«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА САНАУЛЫ КҮНДЕР ҚАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Алайда, өңіріміздегі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мектептердің басым бөлігі оқушы қабылдамақ түгілі, етек-жеңдерін жинай алмай әлек болып жатыр. Жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер компаниялар өз міндеттеріне салғырт қарап, сылбыр қимылдауда. Ал мектеп директорлары “сен тимесең, мен тименің” керімен отырған сыңайлы.

Биыл облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының үш жылға арналған кешенді жоспары аясында бастапқыда 120 білім ордасын жөндеу жоспарланған. Мердігер компаниялармен келісім жасалғаннан кейін бөлінген қаржы артылып, тағы 17 мектепті жөндеуге конкурс ұйымдастыру ұйғарылыпты. Яғни, жаңа оқу жылында ондаған мектеп жаңаруы тиіс. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан білім ордаларының 87-сі аудандарда болса, қалғаны – Петропавл қаласында. Бөлінген қаржы аз емес. Оны дер кезінде игере алмай отырғандардың не ойлағаны бар екен?
Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, конкурс жарияланғаннан кейін ол алдымен 30 күн мемлекеттік сатып алулар сайтында тұруы керек. Конкурстық үрдістерді жүргізуге тағы 20 күн кетеді. Сондықтан тізімге кейін қосылған мектептерді жөндеу жұмысы кешігіп жатқан көрінеді. Осыған орай бірнеше нысандағы жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылының барысында аяқталатын болады. Яғни, оқушылар шатыры мен терезесі ауыстырылып, едені қайта салынып жатқан мектептерде білім алады деген сөз.
Бүгінгі таңда облыс орталығындағы 18 білім беру нысанындағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталса, тоғызында әлі күнге жалғасуда. Тамыз айының басында Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков облыс орталығындағы мектептерді аралағанда, жөндеу жұмыстарының баяу жүріп жатқанына реніш білдірген болатын. Сол кезде кей білім ордаларының басшылары жөндеуге жауапты мердігер компаниялардың жұмысына көңілдері толмайтынын айтты. Мәселен, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп апаттық жағдайда тұрғандықтан, биыл күрделі жөндеуден өтуі тиіс болатын. Бюджеттен 98 млн. теңге бөлінген. Бұл ақшаға барлық кабинеттер, ғимараттың терезелері, төбесі мен қабырғалары, едені де жөнделеді деп жоспарланды. Жөндеу жұмыстарын “Еңбек-Қызылжар” кәсіпорны 25 тамызға дейін аяқтауы тиіс болғанымен, ұзын арқан, кең тұсауға салып, уақытты текке өткізуде. Мектеп директоры Сайран Мұстафинаның айтуынша, бүгінде 22 кабинеттің жетеуі ғана қалпына келтірілген.
Мектептің басшылығы кінәні жауапты мердігерлерге сырғыта салғаннан гөрі бұл жағдайды қатаң бақылауға алып, олардың жұмысын қадағаласа, мұндай мәселе туындамас па еді, бәлкім?
Ал №10 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін “Еңбек-Өскемен” құрылыс компаниясымен келісім жасалыпты. Келісімге маусым айының басында қол қойылғанымен, жұмысшылар жөндеуге тек шілденің екінші жартысында ғана кіріскен. Мектеп директоры Татьяна Анцибор кәсіпорынға бірнеше рет жұмысты ширату жөнінде талап қойғанымен, компания басшылығы оны шыбын шаққандай көрмеген. Бүгінде бұл ғимараттағы 136 терезенің 36-сы ғана жаңартылыпты.
Бұл олқылықтарды құрылыс компаниясының жауапсыздығымен ғана түсіндіруге болады. Олар бір мектептің жөндеуін жарыта алмағандарына қарамай, қалалық классикалық гимназия мен №8 орта мектептегі жөндеу жұмыстарын да мойындарына алыпты. Қалған екі мектептегі жөндеу жұмыстары да сын көтермейді. №8 орта мектепте әлі 100-ден астам терезені жаңарту керек. Алайда, бұл мәселеде мердігерлермен қоса, тапсырыс берушілердің де кінәсі бар. Жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер компанияны конкурс арқылы таңдап, барлығын талапқа сай жүргізгенде, мұндай жағдайдың алдын алуға болатын еді.
Жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталуы екіталай білім ордаларының бірі – дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” мектеп-лицейі. Ондағы жұмыс қазан айына дейін жалғасуы мүмкін.
Мұнымен қоймай, жөндеу жұмыстарының барысында күтпеген оқыс оқиғалар да орын алған. Мәселен, Жамбыл ауданындағы Кладбинка ауылындағы мектептің шатырын ауыстырған кезде жаңбыр жауып кетіп, ұзақ жылдар бойы төбеде жиналған қоқыс ғимараттың ішіне түскен. Облыстық білім басқармасы басшылығының айтуынша, мұндай келеңсіздікті жою жауапкершілігі мердігерге жүктеледі екен. Яғни, кабинеттерді тазалау, жөндеу жұмыстарымен мердігер компания айналысады.
Бізді алаңдатып отырғаны, жөндеу жұмыстары аяқталмаған мектептердің оқушылары қайда білім алатындығы. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның екі мектебіндегі жөндеу жұмыстары бүгін-ертең аяқталмайтынын айтты. Олардың бірінде сабақ қыркүйек айында жанында орналасқан Мәдениет үйінде өткізілмек.
Биылғы маусым айында облыс әкімі Құмар Ақсақалов облыс орталығындағы нысандарды аралап, жөндеу жұмыстарының барысымен танысқанда да бірқатар ескертулер жасалған болатын. Яғни, оқу үрдісінің бұзылмауын қамтамасыз етіп, жұмысты белгіленген уақытта аяқтау мердігер компаниялардың міндеті болса, мектеп басшылары олардың жұмысын қадағалауы тиіс еді. Өкінішке қарай, екі тарап та енжарлық танытқан сыңайлы.

 

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp