Солтүстікқазақстандықтар жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласында қалпына келтіру жұмыстарын алғашқылардың бірі болып аяқтады. Сондай-ақ, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда және Түркістан облыстарының секторларында да құрылыс жұмыстары толығымен бітті. Павлодар, Маңғыстау, Ақтөбе және Ақмола облыстары өздеріне бекітілген баспаналардың 99 пайызын қалпына келтірді.
Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Мұстафиннің айтуынша, біздің өңірге Арыстағы 13-ші сектор, яғни “Южный” шағынауданын қалпына келтіру жұмыстары тапсырылған екен. Арыстағы үйлерді қалпына келтіру үшін солтүстік өңір тапсырыс беруші болса, екі бас мердігер – Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан. Арнайы штаб құрылып, оны облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев басқарған. Облыстық құрылыс басқармасының, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттерінің, ветеринария басқармасының қызметшілері қираған қалаға барып, жағдаймен танысқан.
Олар өздеріне тапсырылған секторды карта бойынша бес учаскеге бөліп, қалпына келтіруге дереу кіріскен.
Бастапқыда “Южный” шағынауданындағы 371 үйдің 198-і ақаулық актісіне сәйкес жөнделуі тиіс болған. Бірақ олар қалпына келтіріліп болған соң, жұмыс барысында тағы 20 үйге жөндеу қажет екені анықталыпты. Шағынауданды қалпына келтіруге біздің облыстың, республиканың бюджетінен, сондай-ақ, қайырымдылық қорынан бас-аяғы 300 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл қаржыға үйлердің шатыры мен терезелері ауыстырылып, төбелері мен қасбеттері қалпына келтірілген, қабырғаларындағы жарықшақтар жөнделген.
Біздің облысқа тапсырылған секторда апаттық жағдайдағы үйлер мен жаңа құрылыстар, әлеуметтік нысандар жоқ екен. Құрылыс жұмыстары кезінде баспана иелері туыстарының үйлерін паналаған. Олардың арасында көпбалалы отбасылар мен мүгедектер де болған. Сондықтан жерлестерімізге демалыссыз, таңалагеуімнен қас қарайғанша жұмыс істеуге тура келген. Қайрат Мұстафиннің айтуынша, шілдеде Арыста 50 градусқа дейін ыстық болған, әрі жаңбыр жаумаған. “Мұндайда түрлі эпидемия туындауы ықтимал. Алайда, ветеринарлар мен санитарлық дәрігерлер үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс атқарып, ешқандай аурудың таралуына жол бермегенін атап өту керек. Сонымен қатар Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары мен қызметкерлері әрдайым қасымыздан табылды”, – деді ол.
Қазір шағынаудан қалпына келтірілгенімен, қабылдап алу жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Дегенмен, негізгі жұмыс ауқымын елден бұрын еңсеріп, сенім үдесінен шыға білген жерлестеріміздің мерейлері үстем.
“Көп түкірсе – көл” дегендей, зардап шеккен қалада 7056 жеке және көппәтерлі үй жөнделді. Бүгінде Арыста барлық өңірлерден барған 5 мыңнан астам жұмысшы еңбек етіп жүр. Қазір 698 тұрғын үйде әрлеу жұмыстары жүргізілуде, тағы 41 үйді құрылысшылар жаңадан салды. Меншік иелерінің келіспеуіне байланысты 34 үйде жөндеу жұмыстары жүргізілмей тұр. 2 мыңға жуық құрылысшы әлеуметтік нысандарда жұмыс істейді, олар білім беру мекемелерінің 50 ғимаратын, 4 денсаулық сақтау нысанын және екі спорт мектебін пайдалануға берді. Сондай-ақ, қалада 316 жөнделген коммерциялық нысан жұмыс істеуге кірісті. Қалған үйлердің құрылыс-жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
Роза ШӘКЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.