” қонысы жоба картасына енгізілген тың жаңалық екені баршаға аян. Осынау қасиет қонған құт мекенде бүкіләлемдік археология күніне орай “Ботай – солтүстік даланың қазынасы” атты “дөңгелек үстел” өтті.
Айыртаудың атырабында өткен айтулы шарада ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Мәдениет және өнер істері департаментінің бас сарапшысы Азамат Жолаев, тарих ғылымдарының докторы Виктор Зайберт, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы Мұрат Нұрышев пен Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Қуаныш Шақшақов ежелгі Ботай мәдениетінің маңызына тоқталды. Сондай-ақ, жиында “Ботай мәдениетінің киелі мәнмәтіні” атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Жиында “Ботай” музей-қорығы болашақта еліміздің асыл қазыналарының біріне айналатынын атап өткен аудан әкімі Бейбіт Исманов тарихи орын туризмді дамытуға елеулі үлес қосатынын жеткізді.
Ботай мәдениеті – ежелгі адамның алғаш рет жылқыны қолға үйретуімен әлемге әйгілі. Ал оны әлемге танытқан Виктор Зайберттің есімін ерекше атап өткен жөн. Бүгінде киелі жерге келушілердің қарасы аз емес. “Дөңгелек үстелге” қатысушылар да Никольское ауылындағы “Ботай” қалашығына экскурсия жасап, тарихи орынмен танысты.
Ботай қонысы адамды ерекше әсерге бөлейтін таңданысқа толы маңғаз мекен. Қойнауы сырға толы қонысты зерттеу 1980 жылдардан бастап қолға алынды. Археологиялық зерттеу жұмыстары бүгінгі күнге дейін жалғасын табуда.
– Біздің заманымызға дейін 6 жыңжылдықта үлкен су тасқыны болған. Соның салдарынан тұрғындардың басым бөлігі жазық қыратқа шыққан. Жазық далада миллиондаған жылқы жайылған. Сол кезеңде жайқалған шөптің биіктігі соншалық, миллион жылқыны аңғару мүмкін болмаған. Осылай Ботай мәдениетінің әлемдік феномені орын алды. Кейін жылқыны түрлі шаруашылықта пайдалану кең етек алды. Ботайда дала өмірінің барлық негізі қаланды, – деді белгілі археолог Виктор Зайберт.
Қорымның аумағы 15 гектар жерді алып жатыр. Осы уақыт кезеңінде археологтар қазба жұмыстары барысында жүзден астам тұрғын үйді зерттеп, екі жүз мың артефакті мен жылқының көптеген сүйегін тапқан. Бұл маңнан әлі де тарихи жәдігерлер табылуда. Ал жартылай жер үстіне тұрғызылған үйлер ағаштан, саз балшықтан және шымнан салынды. Үйлердің аумағы 120 шаршы метрге дейін жеткен. Ботайлықтар қола дәуіріне дейін екі мың жыл бұрын мыстан жасалған құрал-саймандар мен әртүрлі заттарды пайдаланған. Үй шаруашылығында сүйектен заттар жасау кеңінен қолданылды. Сонымен қатар тері илеу, тоқыма бұйымдарын әзірлеу мен ағаш өңдеу де дамыды.
Қазба жұмыстары жүргізілген алғашқы жылдары археологтар тереңдігі үш метр, диаметрі 2,5 метрді құрайтын шұңқырға тап болған. Виктор Зайберттің айтуынша, онда жылқының төрттен бір бөлігі көмілген. Бұл – алғашқы консерві. Олар үш метр тереңдікте етті сақтап, үстін таспен бастырып, отпен қыздырған.
Мұнда Ұлыбритания, Франция, Германия, Қытай, Дания, Литва, АҚШ елдерінен ғалымдар жиі келетінін де атап өткен жөн. Қазақстандық ғалымдармен ортақ келісімге келген шетелдік археологтардың арнайы зерттеу бағыты бар. Қазір отыздан астам шетелдік маман Ботай мәдениетін зерттеумен айналысуда. Бір жыл бұрын мұнда “Ботай” мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы құрылғанын да тілге тиек еткен жөн. Ботай қонысы алдағы уақытта тарихи-мәдени қорық ретінде ашық аспан астындағы музейге айналмақ. Бұл жерде қазір Виктор Зайберт энеолит дәуіріндегі адамдардың тұрғын-жайының экспериментальды үлгісін жасауда.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.