Адам – ұрпағымен бақытты. Саналы, салиқалы бала тәрбиелеп, оны елдің азаматы етіп өсіру әр ата-ана үшін үлкен жауапкершілік, абыройлы міндет. Бұл орайда, Уәлиханов ауданындағы Бидайық ауылында тұратын жапырағы жайқалған мәуелі бәйтеректей Мұхамедияровтар әулетін көпке үлгі етуге болады.
Адамгершілік асыл қасиеттерді бойына жинап, балаларын адалдыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеген отағасы Болат Қазыұлы Құдай қосқан қосағы Мәпруза Өсіпқызымен бір шаңырақ астында қырық жылдан астам уақыт тату-тәтті ғұмыр кешуде. Олар алты ұл тәр-биелеп, ержеткізді. Бүгінде барлығы өмірде өз жолдарын тауып, бір-бір шаңырақ иесі атанып отыр.
Отбасының ұйытқысы, шаңырақтың шаттығы Мәпруза апай – бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған сүйікті жар, ардақты ана, аяулы ұстаз. Балаларын байлығына теңеген ананың аялы алақаны ұлдарына айдынды қоныстай. Ол атқарған ісімен де көптің алғысын арқалаған жан. Елге сіңірген еселі еңбегі еш кеткен жоқ. “Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі” атанып, абырой биігінен көрінді.
Бүгінде өз ортасына сыйлы, ағайын-туысқа қамқор Мұхамедияровтар әулетінің қос бәйтерегінен тараған ұрпақ егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне үлестерін қосуда. Ата-ана үшін бұдан асқан бақыт бар ма? Тұңғыштары Дулат ұстаздық жолды таңдаса, Саян, Ерлан, Аслан атты ұлдары өнер саласында биік белестерді бағындыруда. Біржан сал атындағы Көкшетау өнер колледжінің директоры болып жұмыс істейтін Саян Болатұлы көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты әрі жүлдегері. Ал Еркін шекара қызметінде, Аян ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді.
Ұлдарына өнер әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен дарыған болуы керек. Өйткені, Болат пен Мәпруза Мұхамедияровтар да өнер десе, ішер асын жерге қояды. Бір қызығы олардың немерелері де бұл салаға жақын. Өмірден түйгені мол, көргені көп қос қарияның еліміздің ертеңгі тұтқасы болар жас ұрпаққа айтар ақылы аз емес. Олар немерелерінің де білімі терең, зерек болып өскенін қалайды.
– Жаңа отау құрған ерлі-зайыптылар кез келген қиындыққа шыдап, бір-біріне түсіністік танытуы керек. Отбасында сыйластық орнаса, бақытты ғұмыр кешуге болады. Жұбайым екеуіміз осы күнге сыйластықтың арқасында қол жеткіздік. Құдайға шүкір, біз бақытты ата-ана, сүйікті ата-әжеміз, – дейді Мәпруза Өсіпқызы.
Бала-шағасының ортасында мәнді де сәнді ғұмыр кешіп, бақытты қарттық дәуреннің қызығына кенелген қарияларды көргенде қалайша қуанбасқа?
Үйде береке мен бірлік, татулық пен тыныштық орнатып, халқымыздың асыл құндылығын дәріптеген көнекөз қариялардың мағыналы ғұмыры жас ұрпақ үшін темірқазық іспетті. Көпке үлгі болған Мұхамедияровтар әулеті биыл “Мерейлі отбасы” жалпыұлттық байқауының облыстық кезеңінде бас жүлдеге ие болып, құрмет пен қошеметке бөленді. Бірақ олар үшін ең басты жетістік – ұрпағының амандығы, елдің тыныштығы мен бірлігі.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.