Облыстық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімін жалға алу құқығы аукцион арқылы сатылды.
Бұл жолы бәссаудаға 12 жер телімі шығарылды. Ағылшын әдісімен өткен аукционға заңды тұлғалармен қатар жеке адамдар да қатысуға мүмкіндік алды. Аукционның талапқа сай өту барысын кәсіпкерлер палатасының өкілдері бақылады.
– Бұл – жыл басынан бергі кәсіпкерлік мақсаттағы жерлерді сатуға арналған екінші аукцион. Алғашқы аукцион сәуір айында Петропавл қалалық әкімдігінің алаңында өткен болатын. Бәссаудаға 20 жер телімі шығарылып, оның 2,07 гектарды құрайтын 14-і сатылды. Түскен өтініштер жан-жақты сараланып, содан кейін ғана аукцион өткізуге рұқсат берілді. Жер учаскелері ашық түрде ұсынылды. Яғни, жер ең жоғары баға ұсынған адамға беріледі. Сөйтіп, бюджетке 8,5 млн. теңге түсті, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.
Бірнеше сағатқа созылған аукционның нәтижесінде 1,8 гектар жер учаскесі 6,5 миллион теңгеге сатылды. Жер телімдері 5 жылға жалға беріледі. Кәсіпкерлер кейін оны сатып алу құқығына ие болады.