Петропавл қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің қызметкерлері жүргізген рейд барысында түн тыныштығын бұзғандар тексерілді. Шақырту бойынша тәртіп сақшылары қаланың шеткері ауданындағы дәмханаға барды. Мекеме иесі орнында болмай шықты және қоңырауларға жауап бермеді. Тәртіп сақшылары Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 437-ші бабы “Тыныштықты бұзу” фактісі бойынша материал жинады. Аталған бапқа сәйкес түнгі сағат 23 пен таңғы 6 аралығында тыныштық бұзылса, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 15 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді.
– Бір түн ішінде сегіз көңіл көтеру орны тексерілді. Олардың әкімшілерімен кездесіп, азаматтардың тыныштығын бұзғаны үшін көзделетін жауапкершілік түсіндірілді, – дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлім бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Айдын Ақмағамбетов.
Сонымен қатар Қазақстан Конституциясы көшесінде, Жұмысшы және Заречный кенттерінде жастардың көп жиналатын орындары тексерілді. Кәмелеттік жасқа толмағандардың заңды өкілдерінсіз сыртта жүруінің жеті фактісі анықталды. Тағы екі жасөспірімнің ата-аналары балаларының қоғамдық орындарда ішімдік ішкені үшін жауап беретін болады. Тәртіп сақшылары жыл басынан бері тыныштықты бұзған 863 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің бас маманы.