Футболдан бірінші лига командалары арасында он жетінші тур ойындары өтті. “Qyzyljаr” командасы өз алаңында ақтөбелік “Ақтөбе-Жас” клубымен кездесті.
Облыс орталығындағы “Қарасай” стадионында өткен ойынның бірінші бөлігінде Момоду Сисей есеп ашса, Павел Кривенцев нәтижені еселеді. Екінші таймда алаң иелері шабуылын үдете түсіп, Максим Драченко қарсылас қақпасына қатарынан екі гол дарытты. Бұдан соң Павел Кривенцев тағы бір рет мергендік танытса, Артем Черединов соңғы голды соқты. Осылайша, жерлестеріміз 6:0 есебімен жеңіске жетті.
Бүгінгі таңда қоржынында 35 ұпайы бар петропавлдықтар үшінші орында тұр. 38 ұпайы бар “Алтай” көш басында болса, одан бір ұпай кем жинаған “Каспий” командасы екінші келеді.
24 тамызда жерлестеріміз талдықорғандық “Жетісу-Б” футбол клубын қабылдайды.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.