«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЛІГІ ҰРПАҚ ЕСІНДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыздың арғы-бергі тарихында қалың жауға қарсы шауып, елін қорғаған батырлар, от ауызды, орақ тілді шешендер, ел бастаған көсемдер аз болмаған. Олардың есімдері мен ерлік істері сол замандағы ақын-жыраулардың шығармаларында жиі кездеседі. Солардың бірі – Сексен батыр. Жамбыл ауданындағы Благовещенка ауылында ұрпақтары даңқты бабасының басына ескерткіш тас орнатып, ас берді. Игілігі мол шараға белгілі ақын, жазушы, драматург Баянғали Әлімжановтың қатысқанын айта кеткен жөн.

“Ағашта биікті айтсаң, қарағайды айт,
Жігітте ерлікті айтсаң,
Бөгенбайды айт!
Ұшына найзасының жау мінгізген
Еменәлі Керейде ер Жабайды айт!”, – деп Тәтіқара ақын жырға қос­қан Жабай батырдың Сексен, Тоқсан есімді ұлдары – өз заманында Алашқа атағы жайылған тұлға болған. Бұл күні Сексен ба­тыр жайлы оның бейітінің басында да, мешітте де біраз әңгіменің тиегі ағытылды. Ұрпақтарының айтуынша, Сексен жасынан өжет болып өссе, Тоқсан ойшыл, от ауызды, орақ тілді қасиеімен ел көзіне түскен. Бүгінде Благовещенка ауылдық округіне тиесілі жер өз заманында осы ағайындылардың иелігінде болған екен. Бұлар өмір сүрген кез – Ресей империясының қазақтың солтүстігін отарлау уақытымен тұспа-тұс келеді. Бұл кезде қаруы басым, қарасы көп патша отаршылдары қазақ жұртына тізе батырғаны белгілі. Осы уақытта Жабайдың Сексенге: “Сен батыр боларсың, Тоқсан, сен би боларсың” деген жорамалы дәл келіп, Сексен атқа қонады. Осылайша, Сексенге – батырлық, Тоқсанға билік беріліпті.
Жиында дәстүрлі әнші Дәстен Баймұқанов атап өткендей, сол кезде қазақтың шұрайлы қоны­сына қол сұғып, жергілікті халыққа сес көрсеткен капитан Пресновский бастаған қарашекпенділерден есесін Сексен батыр бас болып қайтарып отырған. Пресновканы қазақтар сол себепті “кіпитан” атап кеткен. Ол казак-орыстарға төрт рет шабуыл жасап, соңғысында Пресновканы өртеп жібер­ген. Мұнда астыртын келіп жүрген Сексен бір татардың үйіне тоқта­ғанда, казак-орыстар оны әлгінің әйелі арқылы сусынға у қосып өлтірген екен. Станицалықтар денесін қорламасын деп батырдың обасын сары балшыққа жылқы­лар­дың құйрық қылы мен қойлардың жүнін қоса соққан. Сонда топыраққа күрек батпайды екен. Кейін бұл жайт бейіт қазылған кезде расталған.
Сексен батыр Благовещенка ауылының маңындағы “Бейіткөл” деген жердегі қорымда жерленген. Батырдың обасын 1995 жылдың маусым айында ұрпағы Құрымбай Қайнетов Бақыт және Ерболат есімді ұлдарымен тапқан. Бақыт Қайнетовтің айтуынша, бейітті ал­дымен бұл жерге шие теруге келген Благовещенка ауылының әйелдері байқапты. Олар қазылып қалған бейітті, оның жан-жағында шашылған адам сүйектерін көрген соң, мән-жайды Талпын ауылының тұрғындарына жеткізеді. Бұл ха­барды ести сала, әкелі-балалы Қайнетовтер зират басына бірден жетіп, сүйектерді күн батқанға де­йін жинап, келесі күні іздестіру жұмысына ауыл жігіттерін де жұмылдырады.
– Бабамыздың табылған сүйектерінің ірілігі қайран қалдырды. Жақ сүйектері мен тістері бұзыл­мапты. Оларды ақ матаға орап, түгел жинадық деген оймен қабірге салайық деп жатқанымызда, бір қабырғасының дәл алдымызға құлап түспесі бар ма?! Әлгі сүйектің ауырлығы сондай, қайың ағашының бұтағын сындырып жіберіпті. “О, аруақ!” – десті әкем мен оның немере інісі сол мезетте. Сөйтіп, мен терең обаның ішіне кіріп, сүйектерді тиісті жеріне “Бисмилләһир рахманир рахиим” деп қойдым. Қазылып қалған бейітке балшық жетпеген соң, көрші ауылда тұрған Ғабдолбари молданың кеңесімен топырақты қасындағы алқаптан тасыдық, – дейді Бақыт Құрымбайұлы.
Баянғали Әлімжанов тарихсыз ел болмайтынын, қазақтың қай жерін алып қарасақ та, тұнып тұрған шежіре екенін айтты. Әсіресе, қасиетті Қызылжар өңірінде талай тұлғалар өткен. Бірақ “Қолда бар алтынның қадірі жоқ”, – демекші, та­рихты зерделеп-зерттеу жағы кемшін қалуда.
– Кезінде бұл өңір патша отар­лаушыларының қол астында қалды. Содан кейін кеңестік тоталитарлық заманда батыр бабаларымыз жайлы аса көп айтқыза бермеді. Енді, міне, ел болып, есімізді жидық. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жерді, ерлерді түгендеу – қазақ халқының рухани өсуінің белгісі. Сондықтан мен бүгінгі шараға бір ауыз сөзімді айтайын деп арнайы келдім. Біздің бабаларымызды ұмытуға қақымыз жоқ. Елдің азаттығы үшін қан мен терін төккен Сексен батыр жайлы бала күнімізден естіп өстік. Батырдың ұрпақтарының аталарының басына белгі қойып жатқаны – құптарлық іс. Алдағы уақытта Сексен батыр жөнінде зерттеулер жазылуы қажет. Көнекөз қариялар өмірден өтіп кетсе де, әрбір үйдің сандығында жазып кеткен шежіре-тарихтары болуы керек. Әр халық өз тарихын өзі жазады, – деді Баянғали Тоқанұлы.
Батырдың ұрпақтары жиынға оның күміспен әшекейленген кісесін ала келіпті. 300 жылдық тари­хы бар жәдігер батырдың Петропавл қаласында тұратын Мәлғаждар есімді ұрпағының баласы Жантемірдің үйінде күні бүгінге дейін сақталған. Баянғали Әлімжанов бір әулеттің көзі саналатын кісе түп­тің түбінде халықтық мұра болып, мұражайға табысталғаны дұрыс болар деген ойын жеткізді.
Бұдан соң тебірене сөйлеген батырдың ұрпақтары, қариялар Жеңіс пен Қайрат Файзуллиндер және Боташ Қайнетов жастар бабаларының ерлігін, жеті атасын біліп, ұрпақтан-ұрпаққа тарату дәс­түрінен жаңылмасын деген тілектерін жеткізіп, сауапты шараға атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,  “Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Баянғали Әлімжанов (сол жақтан екінші) пен Сексен батырдың ұрпақтары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp