Жамбыл ауданындағы Богдановка ауылының жанындағы Толыбай көлінде мөңке балығы қырылуда. Орын алған оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылды.
Толыбай – Богдановка ауылы маңындағы шағын ғана көл. Үш күн бұрын көлдегі балықтар жаппай жағаға қалқып шыға бастаған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, балықтың қырылуына егін даласында шаруалар жүргізген химиялық өңдеу жұмыстары себеп болуы мүмкін.
– Шаруалар алқаптарды дәрілеу үшін қажетті суды осы көлден алып тұрады. Егін мен көл бір-біріне тиіп тұр. Ал, жағада техникалардың іздері сайрап жатыр. Оларға арық пен құдық қазу керектігін бірнеше рет ескерткен болатынбыз. Бұған құлақ аспаған жұмысшылар химия құйылған техникасымен көлдің ішіне кіреді. Нәтижесінде балық қырылып жатыр, – деп күйінеді ауыл тұрғыны Қайырбек Мақжанов.
Оқиға орнына жеткен Жамбыл аудандық ветеринария бөлімінің мамандары көлдің бойын жағалап, балықтың жаппай қырылған негізгі ошақтарына барды, жергілікті балықшылармен кездесіп, жағдай сұрасты. Әр жерден су сынамалары алынып, тірі балық пен өлекселері де зертханаларға жөнелтілді.
Аудандық ветеринария бөлімінің сектор меңгерушісі Мұхтар Мақжановтың айтуынша, қырылған балықтар жиналып, жойылды. Әзірге, нақты қанша балық қырылғаны белгісіз.