«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚЫРМАНЫ КӨП КІТАПХАНА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кітап баға жетпес рухани құндылығымыз, аса зор мәдени байлығымыз екені жайлы небір ұлылар ар­тына ғибратты сөздер қалдырған. Ха­кім Абай “артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге” деп білімділікке шақырса, халқымыз “кітап – білім бұлағы” деп тобықтай сөзбен түйін­деген. Бұдан шығатын қорытынды, уақыт қанша өзгеріп, бүгінгідей озық технологиялар дәуіріне жетсек те, кітаптың мән-маңызы, оған деген ынтызарлық, құмарлық жойылмақ емес. Бұл орайда адамның ішкі жан дүниесін, ой-санасын өсіруге, ин­тел­лек­туалдық тұлғасын қалыптас­тыруға тікелей қызмет ететін кітап­ханалардың әлеуметтік-мәдени ме­ке­ме ретіндегі рөлі де, ықпалы да айрықша. Оның айқын бір үлгісін оқырмандардың жиі бас сұғатын сүйікті орнына айналып, кітап оқу мәдениеті арқылы ұлттық мәдени кодымызды жаңғыртуға белсене атсалысып келе жатқан Аққайың ауданындағы Полтавка ауылдық кітапханасының тәжіри­бесінен анық байқауға болады.
– Қазіргі ауыл кітапханаларына қойылатын талап мүлдем өзгеше. Бүгінгі оқырман сұранысын қанағат­тандыру оңай емес. Бұл талғам үр­ді­сінен көріну үшін материалдық-тех­никалық жағынан жақсы жаб­дық­талып қана қоймай, рухани, эс­тетикалық әсер сыйлайтын, жас буынға қоғамды танып-білуге, нақ­ты өмірге қажетті бағыт-бағдар бе­ретін, жөн сілтейтін танымдық іс-шаралар жүйелі ұйымдастырылуы шарт. Сонда ғана ақпараттық қол­жетімділікті қамтамасыз етуге, кітап оқу мәдениетін арттыруға, оқырманның өскен орта, туған жер туралы нақты пара­сат-пайым түсінігін қалыптастыруға болады, – деді мә­дениет ошағының меңгерушісі Ва-лентина Пак.
Валентина Викторовнаның ай­туынша, “Полтавка” ЖШС-нің ди­рек­торы, іскер басшы, “Құрмет” ор­денінің иегері Елтай Зікірин кітап­хананы жаңа типтік ғимаратқа көші­ріп, қондырғылар, кітап, көрме стел­лаждарын, компьютер, телевизор, интерактивті тақта, аудио-бейне аппаратура сатып әперген. Ересек­тер мен балалар тынығатын арнайы бөлме бар. Аудандық орталықтан­ды­­рыл­ған кітапханалар жүйесінің ма­мандары әдістемелік жағынан жәр­демдесіп, нақты көмектер беріп тұ­ра­ды. Осылайша, бірлесе іс-әрекет етудің арқасында елімізде де жақ­сы жағынан танылып, іс-тәжірибесі өзгелерге таратылыпты. Бүгінде Пол­тавка ауылы оқырманы көп елді мекендер санатында. Кітап оқуды өмірлік салтына айналдыр­ған тұр­ғындар талапқа сай жабдық­талған, ыңғайлы оқу залына жиі ке­ліп, кез келген ақпаратпен танысып, қы­зықтыратын мәселелер төңіре­гінде ой-пікірлер алысып, тегін интернет желісін пайдалана алады. Бүгінде кітапхана қорында алты мыңға жуық кітап сақтаулы. Қордың үлкен бөлігі қазақ, шетел классик­терінің туындыларына арналған. Әдістемелік-библиографиялық көр­сеткіштер, өзге де көмекші құрал­дар молынан кездеседі. Жинақтау, есепке алу, құжаттарды жүйелеу, каталогтар ұйымдастыру ісі оңтай­ландырылған. Биыл жыл басынан бері 7342 оқырман кітапхана есігін ашып, 10084 кітап алыпты. Бұдан бөлек 15 газет-жур­нал жаздырып алады.
Кітапханашы Валентина Викто­ровна оқырмандармен байланыс­тың жаңа түрлерін барынша игеруді бас­ты мақсат санайды. “Туған елдің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны”, “Олар Отан үшін шайқасты”, “Ана тілің – арың бұл”, “Бір ел – бір кітап”, “Кә­сібім осындай – әскери адам”, “Гу­сар­дан арнайы жасаққа дейін” және т.б. тақырыптар бойынша көрме­лер, акциялар, диалог алаңдары, вир­туалды саяхаттар, викторина­лар өткізіліп, бейнероликтер көр­сетіліп, оқушыларды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, отанға қызмет ету дәстүрлерін жал­ғастыру, елін, жерін сүю, үлкенге құр­мет, кішіге ізет, имани, адами қа­сиет­терді бағалау секілді танымдық мән-маңызымен ерекшеленген. Кі-тап­хана жанында “Жүрек қартай­май­ды”, “Қасиетті отбасы”, “Кивис” ардагерлер, жастар, жасөспірімдер клубтары құрылған. Сәлім Жәке­нова, Татьяна Батай, Лидия Саль­никова сияқты еңбек ардагерлері байырғы оқырман ретінде кітаптың қадір-қасиетін насихаттаудан, ата­дан балаға мирас болып қалатын асыл құндылық екенін айтудан, оқу­ға кеңес беруден жалыққан емес.
Кітапхана жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі өлкетану десек, бұл саладағы ізденістер де құп­тарлық. “Бірде жас буынның туған өлке тарихын жете білмейтіні еске­ріліп, өлкетану арнайы тақырып ре­тінде таңдап алынды, – дейді сұхбат­тасымыз әңгіме арасында. – Ел­ді мекеннің тарихы әріден бастала­тынын үлкендердің өздері де ескере бермейді. 1895 жылы Украинаның Полтавка губерниясынан 79 отбасы келіп, осы маңайға тұрақтаған екен. Оларды қоныстандыру тәжірибесі аса сәтті бола қоймағанға ұқсайды. Тарихи құжаттар арасында дәрігер­дің “Көлдердегі суда шіріген органи­калық заттардың иісі бар. Халық­тың жағдайы қиын… бұл еңбекке деген талпынысын жоғалт­қан ша­руа­лардың тұрмыс жайына өте-мөте кері әсер етеді. Староста­ның айтуына қарағанда, ауылда 20 бала қайтыс болған. Тез арада 97 нау­қасқа шұғыл медициналық кө­мек көрсетілді” деген жазбасы бар. Алғашқы қоныстанушылардың тұр­ған жерлері елді мекеннің оңтүстік жағында төбелер түрінде сақталған. Қазақтар мен украиндар арасында достық, еңбек қарым-қатынасы ор-нық­қан. Араларында бірде-бір ұлт­тық кикілжің, жанжал байқалмаған. Шіркеу болған, шіркеу-приход мек­те­бі салынған, осы өңір арқылы ағылшындар мыс құймаларын тү-йе­мен Петропавлға жеткізген, содан әрі Петербург темір жолы арқылы, одан кейін Англияға теңіз жолымен тасымалдаған. Бұл жол “Абылай жолы” деп аталған, көпестер Пол­тавканы басып өткен деп түсіндір­сек, балалар сенбеуі, қиял-ғажайып ер­тегідей көруі мүмкін. Осы себепті тарихи деректерді жинақтап, бейне­ро­лик ретінде ұсынып едік, ке­ремет әсер алды. Бірде оқушы­ларға мем­лекеттік комиссар Федор Кияшко­ның ерлікке толы ғұмырна­масы туралы айтып бердік. Ол рево­лю­ция­ға дейін патша армиясын­да қызмет етіп, кейін Полтавка ревизиялық комиссиясының жұмысы­на белсене атсалысқан. Осындай құндылық­тарды барынша дәріптеуге, бой­ларына сіңіруге, шындықты қара­пайым тіл­мен ұғындыруға тыры­самыз”.
Кітапханашы Валентина Пак тұр­ғындардың бос уақытын мазмұнды да қызықты өткізіп, жаңа формат­тағы ақпараттық технологияларды ба­рынша пайдаланып жүр. Оқыр­ман­дардың үзілмейтіні де сондық­тан.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp