Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері діни бағыт бойынша 17 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, осы құқық бұзушылықтардың ішінде 13 дерек заңсыз діни әдебиеттерді таратуға тиесілі. Осындай кітаптардың сатылатыны туралы хабарламалардың басым бөлігі интернеттен табылды. Мамлют аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 37 жастағы Қырғызстан азаматын жауапқа тартты. Оның көлігінен сот экстремистік деп таныған діни тақырыптағы кітаптар табылды. «Құқық бұзушының айтуынша, ол бұл кітапты Қазақстанға әкелуге тыйым салынғанын білмеген. Дегенмен, заңды білмеген адам жауапкершіліктен босатылмайды. Тыйым салынған әдебиеттер тізімі ҚР Бас прокуратурасының сайтында бар», – деді экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Руслан Мұхамбетжанов. Полицейлер діни кітаптарды жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бар арнайы дүкендерде ғана таратуға болатынын еске салды. Өңірде ондай дүкендер саны – 12.
www.inform.kz