Солтүстікқазақстандық велошабандоз, “Astana Pro Team” кәсіпқой велокомандасының мүшесі Алексей Луценко Норвегияда қарсыластарын шаң қаптырды.
“Норвегияның Арктикалық жарысы” велокөпкүндік турнирінің соңғы төртінші кезеңі аяқталды. Бәсекенің соңғы жарыс күнінде спортшылар Лединген мен Нарвик қалаларын жалғаған 165,5 шақырым қашықтықты жүріп өтті. “Uno-X Norwegian Development Team” командасының норвегиялық велошабандозы Маркус Хелгаард бұл кезеңде мәре сызығын бірінші болып кесті. “Джумбо-Висма” командасының өкілі Амунд Грендаль Янсен екінші орынға ие болса, үздік үштікті Алексей Луценко түйіндеді.
Сөйтіп, төрт кезеңді 14 сағат, 59 минут және 27 секундта жүріп өткен Алексей Луценко “Норвегияның Арктикалық жарысы” велокөпкүндігінің жеңімпазы атанды. Жерлесіміз сайыстың бас квалификациясында көш бастаған “Team Arkea Samsic” клубының өкілі Варран Баргиді бір секундқа басып озды. Ал “Israel Cycling Academy” мүшесі Кристес Ниландс үздік үштікті түйіндеді.
Сондай-ақ “Astana Pro Team” велокомандасы жалпыкомандалық есепте бірінші болды.