Отбасында әкелер өзінің білетін бар өнерін ұлдарына үйретіп, оларды “сегіз қырлы, бір сырлы” жігіт етіп тәрбиелеуге баса назар аударған. Бала ес білгеннен бастап, оның құлағына “сен ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқа сүйер жарсың, отбасының асыраушысысың, сондықтан да жаманнан жирен, жақсыдан үйрен” деген сөздерді құйып отырған. Ал дүниеге қыз келсе, оларды жастайынан жат жұрттық деп, тәрбиенің ең асыл қасиетін бойына сіңіруге тырысқан. Өткенімізді бүгінгі күнмен жалғай білу, жаһандану заманында бала бойына ізгі қасиеттерді ұялату қоғамның әр мүшесінің міндеті. Бұл ретте ата-анамен қатар балабақша, мектептің, түрлі үйірмелердің атқарар рөлі зор.
Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер оқуға, білім көкжиегін, танымын кеңейтуге баса мән беруі тиіс. Ал ата-аналар баласының алаңсыз білім алуына жағдай жасап, өзін қызықтырған үйірмелерге баруына қолайлы орта қалыптастыруға міндетті. “Мектеп – екінші ата-ана” деп текке айтылмаған ғой. Бала мектептен тек білім ғана алып қоймайды, оның өмірге деген көзқарасы, тәлім-тәрбиесі, мінез-құлқы да сонда қалыптасады. Осы орайда білім ордасының бала тәрбиесіндегі рөлін теріске шығаруға болмайды. Мұғалім балаға тек оқу бағдарламасы шеңберінде сабақ берумен шектелмей, түрлі пәндік үйірмелер мен секциялар түріндегі мектептен тыс тәрбие жұмыстарына да жеткілікті назар аударса, бала теріс қылыққа бой алдырмайды.
Бүгінгі таңда өңірімізде балалардың бос уақытын ұйымдастыру мақсатында қосымша білім беретін 77 ұйым жұмыс істейді. Оларға 40462 мектеп оқушысы немесе облыста тұратын кәмелетке толмағандардың 57 пайызы қатысуда. Облыстық білім басқармасымен қатар бұл іске жеке ұйымдар да тартылып отыр. Осындай 10 ұйымда 26133 бала білімдерін толықтыруда.
Мектеп оқушыларының бос уақытын қызықты өткізуде аула клубтарының маңызы зор. Қазіргі уақытта үй маңындағы ұйымдарда спорттық, мәдени және ойын-сауықтыру шаралары өткізілуде.
Былтыр облыс орталығында ашылған “Digital URPAQ” оқушылар сарайы жазғы демалыс кезінде де балалардың зерттеу жұмыстарымен айналысуына, интеллектуалдық дамуына мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде мұнда 87 үйірме, соның ішінде IT бағытта – 67, ғылыми-биологиялық, көркем-эстетикалық бағытта – 20 клуб жұмыс істейді. Оларда 2097 бала білімін жетілдіруде.
Оқушылар сарайында өзге де үйірмелер ашылған. Мәселен, инновациялық жобаларды іске асыруға бағытталған кабинеттер мен зертханалық кешендерде балалар ата-аналарымен бірге түрлі ғылыми жұмыстармен айналысып, IT-индустрия және STEM-білім басты бағыттар бойынша танымын кеңейту мүмкіндігіне ие. Ата-аналар арасында робототехника, мехатроника, дрондарды әзірлеуге деген сұраныс зор.
Облыс аумағында орналасқан жалпы білім беретін мектептерде 3 мыңға жуық үйірме жұмыс істейді. Солардың ішінде көркем-эстетикалық бағыттағы 485 үйірме ауылдық жерлерде ашылған.
Қосымша білім беру балаларды оқыту, тәрбиелеу және шығармашылық қабілеттерін дамытумен қатар өзге де әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге, атап айтқанда, жас ұрпақ өкілдерінің бос уақытын тиімді өткізуге, саламатты өмір салтын қалыптастыруға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жыл өткен сайын өңірімізде спорттық нысандардың көбеюі көңіл қуантады. Соның арқасында 30396 бала спорттық секцияларға қатысып, түрлі жарыстарда өңір атын шығарып жүр.
Кейбір жасөспірімдердің тәртібін түзеу мақсатында олардың ата-аналарымен байланыс орнатуға көңіл бөлінген. Мектептен тыс шараларды ұйымдастыру, балаларды спортқа баулу нәтижесінде өңірімізде жасөспірімдердің қылмыс жасау фактілері азайды. Мәселен, 2017 жылы облыс аумағында 73 қылмыс орын алса, биыл бұл көрсеткіш 16-ға дейін төмендеді.
Татьяна ПРОТОПОПОВА,
облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары.