«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРЗАНЫН АЛАМ ДЕП АУРУ ЖҰҚТЫРЫП ЖҮРМЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айнұр әлі бір жасқа толмаған сәбиіне қоспа алу үшін дүкенге бас сұқты. Сөрелерде самсап тұрған, әдемі қорапшалармен қапталған азық-түлік өнімдері көздің жауын алады. Баласының күнделікті тағамына айналған қоспаны тауып, өндіруші кәсіпорынның аты жазылған тұсты оқыды да әлденеден сезіктенгендей орнына қайта қойды. Иә, қазіргі уақытта Айнұр сияқты тағам сапасына алаңдайтындардың қатары аз емес. Оның басты себебі саналатын мысалдар өңірімізде жиі кездеседі. Солардың бірқатарын тізбектеп көрейік.

Өткен жылдың қараша айында Петропавл қаласының тұрғыны Вик­тория Дробышева облыс орта­лы­ғындағы сауда үйлерінің бірінен мұздатылған минтай балығын са­тып алған. Тұтынушының айтуын­ша, балықтан құрт шыққан. Ұлттық сараптама орталығы облыстық фи­лиалы мамандарының жүргізген зертханалық сараптамасының қоры­тын­дысында құрттың бірнеше түрі бары белгілі болды. Алайда, тұты­нушыны әуре-сарсаңға салған кә­сіп­кердің тарапынан материалдық және моральдық шығын өтелмеді. Өйткені, соттың көмегіне жүгінген жәбірленуші тараптың өтініші қа­нағаттандырылған жоқ.
Ал биыл қыста бұқаралық ақ­парат құралдары жарыса жазған петропавлдық Ольга Белякованың басынан өткен оқиға көпшіліктің есінде болар. Қара малдың піскен тілінен шыққан иненің сынығы тұ­ты­нушының тіліне қадалған. Ден­сау­лығына зиян келтірген кәсіпкер­ді сотқа берген келіншек 80655 тең­ге моральдық шығын өндіріп алды.
Жарамсыз азық-түлік өнімдерін саудалаған кәсіпкерлерді жауапқа тарту мақсатында шағым айтушы­лардың қатары күн сайын қалың­дап барады. Солардың бірі – Евге­ния Захарина. Ол маусым айын­да “ОLХ.kz” сайтында жарияланған азық-түлік өнімдері туралы жарна­маны көзі шалып, телефон арқылы ет пен бауырға тапсырыс береді. Бірақ тұтынушының сатып алған өнімі сапасыз болып шыққан. Бү­лінген өнім үшін төлеген ақыны кері қайтарып алу мүмкін болмады. Са­тушы Александр Авдеев ақшаны қайтарудан бас тартқан. Қазіргі таң­да екі тарап арасында орын алған дауды шешу үшін сотқа дейінгі жұ­мыстар жүргізілуде. Бұл тұтыну­шы­лар мен кәсіпкерлердің құқы­ғын қорғау қауымдастығына түскен шағымдардың бір парасы. Жарам­сыз азық-түлік өнімдерін саудала­ған кәсіпкерлерге қатысты тұрғын­дар тарапынан шағым жиі түсетінін қауымдастық төрайымы Надежда Дубовая да жоққа шығармайды.
– Бізге күн сайын ондаған адам ха­барласып, сапасыз өнімнен зар­дап шеккендерін айтады. Бір өкі­ніш­тісі, кәсіпкерлер ондай тауарды сатудан бас тартпайды. Тұтыну­шы­ның талап-тілегін емес, қалта­сын қалыңдатуды ойлайтын адам­дарды жауапқа тартып, сауда ор­нында тексеру жүргізу үшін алды­мен прокуратурадан рұқсат алу ке­рек. Оған біршама уақыт кетеді. Сол аралықта кәсіпкерлер сөре­де­гі сапасыз өнімді жасырып үлгере­ді. Тұтынушылар құқығының жиі бұ­зы­луының бір себебі осы, – дей келе Надежда Дубовая жұмыс ба­рысында қандай кедергілер кезде­се­ті­нін айтты. Ол сот отырыстары­на жиі қатысатынын, көп жағдайда көрсетілетін қызметтер мен сапа­сыз азық-түлік өнімдері үшін кәсіп­керлер жауапкершіліктен жалтара­ты­нын жеткізді.
Жалпы, тұтынушылардың құқы­ғын қорғау қауымдастығына өткен жар­тыжылдықта тұрғындар тара­пы­нан 110 шағым түскен. Соның ішінде қырықтан астамы сотта қаралған. Қазір екі тарап ар­а­сындағы туындаған дауды шешу үшін жиырма шағым бойынша сот­қа дейінгі жұмыстар жүруде.
Қауымдастық өкілдерінің ай­туын­ша, азық-түлік, тұрмыстық техника, жи­һаз сату, пластикалық терезелерді жасау мен орнату, киім және аяқ киім, туристік қызмет көрсету мә­селелеріне қатысты тұтынушылар та­ра­пы­нан шағым жиі түседі. Сол се­бепті кейінгі жылдары қауым­дас­тықтың көмегіне жүгінетіндер­дің саны көбейген.
Тамақ өнімдерінің сапасын кім қадағалайды деген сауалдың төңі­регінде ой қозғайтын болсақ, бір­ден санитарлық қадағалау қызметі еске түседі. Атауы бір емес, бір­неше мәрте өзгерген бүгінгі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау депар­та­ментінің мамандары өндіріс бары­сында және өнімді өткізу сатысын­да тағам сапасына қатаң бақылау жүргізуі тиіс. Биыл микробиология­лық және санитарлық-гигиеналық, қауіпсіздік көрсеткіштеріне зертха­на­лық сынақтар жүргізу үшін азық-түлік өнімдерінің 514 сынамасы ірі­ктеліп алынған, соның ішінде жетеуі талапқа сай емес болып шығыпты.
– Облыстың сауда желілерінде сатылатын тамақ өнімдерінің қа­уіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін өт­кен жеті айда 150 сауда және та­мақтану орнындағы өнімдерге зерт­теу жүргізілді. Тамақ өнімдері­нің 1791 үлгісі сатып алынып, үш жүзден астамы техникалық регла­мент талаптарына сәйкес келмей­тіні анықталды. Микробиология­лық, физикалық-химиялық, таңба­лау, қауіпсіздік көрсеткіштері, тұ­тынушыны алдау бойынша заң бұ­зу­шылықтар орын алды, – деді атал­мыш департаменттің бөлім бас­шысы Наталья Беляева.
Талапқа сәйкес келмеген тауар­лардың 62 пайызы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде өн­ді­ріледі екен. Ал қалған сапасыз өнім­дердің үлесі отандық өндіру­ші­лер мен өзге елдерге тиесілі. Департамент мамандары “Қауіпсіз өнімді таңда” акциясы барысында тұтынушылардың өз еріктерімен 681 азық-түлік сынамасын зерттеу­ден өткізген.
Жаз мезгілінде Петропавлдағы темір жол, “Океан”, “Дария”, “Ком­му­налдық базар” маңында көше саудасы қыза түседі. Дәрігерлер осын­дай ашық жерде саудалана­тын тамақ өнімдерін сатып алуда абай болуды ескертеді.
– Мен жақында “Океан” сауда үйінің сыртында ауыл шаруашы­лығы өнімдерін сататын саудагер­дің бірінен тауық етін алдым. Әлгі тауықты бірнеше сағат пісірдім. Кәрі тауықтың еті екен, қатты бо­лды. Піскен соң да жей алмадық, – деген Кәлима Омарова сатушыны жауапкершілікке тарту қажеттігін ескермеген. Бірақ ол са­пасыз өнімді жұртқа ұсынған сату­шылар мен кәсіпкерлер заң алдын­да жауап беруі тиіс дейді.
Сапасыз өнімдерін саудалаған кәсіпкерлер мен саудагерлердің жайы бір басқа, осы орайда тұты­нушы да алар кезде сақ бол­ғаны маңызды. Өйткені, көше сау­дасында ешқандай тексерістен, са­раптамадан өтпеген, сертификат­талмаған, тауар белгісі жоқ азық-түлік өнімдері сатылады. Өкінішке қарай, мұны әр адам ескере бер­мейді.
– Бізде ветеринарлық инспек­тор мен зертхана бар. Тұтынушы­ларға ұсынылатын ет, сүт өнімде­рін күн сайын сараптамадан өткі­земіз. Ал сүт өндірушілер тауарды тікелей зауыттан әкеледі. Кәсіп­керлермен жасалған келісімшарт­та көрсетілгендей, тауардың сапа­сына олар өздері жауапты. Сауда үйінің сыртында сататын­дармен де ортақ келісім бар. Олар да саудалайтын өнімдерін күн са­йын зертханалық сараптамадан өт­кізуі тиіс, – деді “Океан” сауда үйінің әкімшісі Татьяна Акульшина.
Жасыратыны жоқ, көше бойын­да сатылатын тауарлардың баға­сы дүкендегіден әлдеқайда арзан. Сондықтан мұндай орындарда са­тып алушылардың қарасы көп. Сон­­дай тұрақты тұтынушының бірі – Әскер Қалмұқанов.
– Дүкенде сүт өнімдерінің түр-түрі сатылады. Өкінішке қарай, түр­лі қоспасы бар сүттің дәмі де, түрі де өзгеше болады. Ал мен немере­лерімнің денсаулығын ойлап, таби­ғи таза өнім тұтынғанды жөн са­най­мын. Көбінесе қолдан дайын­дал­ған айран, май, құрт, ірімшікті сатып аламын. Базарда олардың ба­ғасы қолжетімді, сапасы да жақ­сы, – дейді зейнеткер. Бірақ белгі­лен­беген жердегі сауда мен ғаламтор желісін­де сатылатын тағам өнімдерінің сапасына ешкім де кепілдік бер­мейтінін естен шығармаған абзал. Мәселен, жақында полицейлер облыс орталығындағы базарларға рейд жүргізу барысында кейбір ет өнімдерін жеткізушілер малдар­дың қажетті санитарлық талаптар сақталған арнайы орындарда со­йылғанын растайтын анықтама­лар­ды көрсете алмаған. Сонда қа­занға түсетін қандай малдың еті? Жеп отырғанымыз өлексе болса қайтеміз? Ойланатын жайт.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,  “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp