Айнұр әлі бір жасқа толмаған сәбиіне қоспа алу үшін дүкенге бас сұқты. Сөрелерде самсап тұрған, әдемі қорапшалармен қапталған азық-түлік өнімдері көздің жауын алады. Баласының күнделікті тағамына айналған қоспаны тауып, өндіруші кәсіпорынның аты жазылған тұсты оқыды да әлденеден сезіктенгендей орнына қайта қойды. Иә, қазіргі уақытта Айнұр сияқты тағам сапасына алаңдайтындардың қатары аз емес. Оның басты себебі саналатын мысалдар өңірімізде жиі кездеседі. Солардың бірқатарын тізбектеп көрейік.
Өткен жылдың қараша айында Петропавл қаласының тұрғыны Виктория Дробышева облыс орталығындағы сауда үйлерінің бірінен мұздатылған минтай балығын сатып алған. Тұтынушының айтуынша, балықтан құрт шыққан. Ұлттық сараптама орталығы облыстық филиалы мамандарының жүргізген зертханалық сараптамасының қорытындысында құрттың бірнеше түрі бары белгілі болды. Алайда, тұтынушыны әуре-сарсаңға салған кәсіпкердің тарапынан материалдық және моральдық шығын өтелмеді. Өйткені, соттың көмегіне жүгінген жәбірленуші тараптың өтініші қанағаттандырылған жоқ.
Ал биыл қыста бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған петропавлдық Ольга Белякованың басынан өткен оқиға көпшіліктің есінде болар. Қара малдың піскен тілінен шыққан иненің сынығы тұтынушының тіліне қадалған. Денсаулығына зиян келтірген кәсіпкерді сотқа берген келіншек 80655 теңге моральдық шығын өндіріп алды.
Жарамсыз азық-түлік өнімдерін саудалаған кәсіпкерлерді жауапқа тарту мақсатында шағым айтушылардың қатары күн сайын қалыңдап барады. Солардың бірі – Евгения Захарина. Ол маусым айында “ОLХ.kz” сайтында жарияланған азық-түлік өнімдері туралы жарнаманы көзі шалып, телефон арқылы ет пен бауырға тапсырыс береді. Бірақ тұтынушының сатып алған өнімі сапасыз болып шыққан. Бүлінген өнім үшін төлеген ақыны кері қайтарып алу мүмкін болмады. Сатушы Александр Авдеев ақшаны қайтарудан бас тартқан. Қазіргі таңда екі тарап арасында орын алған дауды шешу үшін сотқа дейінгі жұмыстар жүргізілуде. Бұл тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау қауымдастығына түскен шағымдардың бір парасы. Жарамсыз азық-түлік өнімдерін саудалаған кәсіпкерлерге қатысты тұрғындар тарапынан шағым жиі түсетінін қауымдастық төрайымы Надежда Дубовая да жоққа шығармайды.
– Бізге күн сайын ондаған адам хабарласып, сапасыз өнімнен зардап шеккендерін айтады. Бір өкініштісі, кәсіпкерлер ондай тауарды сатудан бас тартпайды. Тұтынушының талап-тілегін емес, қалтасын қалыңдатуды ойлайтын адамдарды жауапқа тартып, сауда орнында тексеру жүргізу үшін алдымен прокуратурадан рұқсат алу керек. Оған біршама уақыт кетеді. Сол аралықта кәсіпкерлер сөредегі сапасыз өнімді жасырып үлгереді. Тұтынушылар құқығының жиі бұзылуының бір себебі осы, – дей келе Надежда Дубовая жұмыс барысында қандай кедергілер кездесетінін айтты. Ол сот отырыстарына жиі қатысатынын, көп жағдайда көрсетілетін қызметтер мен сапасыз азық-түлік өнімдері үшін кәсіпкерлер жауапкершіліктен жалтаратынын жеткізді.
Жалпы, тұтынушылардың құқығын қорғау қауымдастығына өткен жартыжылдықта тұрғындар тарапынан 110 шағым түскен. Соның ішінде қырықтан астамы сотта қаралған. Қазір екі тарап арасындағы туындаған дауды шешу үшін жиырма шағым бойынша сотқа дейінгі жұмыстар жүруде.
Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, азық-түлік, тұрмыстық техника, жиһаз сату, пластикалық терезелерді жасау мен орнату, киім және аяқ киім, туристік қызмет көрсету мәселелеріне қатысты тұтынушылар тарапынан шағым жиі түседі. Сол себепті кейінгі жылдары қауымдастықтың көмегіне жүгінетіндердің саны көбейген.
Тамақ өнімдерінің сапасын кім қадағалайды деген сауалдың төңірегінде ой қозғайтын болсақ, бірден санитарлық қадағалау қызметі еске түседі. Атауы бір емес, бірнеше мәрте өзгерген бүгінгі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары өндіріс барысында және өнімді өткізу сатысында тағам сапасына қатаң бақылау жүргізуі тиіс. Биыл микробиологиялық және санитарлық-гигиеналық, қауіпсіздік көрсеткіштеріне зертханалық сынақтар жүргізу үшін азық-түлік өнімдерінің 514 сынамасы іріктеліп алынған, соның ішінде жетеуі талапқа сай емес болып шығыпты.
– Облыстың сауда желілерінде сатылатын тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өткен жеті айда 150 сауда және тамақтану орнындағы өнімдерге зерттеу жүргізілді. Тамақ өнімдерінің 1791 үлгісі сатып алынып, үш жүзден астамы техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Микробиологиялық, физикалық-химиялық, таңбалау, қауіпсіздік көрсеткіштері, тұтынушыны алдау бойынша заң бұзушылықтар орын алды, – деді аталмыш департаменттің бөлім басшысы Наталья Беляева.
Талапқа сәйкес келмеген тауарлардың 62 пайызы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде өндіріледі екен. Ал қалған сапасыз өнімдердің үлесі отандық өндірушілер мен өзге елдерге тиесілі. Департамент мамандары “Қауіпсіз өнімді таңда” акциясы барысында тұтынушылардың өз еріктерімен 681 азық-түлік сынамасын зерттеуден өткізген.
Жаз мезгілінде Петропавлдағы темір жол, “Океан”, “Дария”, “Коммуналдық базар” маңында көше саудасы қыза түседі. Дәрігерлер осындай ашық жерде саудаланатын тамақ өнімдерін сатып алуда абай болуды ескертеді.
– Мен жақында “Океан” сауда үйінің сыртында ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын саудагердің бірінен тауық етін алдым. Әлгі тауықты бірнеше сағат пісірдім. Кәрі тауықтың еті екен, қатты болды. Піскен соң да жей алмадық, – деген Кәлима Омарова сатушыны жауапкершілікке тарту қажеттігін ескермеген. Бірақ ол сапасыз өнімді жұртқа ұсынған сатушылар мен кәсіпкерлер заң алдында жауап беруі тиіс дейді.
Сапасыз өнімдерін саудалаған кәсіпкерлер мен саудагерлердің жайы бір басқа, осы орайда тұтынушы да алар кезде сақ болғаны маңызды. Өйткені, көше саудасында ешқандай тексерістен, сараптамадан өтпеген, сертификатталмаған, тауар белгісі жоқ азық-түлік өнімдері сатылады. Өкінішке қарай, мұны әр адам ескере бермейді.
– Бізде ветеринарлық инспектор мен зертхана бар. Тұтынушыларға ұсынылатын ет, сүт өнімдерін күн сайын сараптамадан өткіземіз. Ал сүт өндірушілер тауарды тікелей зауыттан әкеледі. Кәсіпкерлермен жасалған келісімшартта көрсетілгендей, тауардың сапасына олар өздері жауапты. Сауда үйінің сыртында сататындармен де ортақ келісім бар. Олар да саудалайтын өнімдерін күн сайын зертханалық сараптамадан өткізуі тиіс, – деді “Океан” сауда үйінің әкімшісі Татьяна Акульшина.
Жасыратыны жоқ, көше бойында сатылатын тауарлардың бағасы дүкендегіден әлдеқайда арзан. Сондықтан мұндай орындарда сатып алушылардың қарасы көп. Сондай тұрақты тұтынушының бірі – Әскер Қалмұқанов.
– Дүкенде сүт өнімдерінің түр-түрі сатылады. Өкінішке қарай, түрлі қоспасы бар сүттің дәмі де, түрі де өзгеше болады. Ал мен немерелерімнің денсаулығын ойлап, табиғи таза өнім тұтынғанды жөн санаймын. Көбінесе қолдан дайындалған айран, май, құрт, ірімшікті сатып аламын. Базарда олардың бағасы қолжетімді, сапасы да жақсы, – дейді зейнеткер. Бірақ белгіленбеген жердегі сауда мен ғаламтор желісінде сатылатын тағам өнімдерінің сапасына ешкім де кепілдік бермейтінін естен шығармаған абзал. Мәселен, жақында полицейлер облыс орталығындағы базарларға рейд жүргізу барысында кейбір ет өнімдерін жеткізушілер малдардың қажетті санитарлық талаптар сақталған арнайы орындарда сойылғанын растайтын анықтамаларды көрсете алмаған. Сонда қазанға түсетін қандай малдың еті? Жеп отырғанымыз өлексе болса қайтеміз? Ойланатын жайт.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.