Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы Лос-Анджелесте жекпе-жек өткізіп, канадалық Стюарт МакЛелланды бесінші раундта ұрып жықты.
Бұл – отандасымыздың кәсіпқой рингтегі жетінші жеңісі. Боксшы қарсыластарының үшеуін нокаутпен ұтты. Канадалық былғары қолғап шебері бокс кешінің қарсаңында қазақстандықты келеке қылған еді. Фотоколлаж жасап, Жәнібектің үстіне жағымсыз кинокомедия кейіпкері – Бораттың киімін кигізіп, жалпақ жұртқа әлеуметтік желі арқылы таратып жіберген. Бұл ерсі әрекеті Жәнібектің намысына тигені анық. Сондықтан рингке шыққаннан соққының астына алды. Бұған дейін 27 рет жеңіп, үш рет қана қарсыластарына жол берген тәжірибелі канадалық бесінші раундқа дейін ғана шыдады. Жәнібектің жойқын соққыларынан есеңгіреп құлаған ол Борат туралы қалжыңды бекер жариялаға-нын кеш түсінді.
Жәнібек осы жеңістен кейін “BoxRec” рейтінгінде бір сатыға жоғарылап, 63-ші орынға жайғасты. Қазақстандық кәсіпқой боксшылар арасында орта салмақта Жәнібек Әлімханұлының алдында тек Геннадий Головкин (2-орын) мен Қанат Ислам ғана тұр (32-орын). Жалпы бұл рейтингте орта салмақта 1580 былғары қолғап шебері бар екенін айта кеткен жөн.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.