Апта бойы тәртіп сақшылары “Тұрмыс” жедел-алдын алу шарасын өткізді. Жеті күн бойы үйлерді аралаған полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 41 фактісін анықтады. Отбасындағы қатыгездіктің 22 құрбаны «сенім телефонына» хабарласса, 94-і полиицияға арызбен жүгінген.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары “бас жарылса, бөрік ішінде” деген ойдан аса алмай, бұл қорлыққа жылдар бойы шыдауы мүмкін. Сондықтан полицейлер түсіндіру жұмысына баса мән беріп отыр. Қызметкерлер екі мыңға жуық әңгімелесу өткізіп, әйелдерге өздері мен балаларын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қалай қорғау керектігі жайлы жадынамалар таратты.
Мәселен, Петропавл қаласының 1962 жылы туған тұрғыны әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі топқа хабарласты. Ішімдіктің салдарынан күйеуі жиі жұдырық жұмсамаса да, күн сайын түнгі уақытта психологиялық зорлық-зомбылық көрсетеді екен. Мұның салдарынан әйелдің денсаулығы сыр берген. Полицейлер бірден “Әйелдерді қолдау орталығына” хабарласып, оған тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған баспанадан орын берілді. Ал күйеуі әйелін не үшін осындай халге жеткізгенін учаскелік полицейлерге түсіндіруде.
Жалпы отбасындағы жанжал ішімдіктің салдарынан орын алатынын тәжірибе көрсетіп отыр. “Тұрмыс” жедел-алдын алу шарасы барысында тәртіп сақшылары алкогольге қарсы заңнаманы бұзғандарға да көңіл бөлді. Алкоголь өнімдерін өткізу қағидаларын бұзудың -24, спирттік ішімдік ішу немесе қоғамдық орында масаң күйде жүрудің 550 фактісі анықталды.
Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бөлімше бастығы полиция майоры Александр Розбахтың айтуынша, шара барысында балалардың беймезгіл уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерде жүрудің 320 фактісі анықталған. Балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін 68 ата-ана жауапқа тартылыпты.
Сурет https://businessman.ru сайтынан алынды.