Петропавл қаласындағы «Алтын бесік» балабақшасының директоры Мәдина Дәрібаева мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесі педагогтарының «Жүрек жылуын балаларға береміз» V қазақстандық слетінен Гран-примен оралды. Жаңашыл мұғалім «Педагогикалық шығармашылықтың құпиялары» аталымы бойынша марапатталды. Бұл байқауды «Нұр болашақ» мектепке дейінгі ұйымдар одағы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырды.
Ақтау қаласында өткен слетке еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 80 педагог қатысты. Соның ішінде Мәдина Танжарбайқызының «Сандық технологияның көмегімен балабақшаның экожүйесін модельдеу» тақырыбындағы жұмысы үздік деп танылды. Жеңімпаз алдағы уақытта балабақшада инженерлік шеберхана ашуды да жоспарлап отыр.