Тамыз айының екінші және үшінші онкүндігінде облыста қансорғыш жәндіктердің тым көбейіп кеткені байқалып отыр.
Өңірдегі тауарлар және қызмет түрлерінің сапасын бақылау департаментінің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, біздің облысымыз осы жәндік саны жағынан алдыңғы орындардың бірінде. Осының салдарынан әр он күн сайын қансорғыштарды азайтуға арналған шараларды жүргізу қажет. Әсіресе, мұндай жұмыстарды кешкі және түнгі уақытта адамдар көп шоғырланатын жерлерде міндетті түрде қолға алмаса болмайды.
Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, облыста қансорғыш жәндіктердің әр алуандылығы және тым көп болуы салдарынан оларға қарсы шараларды 5-6 кезең бойынша өткізу керек. Бірақ бүгінгі таңда бұл жұмыстар бір кезең бойынша ғана өтеді.
– Өңірімізде бұл мақсатта 4 миллионға жуық теңге бөлінеді. Алайда бұл қаржының көмегімен Петропавл қаласының орталық көшелерінде және екі саябақта ғана масаларға қарсы күрес жүргізуге болады. Сол себепті де атқарылған жұмыстар өзінің оң нәтижесін бермей отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне назар аударсақ, климаты және осы жәндіктердің саны біздің облысқа ұқсас өңірлерде осы жұмысқа қыруар қаржы бөлінеді, – дейді «Ұлттық сараптама орталығы» «Солтүстік Қазақстан облысы бойынша зарарсыздандыру орталығы» филиалының директоры Петр Петушков.
www.inform.kz